Мамырлап тірлік жан біткен
Мамыр – қазақ күнтізбесі бойынша жыл он екі айдың үшінші айы, яғни григориан күнтізбесі май айына сәйкес келеді. Айлардың ішінде мамыр ең сұлу, табиғаты тамаша гүлге бөленген көктемнің дер кезі. Бұл ай шаруалар үшін – қадірлі ай. Жауын-шашын көп болып, шөп бой көтереді, жан-жануарлар түлеп, өсімдік гүлдейді. Мамырдың басқа қандай ерекшеліктері барын біздің мақаламызды оқып шыққаннан кейін білесіздер деген үміттеміз.
Мамырды біздің елімізде ғана емес ежелгі Римде де ерекше ай санаған. Аңыз бойынша Зевстің қызының есімі «Май» болған. Грек тілінен аударғанда май (maius) – молшылық, табиғат ана, құнарлылық пен жердің көктемгі жаңаруының анасы мен құдайы дегенді білдіреді екен. Ал, біздің қазекең бұл айды ерекше санап қана қоймай, жырына да арқау еткен:
Жұлдыз аты тағылған,
Айы зауза туады.
Дала көкке малынған,
Гүлге алуан тұнады.
Аққу, құс пен үйрек, қаз,
Бекімеген топшысы.
Балапаның үрпек бас,
Мамыр дейді шақты осы.
Әні, күйі көп үнді,
Ерекше тұр, сыңайы.
Мерекелі, көңілді,
Мамыр – көктемнің соңғы айы.
Көк шығып жерге балауса,
Тояттады мал біткен.
Жан-жануар исініп,
Мамырлап тірлік жан біткен. Сондай-ақ, тілімізде мамырдың бірнеше атауы да бар. Ай аттарына қатысты шыққан еңбектерде мамыр айының шаруалар тілінде сәуір, аңшылар тілінде құралай айы деп айтылғаны көрсетілсе, келесі бір деректерде «көлге қонған қаз бен үйректің бабына келіп, семіріп, балапанданып, мамырлап қалуына байланысты» бұл ай мамыр деп аталды делінеді.
Мамыр айында жер бетінде ғана емес, аспан әлемінде де өзгерістер болады. Мәселен, мамыр айының орта шенінде Таразы, Үркер, Сүмбілелер жатып қалады. Осы кезде күн бататын жақта самаладай төрт жұлдыз – Босаға жұлдызы жарқырап тұрады. Үркер мамырдың онында батып, сол батар алдында жаңа туған аймен тоғысады. Бұны есепшілер бір тоғыстың айы деп атап, оны жылдың басы етіп белгілеген.
Ал, табиғат амалдарын айтар болсақ, мамыр айының алғашқы он күндігінде дала құстары балапанын шығара бастайды. Халық тілінде «қызыл жұмыртқа» деп аталатын осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады. Келесі бір табиғат құбылысы «құралайдың салқыны» деп аталады. Бұл уақытта, яғни, айдың аяғына қарай суық жел соғып, салқын болады. Өйткені, осы желге қарсы киік өз құралайларын аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады. Құралай салқыны – григориан күнтізбесі бойынша 15-18 мамырда кіріп, 25-28-інде яғни он күнде аяқталатын амал. Бұл он күнде киік лағын өргізіп, жаңбырға сауырын тосып, тазарады.
Енді мамырға қатысты аңыз-әпсаналардың бірін айтып өтейік. «Құралайда Шуан жайылып өліпті» деген аңыз бар екен. Аңызға сенсек, «Ертеде бөкейлікте өмір сүрген Шуан деген бай осы құралай салқыны кезінде малын бағып жүріп, боранға ұшып өліпті, ыстықтағандай сезініп, үстіндегі киімін бір-бірлеп шешіп тастай беретін көрінеді». Шуан байды да солай шашылған киімінің ізімен тапса керек. Ол жақтағы Шуанша жайылған деген мәтел содан қалған екен».
Жалпы мамыр жайлы айтылар әлі талай әңгіме, дерек бар. Бәрін айтып тауыса да алмайтын шығармыз. Бүгінгі мақаламызда айтылған деректер санаңыздағы ақпаратты жаңартып, керегіңізге жарайды деген үміттеміз. Сіздерге айтармыз мамырдың жайма-шуақ күніндей жадырап-жайнап жүре беріңіздер, отбасыларыңызға бақ-береке орнасын!
Дайындаған:
Рамазан Бектұрғанұлы
Рамазан Бектұрғанұлы