Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰРЫМЫҢ ҚАЙДА, БОЙЖЕТКЕН?

БҰРЫМЫҢ ҚАЙДА, БОЙЖЕТКЕН?

Қазақ қызы десе көз алдымызға қос бұрымы өрілген, қазақы нақышта киінген, қылығы мен келбеті жарасым тапқан қыз елестейді. Себебі бұрынғылар қыздың бұрымына қатты мән берген. Яғни, ауыл адамдары шашты қасиетті санап, оған айрықша мән берген, түрлі ырым-тиымдар ­жасап, қыздың бұрымына қайшы тигізбеген. Ал қазір ше? Қазіргі заманда бұрымды бойжеткенді табу қиын. Бүгінгілер шаштарын белдеріне дейін өсірмек түгілі, бұрымдарының қадір-қасиетіне жете алмай жүр.
Ілгерідегілер қыздың бұрымды болғанына айрықша мән берген. Қос бұрымды киелі санағандары соншалықты, шаш кесуді жаман ырымға санаған. Себебі олар тізеден төмен түсетін шашты кесу – жамандық атаулыны шақыру деп түсінген. Тіпті Тәуке ханның «Жеті жарғысында» ең ауыр жазалардың бірі – өлім жазасы болса, екіншісі – қыздың бұрымын кесу болып саналған. Яғни, бұрынырақта нәпсісін тыя алмай, күйеуінің көзіне шөп салған әйелдердің ғана бұрымын кесіп жазалайтын болған. Демек, арлы, әдепті бойжеткеннің бұрымы ешқашан кесілмеген. Иә, бұдан бөлек қыз бұрымы жайлы көптеген ырым-тиымдарды да берік сақтаған. Мәселен, қыз өз шашын ер азаматтардың көзінше тарқатпаған. Бұрымының бір талын жерге түсірмеген, адам аяғы баспайтын жерде ғана тараған. Өйткені «Түскен шашты құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығады» деп түсінген. Ал Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романында тарақтан түскен шашты отқа жағуға болмайтыны жайлы айтылған. Бұдан бөлек «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген тәмсілмен қыз баласына бір емес қос бұрым салған. Бұл – қыз баласының қосағымен қоса ағаруын тілеп һәм бұрымдылардың жат жұрттық екендіктерін көрсеткен. Қазақ дәстүрінде қыз баласының бұрымы жайлы көптеген ырым-тиымдар, наным сенімдер, түсініктер көп болған. Бұл тек мысалдардың бір бөлігі ғана. Мұның арғы жағында бұрымды бойжеткендерге айрықша мән берілгендігі жатыр. Бұрынырақта қыздар шашын тек екі жағдайда ғана қиып, не жаятын болған. Бірі күйеуі өлгенде, екіншісі түрлі жұқпалы аурумен ауырғанда ғана. Бұдан өзге жағдайда қыздың шашын ешқашан кестірмеген. Егер бұрымын шорт кессе, оған өте ауыр жаза тағайындайтын болған. Міне, осындай ырым-тиымдар мен қатаң заңның, тәртіптің, салт-дәстүрдің берік сақталуынан қыз бұрымы бағалы һәм қымбат қазына саналған.
Ал қазір ше? Қазір бұрымның да, бойжеткеннің де қадір-қасиеті жоғалып кеткендей. Олай деуімізге себеп көп. Әрине, бұл – бүгінгі қыздардың бәрі бірдей немесе бұрымдары қысқа деген сөз емес. Тек шашқа қатысты түсініктің төмендеп кеткендігі қынжылтады бізді. Бұрым – бағалы қазына, бұрынғылардан келіп жеткен қасиетті әрі киелі сарқыншақ. Сұлулықты бұрымға сыйдырып, «қыздың көркі – бұрымы» деп айтқан халқымыздың аталы сөзінің өзі қыз бұрымының өте киелі екендігін көрсетеді. Әттең... Бұл сөзді бүгінгі заманның қыздары түсінбейді-ау. Тренд пен бренд қуалаған қыздарға оның қаншалықты қымбат қазына екендігін ұқтыру да қиын. Себебі олар «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ұстанымды берік ұстанады. Көненің сөзін көзге ілмейді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Десек те, шындыққа тура қарайтын болсақ, қос бұрымның қадір-қасиеті жоғалғанын анық байқаймыз. Оны етегі қысқа, шашы келте қыздардың бейнесінен-ақ анық аңғарамыз. Көрінген жерге бұрымын тарап, уыс-уыс шашты жерге тастай салатындардың да талайын көріп жүрміз емес пе? Хош. Шаштың қысқалығын да, қайтіп таралуын да қоя беріңіз. Оны атап айтпағанда сіз бен біз қыздар қос бұрымын өрмек түгілі, шаштарын қызылды-жасылды түске бояп, сән қуалап жүргендерді көріп жүрміз. Бұл заманнан ба, әлде адамнан ба? Бұған кім кінәлі? Әлде қызды қырық үйден тиып, бұрымының қысқармауын қадағалап отыратын әже, шашының бір талын түсірмей, бөтеннің көзінше таратпайтын аналар жоқ па? Мүмкін бізге де қыз бұрымына қатысты бұрынғылардың ұстанған заңы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» керек шығар? Әрине, оған көндіге қоятындар болса... Бүйте берсек, өз құндылығымызды жоғалтып алмаймыз ба? Бәлкім, қос бұрымның құндылық екенін әркім өзінен ­бастап түсінсе, оның бір талын да қимай дәстүр-салтымызды берік сақтаса, бұрымды бойжеткендеріміз көбейіп, құндылығымыз артып, көпке үлгі болатын шығармыз? Кім біледі? Қайткенмен, қыздың болашағына алаңдайтын, әр қадамын бағамдайтын «қазақ» деген текті ел емеспіз бе?

Сымбат СҰЛТАН
13 наурыз 2023 ж. 594 0