Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шашы ұзын қыз, қандай сұлусыз...

Шашы ұзын қыз, қандай сұлусыз...

«Қыздың көркі – шаш, шаштың көркі – шолпы» демекші, дана халқымыз шашты сұлулық пен мәдениеттілік белгісі ғана емес, әйелдер қауымына берілген Алланың сыйы деп ерекше қарап, құрметтеген.
Дана халқымыз лиро-эпостық жырларда «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деп бұрымды арулардың шашының ұзындығын айтып, жырға қосқан. Одан қалса, данагөй ата-бабаларымыз «шаштың киесі бар» деп қыз-келіншектерді шашының бір талын да кез келген жерге тастатпаған.
Бұрымды қыз айдарының алғашқы кейіпкері – Гүлжайна Әбжалиева. Бүгінде ол қара шаңырақ саналатын Қорқыт ата университетінің магистранты және №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі. Сондай-ақ, екі баланың анасы. Кішкентайынан үлкендердің өсиетін бойына сіңіріп өскен арудың ұзын, қолаң шашты болуы ата-анасының тәрбиелеп өсіруінен, яғни қыз балаға жарасатын ұзын шашты кестірмеген. Себебі, қазақ бұрымды – сұлулық символына санаса, сонымен бірге тәрбие құралы деп те таныған.
– Шашымды ес білгелі өсіріп келемін. Бірақ, студент кезімде бір рет кестіргенім бар. Одан кейін қайтадан өсірудемін. Жолдасым әйел затының шашы қысқа болғанын ұнатпайды, содан тұрмыс құрғалы қидырғаным жоқ. Ал, күтіміне келер болсақ, ерекше күтім жоқ. Бастысы таза ұстау, ешкімге зияны тиместей етіп өріп қою. Негізі шашымның қалыңдығы, талшықтарының ірі болуы анама ұқсаған. Ол кісі де бұрын бұрымдылардың қатарында болған.
Шаш өсіру, оны бұрымдап өру қыз баласына жарасымды табиғи сән үлгісі. Сонымен қатар, қыз қылығына ұяңдық, сұлулық қосады. Алайда, бүгінгі көп қыздар шаш өсіргеннен гөрі қиюға асығады. Әсіресе, ауылдан қалаға оқуға аттанған көп қыздың бірінші тірлігі осы шаш қию болатыны өкінішті.
Бұрымды қызды насихаттаудағы мақсатымыз – ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық дүние танымымен қалыптасқан ырымдар мен тиымдардың астарын, оның ішінде, Жаратушы қылықты қыздарымызға сыйға берген қасиетті шаштың да киесі барын жете түсініп, шолпы сылдыры мен күлкі сыңғыры, бұрымы мен қылығы жарасып, өшкенімізді жандырып, жоғымызды толықтырса деген тілек қана.

Ақбота Баянбай
10 қыркүйек 2021 ж. 1 850 0