ӘЙЕЛ КҮННІҢ ШУАҒЫНАН ЖАРАЛҒАН
Дүйсенбі күні аудан әкімінің ұйымдастыруымен «Заман» мейрамханасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әйел күннің шуағынан жаратылған» атты мерекелік шара өтті.
Айтулы кеште жарық дүниенің қасқалдағына айналған ауданның ақ жаулықты аналары, аяулы арулары мен ардақты ардагерлері бас қосты. Шара барысында мереке қонақтары халқымыздың салт-дәстүрлеріне қанығып, қонақжайлығымыздың озық үлгісінің куәгері болды. Келген қонақтарды ұлттық киім киген қазақтың келіндері иіліп сәлем салып, күтіп алды. Нәзік жандыларға арналған әуезді әнмен басталған мерекелік кеште әйелдер қауымына гүлдестелер таратылып, асыл әжелерге жаулықтарының киесі кетпесін деген ниетте ақ жаулықтар жабылды.
Айтулы кеште жарық дүниенің қасқалдағына айналған ауданның ақ жаулықты аналары, аяулы арулары мен ардақты ардагерлері бас қосты. Шара барысында мереке қонақтары халқымыздың салт-дәстүрлеріне қанығып, қонақжайлығымыздың озық үлгісінің куәгері болды. Келген қонақтарды ұлттық киім киген қазақтың келіндері иіліп сәлем салып, күтіп алды. Нәзік жандыларға арналған әуезді әнмен басталған мерекелік кеште әйелдер қауымына гүлдестелер таратылып, асыл әжелерге жаулықтарының киесі кетпесін деген ниетте ақ жаулықтар жабылды.
Аудан әкімі Нұржан Ахатов мерекелік шараның алғы сөзін бастап, кеш қонақтарын гүл көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, әйелдер қауымының елеулі істері мен қайталанбас қайсарлықтарына тоқталып өтті.
– Әйелдер қауымы қай кезеңде, қай дәуірде болмасын тарих беттерінде өз есімдерін алтын әріптермен қалдыра білді. Атап айтар болсақ, ауданымызға танымал ардақты аналарымыз Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Зәкира Ержанова, Айша Меңлібаева сынды апаларымыздың еңбегі мен отаншылдық қасиеттері елдің жадында сақтаулы.
Ал қазіргі қазақ әйелі қабілеті мен қарымына қарай көшбасшы бола алатынын да дәлелдеді. Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 40 проценттен асты. «Әйел – кәсіпкер», «Әйел – саясаткер», «Әйел – қайраткер» деген ұғымдар өмірімізге енді. Бір ғана мысал, аудандық бөлімдердің екеуін әйел кісілер басқарып отыр, – деді ол.
Н.Сәбитұлының айтуынша, соңғы жылдары аудандағы көпбалалы аналардың да есебі артқан. Бұдан бөлек «Аудандық әйелдер кеңесі», «Шиелі аудандық әйелдер бірлестігі» және әрбір ауылдық округтегі «Әйелдер кеңесінің» аудан әйелдерінің басын қосып, келелі кеңесте ізгі шаралардың ұйытқысы болып отырғанын айтпай кетуге болмас. Осының барлығы әйелдер қауымының нәзік бейнесінен бөлек, өздеріне ғана тән жасампаз болмысын көрсетеді.
Бұдан кейін кеш қонақтарына аудан әкімі атынан сый-сияпаттар ұсынылды. Сонымен қатар ауданның бірқатар белгілі азаматтары мен ардагерлері мереке иелеріне жылы лебізін арнап, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Мерекелік шара салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың көркем көріністеріне толы болды. Атап айтсақ, қазақтың келіндері қонақтарға самаурыннан шай ұсынып, еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі сәлем салу үлгісін көрсетсе, үлкен буын өкілдері өз кезегінде келіндердің басына орамал жауып, оларға ақ батасын берді. Сондай-ақ «орамал тастау», «ат тергеу» сияқты қазақ ойындары ойнатылып, ұлттық нақыштағы киім үлгілерінің шеруі көрсетілді. Әжелерден құралған ансамбль халық әндерін нақышына келтіріп орындаса, «Шиелі серілері» де өз кезегінде дәстүрлі аспаптардың сүйемелдеуімен әннен шашу шашты.
Жиын барысында шежірелі Шиелінің топырағында туып, осында өсіп-өнген, еліне еңбегі сіңіп, бүгінде түрлі саланың майталманы болып жүрген нәзік жандармен таныстыру мақсатында олардың өнегелі өмірі мен қызмет жолына қатысты бейнероликтер көрсетілді. Оған сәйкес экранда ауданның ер-азаматтарының мерекелік құттықтау лебіздеріне кезек берілді.
Иә, сонау заманнан тарихтың талай қиындығын еңсеріп, ел басына күн туған қиын-қыстау шақтарда ерлерінің сенімді серігіне айналып, жанына жалау, арына алау бола білген, отбасының берекесін кіргізіп, шаңырағын шырқау биікке көтеріп отырған, ұлт пен ұрпақ тәрбиесінде ойып тұрып алатын орны бар асыл жандарға айтылған тілектің ешқайсысы да артық емес. Нәзік жандарға арналған атал,ан шара да «Әлемнің мәні әйелде, әйелдер мәңгі жасасын» деген нотада жалғасын тапты.
Таслима ӘЛІШЕР