Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІКТІ ҰСТАЗ, БАҚЫТТЫ ЖАН

БІЛІКТІ ҰСТАЗ, БАҚЫТТЫ ЖАН

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай айтқандай, ерінбей, жалықпай, сол еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген мұғалім ғана нағыз ұстаз бола алады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нәзікай Дәрібаева соның дәлелі.
Ол 1953 жылдың 3 наурызында Шиелі ауданында дүние дидарына келген. Бала күнінен білімге құштар болған жан 1961 жылы 1-сыныпқа қабылданып, 1971 жылы мектепті тәмамдайды. Алтын ұя мектебін үздік аяқтаған соң ол бұрынғы «Гоголь» атындағы педагогикалық институты, қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «физика-математика» факультетіне оқуға түседі. 1975 жылы аталған институтті аяқтаған соң, 22 жасында ең алғашқы ұстаздық жолын №158 Төңкеріс ауылындағы орта мектепте бастаған. Сол кезден бастап кейіпкеріміз бар күш-жігерін білім саласына жұмсап, шәкірттері үшін аянбай еңбек етті. Өз өмірін бала біліміне арнап, өзі жұмыс істеген мектептен қаншама шәкіртті түлеп ұшырды. Математика саласының үздігі атанып, 40 жылға жуық уақытын ұстаздық жолға арнады, бар күш-жігерін сарп етті. Еткен ерен еңбегінің арқасында Н.Дәрібаева көпке үлгі, талай шәкірттің сүйікті ұстазына айналды. Мұғалім дейтін мәртебелі мамандықтың шыңына шыққан ол 2011 жылы зейнетке шықты.
Дүние мың құбылса да, адамзат тірі тұрғанда маңызын жоймайтын мамандықтың ұлысы – ұстаздық қызмет. Сол ұлы мамандықты жас ұрпақтың бойына сіңірген Н.Дәрібаева шәкіртттерін шыңға шығарып, олардың биік-белестерді бағындыруына атсалысып қана қоймай, өзі де ұдайы дамып отырған. Үнемі білімін жетілдіріп, ілім ізденуден жалықпаған жан мақтау мен мадақтауға, үлгі болуға да лайықты. Ол жайлы тіпті не айтсақ та аздық етеді. Ылғи дамып, өсіп отыруды міндет деп санайтын кейіпкеріміздің жеткен жетістіктері де аз емес. Нәзікай Дәрібаева ұстаздық еткен саналы ғұмырында талай байқауда үздіктердің қатарында болып, майталман маман атанған. Есеп-қисапқа жүйрік болған ол математика саласын жетік меңгеріп, өзі тұрған ауылының ғана емес, ауданның мақтанышына айналған. Соның нәтижесінде қаншама алғыс хаттар мен марапат, медальдарды қанжығасына байлады. Иә, ол ұстаздық еткен жылдар аралығында түрлі аудандық, облыстық, Республикалық байқаулардың жеңімпазы болып, мектептің мәртебесін асқақтатты. Оның жеткен жетістіктерімен бүгінде шәкірттері мен ұл-қыздары мақтанады.
Нәзікай Дәрібаева тек мектебінің мақтанышы ғана емес, шаңырағының ұйытқысы, асыл жарының сүйіктісі, ұл-қыздарының аяулы анасы, 13 немеренің панасы болып отырған ардақты әже. Ғибаратты ғұмыр иесі екі ұл мен екі қызды тәрбиелеген ана. Оның қос қызғалдағы аналарының жолын қуып, бүгінде ұстаздық жолда қызмет етуде. Үлкен қызы Гүлвира қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса, екінші қызы Жазира тарих пәнінен сабақ береді. Ал ұлдары Нұржан мен Бауыржан елдің сүйіктісіне айналған нағыз азаматтар. Бірі жүргізуші болып жұмыс істесе, енді бірі Қызылорда қаласындағы су шаруашылығында абыройлы қызмет етуде. Ата-ананың тәлім-тәрбиесін, өнегесін алған ұл мен қыз жаман болсын ба? Нәзікай анамыздың да ұл-қыздары бүгінде аналары секілді өте еңбекқор, өзі істерінің майталмандары.
Қазақта «Досыңды көрсет, сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз бар емес пе? Осы тәмсілді негізге алып, біз де Нәзікай апайымызды толығырақ танып білу үшін құрбыларының бірі, талай жыл сырлас дос болған әріптесі, Гүлжауһар Алтынбекқызын әңгімеге тарттық. Ол құрбысы жайлы былай дейді:
– Өзім 1977 жылы Қызылорда педагокикалық инситутының филология факультетін бітіріп, Төңкеріс ауылына орыс тілі пәнінінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Сол мектепте жүріп мен Нәзікай Дәрібаева, Бейсенкүл Қасиетова, Мейрамкүл Қойшыбаева, Назира Әлсейтова сынды білікті ұстаздармен ­таныстым. Міне, содан бері біз жақын құрбы болдық. Әлі күнге дейін біз бір-бірімізе өте жақынбыз, бір үйдің қыздары секілді ­сырласпыз. Ал Нәзігай жайлы айтар болсам, ол жайлы том-том кітап жазуға болады. Мен одан талай нәрсені үйрендім. Себебі ол мен үшін жақын құрбы ғана емес, жанашыр жан, бар білгенін үйретуден жалықпаған білікті маман бола білді. Нәзікайдың маған үйреткен ақылының, парасаттылығының арқасында мен 1996 жылы Қазақстан Республикасының «Білім үздігі» атағын алдым. Ол біз үшін әрқашан құрметті, қадірлі. Біздің дос болғанымызға 46 жыл болды. Ол өте білімді, жан баласына зияны тимейтін, кішкентай дүниенің өзіне қуана білетін, жүрегі таза, жаны жомарт, әрбір жанға жақсылық ойлай білетін жан. Онымнен талай жыл әріптес болсақ та, қабағын шытып, тәкәппарланып жүргенін көрген емеспіз. Ол жайдарлы мінезді, басқалардан ерекшеленіп тұратын, сабырлы, салмақты жан. 40 жылға жуық уақыттын шәкірттерінің болашағы үшін сарп етіп, олардың білімі үшін өмірін арнаған жанға қандай мақтау айтсақ та жарасады. Мен онымен әркез мақтанамын, – дейді ұлағатты ұстаздың құрбысы Гүлжауһар Алтынбекқызы.
Иә, ұстаздар қашан да құрметке ие. Мағжан Жұмабаев ұстазға деген құрметті «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп баға берген. Себебі ұстазды құрметтеу – білімді құрметтеу.

Сымбат СҰЛТАН
06 наурыз 2023 ж. 404 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930