ТӘЛІМІ ЕРЕК, ТҰЛҒАСЫ БӨЛЕК БАТИХАН
Ғұмыр жолы тәлімге толы, шексіз, шетсіз биік шыңды бағындыратын ұстаз мәртебесі қашанда ұлы. Білім саласына бар күш-жігерін арнап, бар ілімін шәкіртінің санасына құятын, қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұлағатты жол. Білімі мен біліктілігінің арқасында сан шәкірттің санасында үлгі бола білген Батихан Қалтаева өз ісінің майталманы.
1940 жылы 1 наурызда дүние-жарыққа келген кейіпкеріміз Төңкеріс ауылының тумасы. 1954 жылы аталған елді мекендегі жеті жылдық мектепті тәмамдаған соң, аудан орталығындағы қара шаңырақ «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы №45 қазақ орта мектебінде білім нәрін алады. Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені, кейін Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «қазақ тілі, әдебиет» факультетін аяқтайды. Ең алғашқы еңбек жолын 1960 жылы №47 М.В.Ломоносов атындағы мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1969-1974 жылдары №152 Жөлек орта мектебінде, 1974-1995 жылдары №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектепте ұстаздық етеді. Тәлім-тәрбиесі түзу, жауапкершілігі мол мұғалімнің еткен еңбегі ұдайы ескеріліп, сол мектептен бейнеттің зейнетін көріп, еңбек демалысына шығады.

Батихан Қалтаева ұстаз бола жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ауданның қоғамдық-әлеуметтік дамуына өзінің сүбелі үлесін қосты. Мәселен, 1990-1992 жылдары аудандық Кеңестің депутаты болып, ел сенімен арқалай білді.
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң – биіктей береді, үңіле қарасаң – тереңдей түседі, қол созсаң – қарсы алдыңда, айналсаң – артыңда тұрғандай» деп айтқан сөз шебері Сократтың сөзін естігенде, еріксіз ойыңа өнегемен өрнектелген өмірі көпке үлгі болған, халқына адал қызмет етіп, шарапат нұрын шашқан ұлағатты ұстаз Батихан Қалтаева оралады. Ардагер ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі әсте ескерусіз қалмаған-ды. Тиісінше мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Оған сол кездегі аудан әкімі Н.Нәлібаевтың өз қолымен ауданның 80 жылдық, облыстың 70 жылдық мерейтойы медальдарын табыс еткені дәлел. Сондай-ақ Батихан ұстаз бірнеше аудандық, облыстық білім беру бөлімінің грамоталарымен марапатталып, «Шиеліге 90 жыл», «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» төсбелгілерін кеудесіне тақты.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде» деп тектен-текке айтпаса керек.Себебі ұстаздық дейтін ұлы жолды таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиеттері болғаны ләзім. Өз шәкірттеріне сүйіспеншілікпен қарай алмаған мұғалімнен жақсы маман шықпасы анық. Ал Батихан Қалтаева сан мыңдаған шәкірттер мен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен еселеп тапқан ұлағатты ұстаз. Бүгінде білім кілтін ұстатқан шәкірттері еліміздің сан салалы шаруашылықтарында өнімді еңбек етуде.
83 жасқа табан тірегін Батихан апаның бетіндегі тарам-тарам әжімдері бейне бір білім саласындағы соқпақ жолдарды суреттеп тұрғандай көрінеді. Қос жанары бірде шәкірттерінің биікке ұмтылғанына шүкір етіп, қуанса, ендігіде арман-мақсаттары тұралап қалған жастарға қарап қаймығады. Өз кезегінде ардагер-ұстаз «Тәуелсіз елімізде тек тыныш заман болсын, халқымыз аман болсын. Болашақ жастарымыз, келешек ұрпағымыз бейбіт өмірде әркез жаңашылдыққа, білімге ұмтыла бергей» деп ағынан жарылып, батасын беріп, алғаусыз алғысын айтты.
Батихан ұстаз өңірдегі білім беру саласындағы 45 жылдық еңбек жолында көптеген оң өзгерістердің басты себепкері, тікелей бастамашысы бола білді. Ғұмыры ғибратқа толы мұғалімнің мерейі қашанда үстем. Оның осы уақытқа дейінгі орасан әрі нәтижелі еңбегі – өскелең ұрпаққа үлгі. Есімі мен еңбегі егіз ұғымға айналған ағарту саласының ардагеріне қарап бой түзеген жастардың келешегі кемел болары анық.
«Дүниеде көп адамды бақытқа кенелткен адам – бақытты» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек-ті. Өйткені қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып, қаншама жас мұғалімге үлгі болып, түзу жолды сілтей білген Батихан ұстаз шынымен де бақытты. Жолдасы Тұтқабай Аңламасов екеуі тәрбиелеп, өсірген 4 ұлы мен қызы, олардан тараған немерелері сол бақытты бүгінде тағы да еселей түскендей.
Сұлушаш МАДИЯРОВА