ЖАРЫЛЫСТАР ЖАҺАНҒА ЖАТ
Халқымыздың қазынасын бәрін ап,
Айтшы ұлтым енді немен жарымақ?
Полигон боп, Абай Мұхтар жүрген жер,
Атом неге тек Семейде жарылад(ы)?
Иә, бұл марқұм Шынболат Ділдәбаевтың жүректі елжіретіп жіберетін жыр жолдары. Бұл толғау бізге де таныс. Себебі тарихта семей қасіреті – тасқа қашалған таңбадай ғасырлар бойы ұмытылмайтын ұлтымыздың ең шерлі шежіресі болып қалды.
Айтшы ұлтым енді немен жарымақ?
Полигон боп, Абай Мұхтар жүрген жер,
Атом неге тек Семейде жарылад(ы)?
Иә, бұл марқұм Шынболат Ділдәбаевтың жүректі елжіретіп жіберетін жыр жолдары. Бұл толғау бізге де таныс. Себебі тарихта семей қасіреті – тасқа қашалған таңбадай ғасырлар бойы ұмытылмайтын ұлтымыздың ең шерлі шежіресі болып қалды.
Мен 1969-1971 жылдар аралығында Семей ядролық сынақ полигоны аймағындағы Курчатов қаласынан 200 шақырым жерде әскери борышымды өтедім. Семей ядролық сынақ полигонының зардабын айтудың өзі ауыр. Семей полигонының сынағына тікелей қатыссам да, сол кездегі оқиғалар менің әлі көз алдымда. Біз вагон палаткаларында тұрып «штолная» құрылысымен айналысып жүргенбіз. Сондай күндердің бірінде командиріміз орысшалап, «Сегодня работать не будете, в 10 часов будеть испытание сверхмошного оружия» деді. Абдырап қалдық. Ешқайда шықпай, өз шатырымызда күтіп отырдық. Сағат тілі 10:00 соққанда жер сілкіне бастады. Ал біз жарылыс болған жерде 30 шақырым қашықта едік. Бас командирдің бұйрығымен сарбаздардың ешбірі жұмысқа шыққан жоқпыз. Соның өзінде жарылыстың қаттылығы бізге де сезілді. Ядролық сынақты адамдар былай тұрсын, тышқанға, тіпті итке де жасаған болып шықты. Оны жануарлардың терісінің түсіп, жарақат алғандықтарынан анық аңғардық. Жарылыстың қаттылығы, ауырлығы соншалық, қара жерге тіпті арам шөптің өзі шықпайтын. Сондықтан да бұл ауыр сынаққа біздің өкпеміз қара қазандай. Сол кездегі қасіретті бүгінде ауыр күрсініп қана айтамыз.
Оның залалын қаншама халық тартты. Сол алғашқы жарылыстан 400-ге жуық адам радиацияны қабылдаса, аса қуатты термоядролық сутегі бомбаларынан 2 миллионнан аса қарапайым халық жапа шекті. Соның салдарынан қаншама адам ауыр дертке шалдықты, қаншамасы «Рахит» аурымен ауырды. Айықпас дертке шалдығып, түрлі онкологиялық дерпен ауырғандардың саны артты. Әрине, мұның барлығы шын мәнінде айтылғанымен құпия болып қалды. Ауыр тиетіні де сол. Иә, сол жарылыстан қаншама адам зардап шекті, қанша тұрғын жазықсыз өлді. Өздеріңіз білетіндей, 40 жыл ішінде Семей полигонында 467 жарылыс болды. Осыдан кейін оның зияндылығын бағамдай беріңіз. Сол сынақтардың адамның денсаулығына зияндығы соншама 1945 жылы тамыз айының 6 мен 9-шы жұлдызында Херосима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан 2,5 мың есе артық екенін ғалымдар дәлелдеген. Сол сынақ болған кезде Шиелі ауданынан 132 сарбаз полигонда әскерде қызмет атқардық. Өкінішке қарай қазір сол сарбаздардың алтыдан бірі ғана аманбыз. Бәлкім содан болар, біз келешекке алаңдаймыз, қауіптенеміз. Қазірдің өзінде уайымсыз ас ішіп, «Невада-Семей» антиядролық халықаралық қозғалысының белсенді мүшесі болып, ақын Олжас Сүлейменовпен мүдделес боламын, қоғам қайраткері атанамын деп ойлаған да, армандаған да жоқ едім. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, елімізде тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында дауылпаз ақын Олжас ағамыз құрған «Невада-Семей» қозғалысына мүше болдым. Оны қолдап, оған атсалысуға бел будым. Кеңес үкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған шақта Семей атом полигонының сынағын тоқтатуға зор ықпал жасап, барынша атсалысты. Алматыда 1989 жылы 28 ақпанда көпшілік жиналған бейбіт шеру өтті. Сол тұста Олжас Сүлейменов теледидар арқылы ел тілегін жеткізе білді. Ол Семей халқының тарапынан қолдау тапты. Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО үкіметі ядролық қаруды сынауға тиым салу, мараторий жасау туралы шешім қабылдады. Содан кейін «Семей ядролық» сынақ полигоны біржола жабылды.
Мэлс ТОҚТЫБАЕВ,
Семей қалаасындағы ядролық сынаққа қатысушы, зейнеткер
Семей қалаасындағы ядролық сынаққа қатысушы, зейнеткер