Қасірет қайталанбайды
Әлемде ашық түрде жарияланбай, құпия жүргізілген, тірі адамның жаны түршігерлік алапат соғыс қазақ жерінде ғана өтті. Ол – Семей ядролық сынақ майданы! Бұл майданның тактикасы мен стратегиясын әскери шенділер емес, ғалымдар тобы жасады. Кеңес үкіметі қалың қазақтың ортасына 456 бомба жарып, 1 миллионнан астам адамды құрбандыққа шалды! Қасірет сепкен полигон сол кездегі Президент Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 28 тамыздағы Жарлығына сәйкес келесі күні жабылды.
Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 31 жыл. Жарылыстан зардап шеккен аумақ 18 мыңнан астам шаршы шақырымды қамтыды. Алғашқы атом бомбасы (дұрысы заряд) сыналған уақыт – 1949 жылдың 29 тамызы, тура сағат таңғы 7:00. Әскерилер естелігіне сүйенсек, заряд 30 метр биіктікте, бетон бақан үстінде жарылған. Көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге қадалып, сосын аспанға көтерілген. Отты шар көз жетер жердің топырағын ыстық күлге айналдырып жіберген. Сынақ алаңына байлап қойған жылқы, қойдың есі кетіп, жүні, терісі жидіп түсіп қалған деседі. О, тоба! Байлаулы тұрған иттердің қорыққаны сонша, жүректері жарылып өлген. Аң-құстар жантәсілім алдында жанталасып жатыпты. Жарылыстан жанды мақұлықтар түгілі қара жер тітіркенді.
Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 31 жыл. Жарылыстан зардап шеккен аумақ 18 мыңнан астам шаршы шақырымды қамтыды. Алғашқы атом бомбасы (дұрысы заряд) сыналған уақыт – 1949 жылдың 29 тамызы, тура сағат таңғы 7:00. Әскерилер естелігіне сүйенсек, заряд 30 метр биіктікте, бетон бақан үстінде жарылған. Көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге қадалып, сосын аспанға көтерілген. Отты шар көз жетер жердің топырағын ыстық күлге айналдырып жіберген. Сынақ алаңына байлап қойған жылқы, қойдың есі кетіп, жүні, терісі жидіп түсіп қалған деседі. О, тоба! Байлаулы тұрған иттердің қорыққаны сонша, жүректері жарылып өлген. Аң-құстар жантәсілім алдында жанталасып жатыпты. Жарылыстан жанды мақұлықтар түгілі қара жер тітіркенді.
Жарылыстар жер үстінде және ауада өткен бірінші кезеңде (1949-1962 жылдары) ауа мен топырақ ластанды. Екінші кезеңде (1963-1989 жылдары) жарылыстар жер астына ауысты. Бұл кездегі экологиялық апат – сулар құтты бір жер жарықшағына саулап ағып, жоғалып кеткендей болды. Арналы өзендер Шаған, Маралды, Мұқыр тағы басқасы мен қыр құдықтары кеуіп қалды. Елдің, тұрғындардың тағдыры көкпарға салынды.
– Мен Семей ядролық сынақ полигоны аймағындағы Курчатов қаласында әскерде болдым. Бәрін көзбен көрдім, көре алмағанымды айналадан естідім. Бүгінде сол сынаққа, одан туындаған зардаптарға қарсы қоғамдық бірлестікті басқарып жүрмін. 1949 жылдың 29 тамызынан 1989 жылдың 19 қазанына дейін Семей ядролық сынақ полигонында құпиялы алаңдарда 456 атом бомбалары, оның ішінде сутегі, термоядролық бомбалары сынақтан өткізілді. 40 жыл бойы жарылыс сынақ өткізу, әрине, аз уақыт емес. Кеңес үкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған шақта Семей атом полигонының сынағын тоқтатуға белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов зор ықпал жасап, барынша атсалысты. Алматыда 1989 жылы 28 ақпанда көпшілік жиналған бейбіт шеру өтті. Қазақстанның ғалымдары мен дәрігерлері радиациялық сәулелердің зияны туралы ашық жазып, әңгіме қозғай бастады. Семей ядролық сынақ полигонының зардабын адамның аузы барып айтудың өзі ауыр еді. АҚШ пен КСРО-ның әлемге билік жүргізу тайталасынан туындаған айдаһар орын болатын бұл. Алғашқы жарылыстан әуелі 400 мың адам радиация қабылдаса, кейінгі қуатты термоядролық, сутегі бомбалардан екі миллионнан астам жазықсыз қарапайым халық жапа шекті. Таралған радиацияның әсерінен адамдар түрлі жазылмас ауруларға ұшырап, ол тұқым қуалайтын дәрежеге жетеді. Бұл онсыз да мың өліп, мың тірілген қазақ елінің басынан кешкен қасіреттердің ең үлкені болды. 1945 жылы Жапониядағы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2500 есе көп. Ал 40 жылда бұл жерде не болмады? Міне, осы Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, елімізде тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында дауылпаз ақын Олжас ағамыз құрған «Невада-Семей» қозғалысына мүше болдым. Оны қолдап, оған атсалысуға бел будым. Менің қоғамдық жұмысым осылай басталып кетті. Ауданда «Семей-Ақиқат-Шиелі» қоғамдық бірлестігін құрып, әлімізше жұмысын жүргізіп жатырмыз, – дейді ядролық сынақ аймағының солдаты Мэлс Тоқтыбаев.
1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын табу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөнінде КСРО және АҚШ президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада-Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп мәлімдеді.
Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарында, телевидение мен газеттерде айтылып, жазыла бастады. Түрлі елдің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардабы жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылы жетті. Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ