Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨРІҢНЕН ҚАРТ КЕТПЕСІН

ТӨРІҢНЕН ҚАРТ КЕТПЕСІН

Қарты бар ауыл қашан да қазыналы,берекелі. Қадірлі қарияларға құрмет көрсету – бәріміздің де негізгі міндетіміз. Сол сияқты бүгінгі жас ұрпақ үлкендердің қадір-қасиетін түсініп, сыйлап, олардың құнды кеңестеріне құлақ түріп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Осындай көзтоярлық көрініс жақында Алғабас ауылында көрініс тапты.
Толығырақ тарқатсақ, аталған шара өткен аптада Жуантөбе ауылдық округ әкімдігінің қолдауымен, Алғабас ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында өткізілді. «Қазыналы қарттарым» деген тақырыпта жалғасқан іс-шарада биыл сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған Ертаев Бостан Ертайұлы, Төлеген Сыздықов, Жақай Сақбаев сияқты аға буын өкілдері бой көрсетті. Кешбарысында қарияларға өмір жолына қатысты сұрақтар қойылды. Олар да өз кезегінде тосырқамай, бастарынан өткен түрлі қызықтарын бүкпесіз баяндап берді. Айта кететін жайт, Жақай атамызға «Қатты қуанған кезіңіз?» деген сауал қойылғанда, «Таң бозарып атқанда, егінге орақ түскенде, көктемде ағаш гүлдегенде қатты қуанамын» деген жауап алған едік. Қарияның бұл жауабына көрермендермен қоса, біз де қызығып, таңырқасып қалдық.
Шара соңында Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Азамат Есімов аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. Алғабас ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жылқайдар Машрапин қарияларға шапан жауып, құрмет көрсетсе де ел ағалары сый-сияпат табыстады. Келген қонақтар қазыналы қарттардың астарлы ақылдарын тыңдасып, ғұмырлық ғибратынан үлгі алып кетті.
Иә, қазақ «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» деп бекерден-бекер айтпаса керек. Қадірлі қариялармен өткен бұл керемет кездесу жастардың жүрегінен орын алғаны сөзсіз. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол – ұрпақтың көрегендігі. Ал ұрпағы құрметтеген қариялар қай кезде де бақытты.

Т.Әлішер
22 ақпан 2023 ж. 385 0