Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылнама газетке жазылады

Жылнама газетке жазылады

Соңғы бір апта болды, ақын Ерлан Жүністің «Кітапты жыртқанда шығатын дауыс – автордың дауысы» деген орамды ойы миға тұрақтап алды. Себебі бұл сөздің газетке тікелей қатысы бар. Неге дейсіз бе? Онда айтайын...
Жасыруға келмес, көнекөз қарияларды қоспағанда, былайғы жұрт газеттің қадірін ұғына бермейді. Оны көз көріп, құлақ естіп жүр. Яғни редакция қызметкерлерінің көз майын тауысып, ізденіп жазған мақалаларын оқымастан, оқымай-ақ қойсыншы, көз жүгіртпестен, үйін жылыту үшін жағылатын пешті тұтату үшін қолдана салады. Сонда редакция ұжымының, жақсы жаңалықтардың жаршысы болған тілшілердің жұмысы осыған лайық па?Баршаңыз білесіздер, АҚШ-тың әйгілі «Нью-Йорк таймс» газетінің іргесі 1851 жылы қаланған. Яғни 172 жылдық тарихы бар күн сайын шығатын басылымның бәсі әлі төмендемеген. Ондағы қызметкерлер отыратын ғимарат біздегі «Қазмедиа» орталығындай. Ал аудандағы «Өскен өңір», «Шарайна-Сейхун» редакциясының отыратын орындарын әрине олармен салыстыра алмаймыз.
Ауданның айнасына айналғаната басылым «Өскен өңір» оқырмандарын аудан жаңалықтарымен құлағдар етумен қатар, облыста болып жатқан іс-шаралар туралы жазуда. Сондай-ақ газеттің кішкентай оқырмандарынан бастап,қазыналы қарттарымен де байланыс орнатқан. Редакция шынайы ақпараттар мен кәсіби журналистік сараптамалардан тұрады. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын салт-дәстүрлерді де дәріптеуде. Жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын жариялап, әдебиет пен мәдениетке де зор үлесін қосып келеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзін өмірлік кредоға айналдырған баспасөз қызметкерлері ең алдымен шындықпен дос. Бүгінгі медиакеңістікте ақпарат таратуда интернет желісінің түрлі тетіктері бар. Дегенмен, көзі қырағы оқырман үшін шынайы ақпарат пен толық аналитикалық мақалалардың тоғысатын жері газет болып қала бермек.
Бүгінде елімізде «Газеттің күні бітті, енді тек ақпараттық сайттар мен әлеуметтік желілермен ақпараттандыру басталады, интернет ресурстардың көбеюі газеттің қоғамдағы рөлін бәсеңдетеді» деген пікірлер айтылып жүр. Иә, қазір шынымен интернеттің дәурені жүріп тұр. Бұлай дейтініміз бүгін де әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттардың атқарып жатқан қызметі орасан. Оны сөз жоқ мойындауымыз керек. Тез арада ақпарат тарату, онысын сөзбен ғана жеткізіп қоймай, фото, видео арқылы да халыққа жылдам хабар ұсынып үлгеруі, кімнің де болсын көңілінен шығары анық.
Енді«Әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттар, газеттің орнын баса ала ма? Сондай-ақ ақпараттың бұл түрі қаншалықты өміршең бола алады?» деген сұрақтардың төңірегінде сөз қозғасақ. Газеттің жүріп өткен жолымен сайт қаншалықты жүре алар екен. Қандай заман болсын, қиыншылықтың неше атасы болып жатса да газет ешуақытта тоқтаған емес. Соғыстың қызып жатқан шағында да газет шығып отырды. Оған тура бір жыл бұрын болған «Қаңтар оқиғасы» да дәлел. Иә, дәл сол уақытта ақпарат таратын «Қазақстан» телеарнасына қатты зақым келді. Қала берді интернет желісі өшіріліп, ешқандай ақпарат алысу болмады. Қалай десек те, бұл ақпарат құралдары газет секілді өміршең бола алмайды. Өйткені, газет ақпарат таратып қана қоймайды, сонымен қатар ол тарихтың қалыптасып, сақталып қалуына бірден-бір себепші. Әрбір шыққан нөмірімен сол қоғамдағы болып жатқан құбылыстардың барлығын келешек ұрпаққа тасқа таңба басқандай қалдырып отырады. Ал сайттар ше? Сайттардың ғұмыры көбінде ұзақ болмайды. Кеше тұсауы кесілген сайттар орта жолға жетпей жұмыстарын аяқтап жабылып қалып жатқанын көріп жүрміз. Сондай-ақ бұл жерде газеттегідей жүйе жоқ. Дайындаған мақалаң корректорлық тексеруден өтпейді. Жылдам хабар таратуға көбірек көңіл бөліп, жұмыс жасайтын сайттардың қызметінде олқылықтар жиі кездесіп жатады. Берген ақпараттары жалған болып, журналистік зерттеулері нақты болмай, арты дауға ұласып жатқанын көреміз. Сосын сайтта ұрлық көп. Сенің күні бойы толғанып, ойыңды жинақтап жазған дүниеңді, тақырыбын өзгертсе-өзгертті болмаса олда жоқ, сол күйінше астына өзінің атын қойып жариялай беретіндер жетерлік. Тағы бір қызық жағдай, сайттағы әріптестеріміздің басым бөлігі әзірлеген мақаласын бірінші газетке жарияланғанын көбірек қалайды. Өйткені, олар біздегі оқырманның басым көпшілігі газетті оқитынын жақсы біледі. Осы жерде айта кетейік, жаңа шыққан газетті типографияның иісін бұрқыратып, алдыңа төсеп тастап оқығанға не жетсін, әрине.
Біз осы қандай да бір өнімді шығарып, халыққа ұсынардан бұрын осы жердегі жағдаймен санасуымыз керек қой. Қазақстанның шалғай ауылдарын былай қойғанда, кей орталық аудандарының өзінде интернеттің шкаласын итпен іздесең таппайсың. Сөйте тұра бүкіл халықты интернет ресурстарымен ақпараттандырамыз деу ақылға сыймайды мүлдем. Ал енді дамыған елдердің газетке деген көзқарастары қандай екен? Мәселен, Ұлыбританияның «Гардиан» газеті – 256 283 мың таралыммен басылып жүр. «Нью-Йорк таймс» (АҚШ) – 876 мың таралыммен шығады. «Таймс»газеті – 440 581 мың тиражбен таралады. Жапонияның атақты «Иомури» газетінің таңғы шығарылымы 9 млн данамен, ал кешкі саны 5 млн тиражбен жарық көреді.
Жалпы елімізде қазақ сайттарының көптеп жұмыс жасап жатқандығы қуантарлық жағдай. Осы тұста «Өскен өңірдің» де заман ағымынан қалыс қалмай, сайттар мен әлеуметтік желіде парақшалары барын айта кету керек. Яғни, редакция баспаны да, бүгінгі таңда сұранып тұрған сайтты да қатар алып жүр. Г.Яхия, С.Мадиярова, С.Сұлтан, Д.Байтілессынды редакция тілшілері сайтты күнделікті жедел жүргізіп, аптасына 2 рет шығатын газетті де шығарып жүр. Білесіздер, өткен айда Астанада Өңірлік басылымдар форумы өтті. Онда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Сыр Медиа» серіктестігіне қарасты біраз басылымдарды сөз етіп, әсіресе сайттағы ақпараттарды жылдам таратуына таңданыс тудырды.
Жоғарыда сайттың өміршең болмайтындығын жеткіздік. Себебі небір вирустардың салдарынан жазылған ақпараттың сақталмай қалу қаупі басым. Ал газетке шыққан дүниелер «тайға таңба басқандай» етіп сақталады. «Қытай жылнамаларында», «Ежелгі Мысыр папирустарында» деген сөздерді естіген боларсыз? Бірақ сіз осы сөздің төркініне үңіліп көрдіңіз бе? Ежелгі қытай жылнамалары деп отырғанымыз – қазіргі газеттер. 2000 жылдан әрі асатын жазба тарихы бар қытайлықтардың ұлттық-жазба қорында тарихтан сыр шертетін талай дүниелер сақтаулы. Сонымен қатар біз мақала барысында АҚШ пен Ұлыбританиядағы газеттердің тиражын сөз еттік. Бұлардың бәрі жазба, тарих, жылнама деп білгеніміз жөн. Бұл ақылды елдер бүгінмен емес, ертеңмен емес, мың жылдық болашақпен өмір сүреді деген сөз. Және бұл қағиданы бізге де ұстанған жөн. Біздің жазба, жылнама тарихымыздың қалыптасқанына бар жоғы жүз жылдың шамасы ғана. Сол үшін газеттің қадірін біліп, құнын арттырсақ игі.
Қазір халық әлеуметтік желіге үйреніп, өз беттерінше керек ақпараттарын қалаған сайттарынан ала алады. Бірақ бұл газеттің қоғамнан шет қалғандығын, ендігі жерде газетсіз де оқырманды ақпараттандыруға болады деген сөз болмауы тиіс. Болашақ БАҚ-ты ғаламтор сайттары арқылы елестететін әріптестеріміз газеттің әлі айтары бар екенін ұмытпаса екен дегіміз келеді.
Көрнекті журналист, жазушы Кәкімжан Қазыбаев «Журналистің жұмысқа баратын уақыты белгілі, қайтатын уақыты белгісіз» дейді. Қызмет барысында аяқ асты іссапарға шығуға тура келеді. Журналистің баспайтын жері, шықпайтын тауы болмайды. Мылтықсыз майдан майталмандарының көзге көрінбейтін ерліктері де жетерлік. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде күштік құрылымдармен бірдей алдыңғы шепте қызмет еткен журналистер еңбегін ешкім жоққа шығара алмас.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
20 ақпан 2023 ж. 182 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930