Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ, КӨҢІЛДЕН КЕТПЕЙДІ

КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ, КӨҢІЛДЕН КЕТПЕЙДІ


Бибізада апай мен үшін асылдан ардақты жанның бірі еді. Ең алғаш жұмысқа қабылданған кезімде өз қызындай қамқор, жанашыр болды. Редакциядағы ең көңілді, ең мейірімді, үнемі жан-жағына қуаныш сыйлап, барлығына көмек көрсетіп жүретін ардақтылардың алды болатын. Оның аңқылдаған адал бейнесі есімізден кетпейді.
Аудандық газетке бойжеткен шағында жұмысқа қабылданып, осы мекемеде 30 жыл бойы үздіксіз қызмет жасаған Бибізада апайды барлығымыз құрметтеуші едік. Оған еркелейтінбіз. Бибізада апай редакцияның берекесі, ұйытқысы болатын. Шығармашылық ұжымның ыстығына да, суығына да төзе білді.
Жас кезінен бастап қара шаңырақ саналатын аудан айнасында өзінің ерекше қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді. Редакцияның алдыңғы буын ағалары, белгілі журналистер З.Жайлыбай, Т.Ортаев, С.Бекмұратұлы, А.Айыптармен бірге қоян-қолтық жұмыс жасап, ағалардың көзін көрген жайсаң жанның бірі.
Бибізада апайдың негізгі мамандығы есепші болғанымен, газетке берілген әрбір мақаланы мұқият оқып, сөйлемдердің қисынын келтіріп, сараптап, талдама жасап, журналистердің қатесін түзеп отыратын кездері де болатын. Өзі сөз тапқыр, небір қызықты тауып айтатын даналығымен көзге жиі түсетін. Жиналыстарда сөз алып, қисынды пікірлерін қаймықпай ортаға салып тұратын.
Өзі өмірден өтсе де, кешегі көз көрген, құлақ естіген, жүрек сезген Бибізада апаймен бірге болған шуақты күндер уақиғалары естен ешбір кетпейді.
Апайдың жақсы қасиеттері өте көп. Оларды бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Газеттің жаңа нөмірі шыққанда қуанып, ықыласпен қолына алып, әрбір мақаланы мұқият оқып шығатын. «Қате кетіп қалмағай» деп отырушы еді.
Газеттің құттықтау, көңіл айту, еске алуларын өзі жазып, қуанғандармен қосыла қуанып, жылағандарға қабырғасы қайысатын нәзік жүректі жан еді. Ұжымның үлкендерін құрметтеп, біз секілді жастарға ақыл айтып, әр істе жол көрсетіп отыратын.
«Өскен өңірде» «редакцияның шайы» дейтін шағын отырыс болатын. Әңгіме шертіп, жұмысты жоспарлай отырып ішілетін шайдың дәмі де, мәні де бөлек. Осы шайға апайымыз өзі жапқан дәмді тосап, салаттарын әкелетін. «Редакцияның шайы» барысында ақыл-кеңес беріліп, ойласудың да орайы келе кететін. Ауырған, жабырқаған әріптестерінің жеке басындағы мәселеге де Бибізада апайымыз алаңдаушылық білдіріп, қолынан келгенше қолдау білдіретін. Ал, қуаныштарына шын көңілмен ортақтасып, қосыла қуанатын.
Қайран апай, қадірін білмеген кезіміз де жоқ емес. Қандай мейірімді, ақкөңіл жан едіңіз!!! Жаны бұлақ суындай тап-таза болатын. Апай жұмысқа келмей қалса, редакция ішін көңілсіздік басып тұратын. «Редакцияның анасы, Бегім анамыз» деуші едік.

Иә, қамыққанда жұбататын, анамыздай дәмдісін аузымызға тосып, жанашырлық кеңесін аямайтын, еркелететін, «Өскен өңір» газеті редакциясының шуағы болған Бибізада апайдың өмірден өткеніне де 100 күннен асты. Әлі күнге сіздің әлеміңізді аңсаймыз. Өйткені, сіздей жүрегі нәзік, мейірімді жандар жер бетінде көп емес. Өзіңіздей тамаша әріптес, қамқор, мейірбан, жан-жағына шуақ шашып жүретін аяулы жанды еске алып, естелік жазуды парыз санадым. Иманыңыз жаныңызға серік болып, сол мейірбанды асыл мінезіңізбен жұмақтың төрінен орын алғайсыз, Бибізада апайым.

Айнұр Назарова
17 тамыз 2021 ж. 906 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930