Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрмахан ЕЛТАЙ: «Шығармашылықтан да, шаруашылықтан да қол үзген емеспін»

Нұрмахан ЕЛТАЙ: «Шығармашылықтан да, шаруашылықтан да қол үзген емеспін»

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик, жиырма жылдан аса облыстық «Сыр бойы» газетінің Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі болған, бүгінде «Шарайна-Сейхун» басылымының директор-редакторы Нұрмахан Елтай биыл жетпістің желкеніне жетіп отыр. Оның қолына қалам ұстаған 45 жылда жазған мыңға жуық очерктері мен мақалалары, сатиралық, публицистикалық кітаптарының қай-қайсысы болмасын оқырман іздеп жүріп оқитын шығармаға айналған. Шиелідегі жалғыз ғана ҚР Жазушылар одағының мүшесімен мерейтой қарсаңында сәті түсіп, сұхбаттасқан едік.

– Сіздің алғашқы мамандығыңыз ауыл шаруашылығы саласы – агроном екендігінен хабарымыз бар. Еңбек жолыңызды қатардағы жұмысшыдан бастап, кеңшар директорының орынбасары қызметіне дейін түрлі қызмет сатысынан өттіңіз. Жастар ұйымының жетекшісі, комсомол-жастар бригадасының бригадирі де болдыңыз. Сонымен бірге ауыл спорты мен өнерін дамытуға да айрықша күш салғаныңыз тағы бар. Жалпы осындай ауқымы үлкен, тынымсыз салада жүріп, шығармашылыққа, оның ішінде баспасөзге қалай уақыт таптыңыз?
– Жалпы жаратушы әр пендесін бір нәрсеге бейім етіп жаратады ғой. Адам өзінің қабілетіне сай кәсібін таңдай алса, көп жетістіктерге қол жеткізеді. Әрине ізденіс пен еңбектің арқасында. Енді қойылған сауалға байланысты өзім туралы айтар болсам, бала кезімнен сурет салуға, саз балшықтан түрлі үй жануарларының бейнесін жасауға үйірсек болдым. Әліппені тәмамдағаннан бастап, әкем газеттердің бас мақалаларын оқытып, тыңдап отыратын-ды. Осы әдет кейін «Балдырған» журналын, «Қазақстан пионері» газетін оқуға деген құмарлықты ашты. Үшінші, төртінші сыныптан бастап, түрлі кітаптарды оқи бастадым. «Қазақстан пионері» газетінде Өтеш Қырғызбаев есімді оқушының мақалалары жиі жарияланатын еді, соған ұқсағым келіп, мен де редакцияға мақалалар жолдап тұрдым. Олардың көбісі жарық көрмейтін-ді. Есесіне, редакциядан «Талабың дұрыс, әлі де іздене түс» деген сынды үміттендіретін хат келетін еді. Осылайша, қалам сүйкеп жүріп, аудандық газетке хабар-ошарым шыға бастады.
Ал сегізінші сыныптан бастап, «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланатын «Құпия сөзді» құрауға машықтанып, белгілі авторының бірі болдым. Мектеп бітірген жылы ауылымыздан 100 шақырым, Қызылқұм ішіндегі фермаға қозы сою пункітіне жұмысқа апарды. Сол жерден үлкен плакат қағаздар тауып алып, малшылар мен сондағы жұмысшы-қызметкерлерге арнап, «Кең өріс» деген қабырға газетін шығара бастадым. Бас мақаласын өзім жазып, суреттерін де салып, тас қораның қабырғасына қамырмен жапсырып, іліп қоямын. Қыр-қырдың астынан ­шауып келетін шопандар оқып, қыран-топан күлісіп жатады. Аты аталғандар дүкенге барып жуып, мәре-сәре болысады. «Бала, ендігі газет қашан шығады?» деп мені де асықтырып қоятындары да бар. Сондай науқан кезінде құмдағы малшыларды аралап жүрген облыстан келген өкіл пункттегі қабырға газетін көріп, парторгке: «Жазушы болатын бала екен» деп мені мақтапты. Сондай жағдайлар әсер етті-ау деймін, біраз жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет етсем де баспасөзден қол үзген емеспін. Яғни, жазу-сызу менің бала кезден хоббиім болып басталып, кейіннен кәсібіме айналған ардақтым.
– Шығармашылықпен шұғылданған жылдарыңызда бірнеше сатиралық, публицистикалық кітаптарыңыз жарық көрді. Мерзімді баспасөзде жарияланған материалдарыңыз бір төбе. Қай кезде шығарма жазуға деген шабытыңыз оянады? Ең жемісті еңбек еткен жылдарыңыз ретінде қай уақытты айтар едіңіз?
– Бала кезімнен әскери адам болуды армандайтын едім. Және осыған іштей дайындалып жүретінмін. Сол кездегі ұғыммен әскери болу – үлкен жауапкершілік жүктейтін құрметті мамандық болатын (Қазіргі бейбастықтан сақтасын). Сол үрдіспен өзім қай салада да еңбек етсем де, тиянақтылық пен жауапкершілікті бірінші кезекке қоямын. Сондықтан да мақала жазсам да, әдеби дүние тудырсам да шабыт іздемеймін, «осы ­шаруаны бітіруім керек» деген сеніммен қолыма қаламымды алсам, шабыт өзі келеді.
Шаруашылықта комсомол-жастар бригадасының бригадирі кезімде аудандық газетте «Көкине» атты сатиралық беттің жүргізушісі болдым. Ауылдан жиырма шақырым жердегі егіс алқабынан атпен кештетіп келіп, үйде түнімен әзіл-сықақтарымды дайындап, таңертеңгі автобуспен жүз шақырым жол жүріп, аудандық газеттің редакциясына тапсырып кететінмін. Құмарлық қой. Шүкір, осылайша шығармашылықтан да, шаруашылықтан да қол үзген емеспін. Тоқсаншы жылдардың ортасындағы тоқырау жылдары менің әзіл-сықақтарым облыстық, республикалық басылымдарда тіптен жиі жарық көрді. «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл», «Қазақ әдебиеті» газетінің әзіл-сықақ бетінің тұрақты авторы болдым. Осыдан соң бірнеше газет-журналдар қызметке шақырды. Қалауым облыстық «Сыр бойы» газетіне түсті. Мұнда руханият бөлімінде «Спорт» және «Түрлі-түрлі бастар» атты сын-сықақ беттерінің редакторы болдым. Айтпақшы, екі мыңыншы жылдары «Хан алшы» атты аймақтық газет шығарған да кездерім болды. Мына «Шарайна-Сейхун» газеті сол жобалардың жалғасы.
– Сіздің «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Үшінші тайм», «Ауылдың айтқыштары», «Сыпыра сыйлық», «Көкиненің көзі» атты кітаптарыңызды оқырман жылы қабылдады. Мына кітабында былай жазған, ана кейіпкері сөйткен екен деген де әңгімелер айтылады. Алғаш жазған сатиралық шығармаңыз есіңізде ме? Өзіңіз үшін ең мықты шығармаңыз қайсы?
– Қалам-қағазбен бала кезден дос екендігімді жоғарыда айтым ғой. Ал әдеби дүниелерімнің аудан асып, облыс, ­республика басылымдарында жариялана бастауы 1975 жылдың шіледісінен. Салдыр-салақтау, қыдырымпаз бір жеңгемді сынаған «Жалқау келін» деген сықақ өлеңім «Ленин жолына» шыға келді. Ұзамай «Сериялы жиналыс» атты сықақ әңгімем «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналында жарық көрді. «Гөзал келе жатыр» атты әзіл әңгімемді «Қазақстан әйелдері» журналы басқан екен, ауыл адамдары әлгі Гөзал деген қуды «іздеумен» біраз әуре болғаны бар. Оқырмандар қалай қабылдайтынын өздері білер, әзіл әңгімелерімді өзім оқып кейде күліп алатыным бар.
– Енді ғана қолына қалам алған бала Нұрмахан Елтай кімді үлгі тұтты? Қазір кімдерді оқисыз?
– Кітапты көп оқитын едім. Ауылдағы мектеп және ауыл кітапханасындағы кітаптардың басымын жасөспірім кезімде оқыдым. Жалпы мендегі жақсы қасиеттер болса, ол кітаппен дос болуымның арқасында пайда болды деймін. «Жақсы кітап – қашанда жаман ­достан артық». Жастық кезде қылтың-сылтың бос жүріске уақыт жоғалтпаған адам кітаптан жақсы тәрбие ала алады. Боқ дүниені емес, адамгершілікті жоғары қоятын адамдардың барлығы кітап оқу арқылы өскен десем жаңылыспайтын шығармын.
Кітапқа құмарлық дегеннен ойыма түсіп отырғаны, алтыншы, жетінші сынып оқитын кезім ғой. Жазғы каникул кезінде таңертең ерте тұрамын да, велосипедіммен барып, жоңышқалық маңынан бір қап шырмауық жұлып алып келемін. Бұзауларға су тасып беремін де, бір кесе сүтті сіміре салып, сәскеде ауылдық кеңес кеңсесінің жаныдағы кітапханаға тартамын. Менімен қатарласа құм жиегіндегі малшыларға ауыз су таситын водавоздың шопыры да асыға осында жетеді. Есен деген ағамыз еді, менің кітапханадан тезірек кеткенімді қалап тұратын сыңайлы. «Несіне әр кітапты таңдай бересің, қолыңа түскен біреуін ал да жөнелсей» деп маған кейде жекіп те қояды. Кейіннен аңғардым, оның кітапханашы бойжеткенде ойы бар екен, жұмыс арасында оңаша бір әңгімелесіп кетейінші» деп асыға жеткенінде кітапханада мен тұрамын «мешайт» етіп. Содан соң қайдан жақтырсын.
Кітап оқу туралы айтсам, бұрындары айына 1-2 кітап оқушы едім, қазір сиреттім. Көзге салмақ түсетіндей. Есесіне, «Жұлдыз» журналын, «Қазақ әдебиеті» «Ана тілі», «Жас Алаш» газеттерін жаздырып алып, тұрақты оқимын. Аудандық және облыстық үнжарияларды болса да. Соңғы айда Оралхан Бөкейдің «Біздің жақта қыс ұзақ» және жазушы Тұрысбек Сәукетейдың «Желқайық» романдарын, ­Ордабек Шаяхметовтің «Түркістан тұтқыны» кітабын қайталап оқыдым. Айтпақшы, Әзиз Несиннің «Футбол каролі» мен Оспанхан Әубәкіровтің «Қағаз қалпағын» да парақтаған екенмін ғой.
– Қайтсек дәстүрлі журналистиканың, оның ішінде газеттің қауқарын арттырамыз?
– Менің түсінігімде БАҚ ақпарат таратушы ғана емес, тәрбие құралы болуы тиіс. Өз мүддесін ғана емес, қоғам мүддесіне жаны ашитын, отаншыл ұрпақ болмай, елдің көсегесі көгере қоймас. Бұл тұрғыдан алғанда газет ұлттық идеологияны да қатар жүргізуі керек. Мемлекеттік басылымдар, кей тәуелсіз газеттерде де осы талпыныс бар. Алайда мұны жолға қоюда редакциялардың шамасы жете бермейді. Олармен жергілікті атқарушы орындардың бірлесе жұмыс жүргізуі, ықпалды әрекеті қажет. Жұрттың өзі біледі деп айналадағы оқиғаларға көз жұмып, қарап отыруға болмайды. «Әскердегі жағдай анау, көшедегі бейбастық мынау. Ұрлық, зорлық, мектептегі топтық төбелес, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау, бәрі ұлттық үрдіс, тәрбие жұмысындағы бетімен кетушіліктің кесірі. Үлкенді үлкен, кішіні кіші демейтін имансыздық осы емес пе? Бұл қасіретті кері құбылыс! Осылай кете берсе, ертеңгі қоғам не болады?» деп әлеуметтік желіде де жаздым. Міне, жақсы әдетке, тәуір қасиетті үндеу басқа да шаралармен қатар баспасөзде де үнемі таратылып отырғаны жөн. Сонан соң қазіргі журналистеріміз оқиғаның соңынан жүреді. «Пәлен жерде түген деген шара өтіпті, оған пәлен деген дөкей қатысып, сөйлепті-мыс» дейді. Ал мұны оқырмандар басқа ақпарат көзінен одан бұрын көріп қойған. Сондықтан сараптамалық материалдардың уақтылы жарияланып отыруы баспасөздің қадірін арттыру тиіс. Басқа да жаңашыл ізденістер керек.

Сұхбаттасқан Гүлхан ЯХИЯ
20 ақпан 2023 ж. 262 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930