Бифаттың бір белесі
Биыл ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Дәл осы мерейлі жылдың 5 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының қорытындысы шыққан болатын.
Жерлесіміз Бифат Елтаева аталған байқаудың І орын жүлдегері атанды.
Жерлесіміз Бифат Елтаева аталған байқаудың І орын жүлдегері атанды.
Республикалық байқауда топ жарған Бифат Шиелі кентіндегі №219 Ы.Алтынсарин қазақ орта мектебінің түлегі. Әл-Фараби атындығы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін және Қазақ ұлттық қыздар педогогикалық университетінің филология факультеттерін бітірген. Жоғарғы оқу орнында жүріп баспа ісімен шұғылданған ол ең алғаш еңбек жолын Қызылорда облыстық «Шарайна-Сейхун» газетінде тілші болып бастайды. Бифаттың әкесі Нұрмахан Елтай да қара жаяу кісі емес. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, сатирик, көптеген кітаптың авторы. Қарымды қаламгердің қызы да қолына қалам ұстап, журналистік жолды таңдайды. Ол облыстық «Шарайна-Сейхун» газетінің тілшілігінен 2014-2016 жылдары басылымның редакторы ретінде шыңдалып, кейіннен республикалық «Айқын» үнжариясында еңбек етті. Ал 2020 жылдан бері республикалық «Жас Алаш» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі қызметінде оқырмандарына кеңінен танылды.
Айта кетейік, байқауға 153 материал ұсынылыпты. Жеңімпаз, жүлдегерлерді анықтауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжанов, қарымды қаламгер, белгілі журналист Қайнар Олжай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин қазылық етті. Көп ішінен жүлделі шыққан жерлесіміздің бұл алғашқы жеңісі емес. Яғни Бифат бағындырған белестің бірі ғана.
«Әкем үнемі кітап оқыңдар деп тәрбиеледі. Әр кітаптан қызықты үзінділер айтып отырады. Одан соң сол кітапты өзіміз іздеп жүріп тауып аламыз. Расында, кітап оқыған адамның ойы ұшқыр, сөздік қоры молая түсетінін ұқтым» дейді кейіпкеріміз. Бифаттың сөзін қуаттай түссек. Шынында, Нұрмахан Елтай ағамыздың кітапқа құмар жан екенінен хабардармыз. Тіпті немерелерінің кез келгенінің атын сұрасаңыз қазақ шығармаларындағы белгілі кейіпкерлердің есімімен аталғанына көзіңіз жетеді.
Енді қайта байқауға қарай ойыссақ, жоғарыда айтқандай I орын Б.Нұрмаханқызының еншісінде. ІІ орын «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Айдана Шотбайқызына, ІІІ орын «Төлеби туы» қоғамдық-саяси газеті редакциясының бөлім меңгерушісі Төлеген Ахметовке бұйырыпты. Ал бас жүлде жамбылдық әріптесіміз «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі Әбдір Шапағаттың еншісінде.
Г.ДҮЙСЕБАЙ