Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҒЫ ДА ТЕАТРЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМ КҮТЕМІЗ

ТАҒЫ ДА ТЕАТРЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМ КҮТЕМІЗ

Осыдан тура 3 жыл бұрын көктемнің алғашқы күндерінде аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көрермендерін керемет туындымен сусындатқан еді. Әртістер «Жан дауа» атты драмалық спектакльге жан бітіріп, бір емес, бірнеше рет қайталап қойды.
Жергілікті өнерпаздардың бұрын-соңды мұндай жоғары деңгейде өнер көрсеткенін байқамаған жұрт таңданысын жасырмай, «бәрекелді» десті. Шынымен де, мерекелік кештер мен жиын-тойларда, арагідік 3-5 минуттық сахналық қойылымдарда ғана көріп жүрген аудандық мәдениет қызметкерлерінен мұншалықты жоғары дәрежедегі актерлік шеберлікті көреміз деп ойламадық. Сөйте тұра өңір өнерпаздарының сахна төрінде өздерін еркін ұстап, бүгінгі күннің шынайы болмыс, бейнесін бүкпесіз сомдап, таңдап алған кейіпкерлерінің образына еніп, нағыз өнерді көрсете білгендеріне риза болдық.
Енді осындай рухани кештер көбейетін шығар деп үміттенген көпшіліктің көңілін іле-шала карантиндік режим басты. Коронавирус індеті бірер жыл ел-жұртты әбігерге салып, күнделікті бейқам тіршіліктен қол үзіп қалғанымыз бар. Десе де, қазір бұрынғы өмірге қайта оралдық. Бірақ сол 3 жыл бұрынғы спектакль әлі де болса елдің аузында. Шиелінің мәдениет үйінде де рухани кешке куә болуға мүмкіндік барын ел білді, тағы да күтеді.
Ақиқатын айту керек, шағын ауданда үлкен театрлардағыдай сахналық декорация мен қойылымға қажетті құрал-сайман, керек-жарақ жеткілікті емес. Ал осындай олқылықтың орнын білдірмей, рухани кемел дүние жасау – мамандығына адал, ісіне берік таланттардың ғана қолынан келетін іс. Көрерменге керемет көрініс сыйлаған мәдениеттің сайыпқырандары тағы да аудан жұртшылығын төл туындыларымен сусындатса дейміз. Оған өнерпаз қауымының әлеуеті жететінін көз көрді. Алда жайдарлы көктем келеді. Қаһарлы қыстың қамытынан шыққан ел етек-жеңін түріп жаңалықтан үміт күтеді. Осындайда шиелілік өнер ұжымы көрермендерінің сағынышын басып, елдің сусаған көңілін марқайтып, қайта қауышса нұр үстіне нұр болмас па еді?!

Гүлхан ЯХИЯ
16 ақпан 2023 ж. 212 0