Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕКПЕН ШЫҢДАЛҒАН ӨМІР

ЕҢБЕКПЕН ШЫҢДАЛҒАН ӨМІР

Қоғамға пайда келтіретін іспен айналысып, өз халқына жанашырлық танытатын ардагерлердің қайсысы болса да үлкен құрметке лайық. Көпті көрген сондай тұлғалардың бүгінде арамыздан табылатыны көңіл қуантады. Күләш Ақмахамбетқызы біз сипаттап отырған жандардың қатарында. Туған жердің мәдениетін дамыту жолында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен абзал ананың ғұмыры қисапсыз қазынаға толы.
Күләш Ақмахамбетқызы – 1938 жылы 23 ­наурызда Қызылорда қаласында дүние дидарына келген. 1956 жылы Шиелідегі №14 қазақ орта мектебін тәмамдап, Ташкент қаласындағы теміржолшылар институтына оқуға түседі. Кейін денсаулығына байланысты Шымкент қаласындағы Қазақ технологиялық институтына ауысып, оны 1963 жылы аяқтап шығады.
Сіңлісі Сара Есенбаевамен бірге Қызылорда облысында бірінші болып астықты дайындау, сақтау, өңдеудің инженер-технолог мамандығы бойынша диплом алып, жолдамамен Шиелі өңіріндегі астық тарату мекемесіне «лаборант» болып жұмысқа қабылданады. Осы мекемеде инженер-технолог қызметін атқарып, көп ұзамай аталмыш лабораторияны басқарады, одан соң сапа жөніндегі директордың орынбасары болып жұмыс істейді. Сөйтіп жүріп партия қатарына қабылданады. Атқаратын қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, партия ұйымының хатшысы, әйелдер кеңесінің төрайымы болады. Бірнеше рет аудандық кеңеске депутат, партия конференцияларына делегат болып та қатысқан.
Күләш Есенбай одақ орталығы Мәскеуде болып, 1,5 айлық директорлар дайындайтын ­курсты бітіріп шыққан. Кейін акционерлік қоғамға айналған жоғарыда аталған мекемеде 32 жыл үздіксіз қызмет атқарып, 1995 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. Қазіргі уақытта тағдырдың жазуымен жалғызбасты. Сіңлісі Сарамен Шиелі кентінде тұрып жатыр.
Бар күш-жігерін аудан астығының сапасы үшін аянбай жұмсаған Күләш анамыз ғибратты ғұмырында көптеген шәкірттер дайындады, білімі мен тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпады. Ерен еңбегінің арқасында «Еңбек ардагері», «Лениннің туғанына 100 жыл», «Тыл ардагері» медальдарымен марапатталып, республикалық, облыстық, және аудандық астық өнімдерін тарату мекемелерінің алғыс хаттарына ие болды.
Күләш Ақмахамбетқызының әкесі 1887 жылы туған. Қызылорда облысы Перовск губерниясы кезінде губкомның бірінші хатшысы қызметін атқарады. Кейін Қызылорда, Алматы, Шу, Түлкібас қалаларының соты, Шымкент қаласында прокурор, 1942 жылы Шиелі ауданында халық соты болып жұмыс істеп, республикалық дәрежедегі зейнеткер болды. Зейнетке шыққаннан кейін адвокат, орталық базар басшысы қызметтерінде еңбек етіп, 1963 жылы дүниеден озды. Бүгінде Шиелі кентінде Ақмұхамбеттің атында көше бар. Суреті мен өмірбаяны халық сотының музейінде ілінген.
Ал кейіпкеріміздің анасы Күнімжан үй шаруашылығымен айналысқан. Мұстафа Шоқайдың немере ағасы Псұрманқұлдың қызы. 1972 жылы қайтыс болған.
Қазіргі таңда өмірі өнегеге құрылған Күләш анамыз ұзақ жылдарғы жемісті еңбегінің қайтарымын көріп отырған зейнеткер.

Таслима ӘЛІШЕР,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 4-курс студенті
14 ақпан 2023 ж. 175 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930