Жақсы ене – анаңдай
Дана халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тамаша тәмсіл бар. Менің екінші анам (енем) Феруза Жүсіпқызы жайлы қанша айтсам да, артықтығы болмайды. Өйткені ол кісінің Алла берген, бойына біткен адамгершілік, кісілік, аналық қасиеттері мол болған.
Ана деген – қасиетті де қастерлі ұғым. Ол бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді билейді. Халқымыздың тарихында ел басқарған, қол бастаған, руды билеген, Шоқан, Абай, Мұхтар сияқты ұлыларды тәрбиелеп өсірген талай мақтан тұтатын салиқалы, даңқты аналарымыз болды. Феруза Жүсіпқызы сол ұлы аналардың игі дәстүрін бүгінгі заманда насихаттап, әрі қарай жалғастырды деп айтуға болады.
Ана деген – қасиетті де қастерлі ұғым. Ол бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді билейді. Халқымыздың тарихында ел басқарған, қол бастаған, руды билеген, Шоқан, Абай, Мұхтар сияқты ұлыларды тәрбиелеп өсірген талай мақтан тұтатын салиқалы, даңқты аналарымыз болды. Феруза Жүсіпқызы сол ұлы аналардың игі дәстүрін бүгінгі заманда насихаттап, әрі қарай жалғастырды деп айтуға болады.
Иә, өмірде тек алғаусыз алғыстан басқа айтарың жоқ адамдар болады. Тіпті бұл дүниеден озған, арамызда жоқ адамдардың тіршілігіндегі қам-қарекеті, жарқын бейнесі, жақсылығы үнемі есімізде сақталады. Сол естеліктердің жадымызда жаңғыруы арқылы келешек ұрпақты тәрбиелей аламыз. Қазақта «Жақсы ене – анаңдай» деген аталы сөздің мәні мен мағынасы терең. Менің бақытты ғұмыр кешуіме асыл енемнің еңбегі зор. Осы тұста керіге шегініс жасасам. Мен ерте тұрмысқа шықтым. Дүйім бір әулетке келін болып түстім. Сөйтіп біріне келін, біріне жеңге, біріне абысын атанған жол айрығына қадам бастым. Жаңа түскен келінге бірден «Тастай батып, судай сіңісіп» кету оңай емес екені белгілі. Міне, осы жолда мені баптаған, төбесіне көтерген, демеушім болған жанның бірі − енем еді. Осы әулеттің босағасын аттаған күннен бастап ол кісінің өмірінің соңына дейінгі ғұмырында еш бет жыртысып, қабақ шытысып көрмеппіз. Өзіммен қоса, туған-туысқа деген сый-құрметті осы әулеттің мүшелерінен көрдім. Кез келген мәселеде ол кісі мені жақтайтын еді. Өте еңбекқор болатын.
Тағдырдың тартуына не шара, жолдасыммен небәрі 13 жыл ғана отастық. Ол мезгілсіз қайтыс болып, бар-жоғы 30 жасымда 5 баламен жесір қалдым. Сондай сәтте туған анамдай болған, Құдай қосқан қосағымның анасы, немерелерінің сүйікті әжесі, асыл енем тілеушім, қамқоршым, сырласым бола білді. Енемнің ер азаматқа тән осы ерлігін ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Ол кісінің маған артқан риясыз сенімі мен қолдауы менің жауапкершілігімді мың еселеп арттырды. Енемнің мұнтаздай тазалығы, баппен әзірлейтін тамағы, төзімділігі, ешқашан артық сөйлемейтін қасиеттері кез келген жанға үлгі боларлық қасиеттер еді.
Феруза Жүсіпқызы аудан, облыс, республикаға танымал, бақытын еңбектен тапқан, көзінің тірісінде зор құрметке бөленген жан. Ғұмырының соңына дейін маған ақ батасын беріп, балаларымның тілеуін тілеп өтті. Енем 84 жасында бақилық болды. Аудан халқы үлкен құрметпен ақтық сапарға шығарып салды. Енем Феруза қай кезде де болмасын айналасына сәулесін шашып, жүрекке жылуын сыйлаған бекзат ғұмыр иесі. Ол кісінің шырайлы келбеті, адами қарым-қатынасы кімге болса да үлгі. Өмірімнің «жол картасында» осындай асыл енеден өнеге алып, шынайы шапағатын сезініп, ақ батасын алғаныма шексіз ризамын. Ол кісіге деген құрметім бір сәт кеміген, сағынышым еш басылған емес.
Баян СӘМБЕТОВА