Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЛА ЖИНАЛМАЙ – АУДАН ТАЗАРМАЙДЫ

АУЛА ЖИНАЛМАЙ – АУДАН ТАЗАРМАЙДЫ

Биыл аймақта тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын насихаттау мақсатында алғаш рет «Үлгілі аудан орталығы» байқауы ұйымдастырылмақ.
Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжолов хабарлады. Облыс тұрғындарын тазалыққа шақыру мақсатында ұйымдастырылғалы отырған конкурстың шарттары мен жүлде қоры да белгілі. Мәселен, белгіленген талапқа сәйкес «Үлгілі аудан орталығы» номинациясын жеңіп алған кентке қалдық тасымалдаушы «МАЗ» жүк көлігі және арнайы жол тазалағыш пен «Камаз» табысталады, ал II орынға су шашатын көлік және қалдық тасымалдаушы «МАЗ» жүк көлігі, сондай-ақ жол тазалағыш тракторы берілсе, III орынның жүлдесі ассенизатор машинасы мен жол тазалағыш трактор болмақ.
Одан бөлек аймақтағы «Үлгілі ауыл» ­номинациясы үшін елді мекендер де сынға түседі. Көркейту-көгалдандыру, абаттандыру бойынша ең үздік деп танылған ауылға жер қазушы трактор мен жүк тасымалдау көлігі сыйға беріледі. Ал II орынға жер қазушы трактор мен тіркеме, III орынға тіркеме жүлде ретінде табысталмақ.
Жергілікті жердің тазалығын насихаттауда бұл жарыстың әлеуметтік мәні айтарлықтай. Біріншіден, аталған жоба елді мекендерді айнадай тазартып отырған адамдардың еңбегін насихаттаса, екінші жағынан жеңімпаздарға техникалық қолдау болады. Әлеуметтік мәні үлкен бастаманың кенттің тазалығы үшін ғана емес, тұрғындардың санасына да әсері айтарлықтай.
Аудан келбеті тек сәнді ғимараттармен, тротуарлармен, жасыл желегімен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан ауданның ажары оның тазалығына да байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Әр тұрғын өз ауласын таза ұстап, ақтап, сырлап отырса, ауданға келген қонақтардың да құрметі артқан болар еді. Сондықтан да жоғарыдағы жалпылама байқаумен қатар тұрғындар арасында да «Үздік аула» конкурсы тұрақты түрде ұйымдастырылса деген ұсынысымыз бар. Мұндай жарысқа аудан халқы білек сыбана кіресері сөзсіз.
Сайыс барысында қай көше таза, көркем екені сарапталады. Біздің ауданымызда үлгілі аулалар жетерлік. Өз ауласын көгалдандырып, ағаш көшеттерін отырғызып, айналасын мұнтаздай таза ұстайтын тұрғындар баршылық.
Мұндай байқау ауланы таза ұстаудан бөлек, келешек ұрпақты айналасына жанашырлықпен қарауды үйретеді. «Ауыл – ортақ үйіміз» деген ұранды бойына сіңіреді.
Жеңімпаздардың ауласына «Үздік аула – 2023» тақтайшасы ілінсе де құба-құп. Байқау барысында ауданның тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де марапатталып, оларға да сыйақылары табысталса қанекей.
Біз мұны ойдан шығарып отырғанымыз жоқ. «Үздік аула» байқауы өзіміздің облыс орталығы Қызылорда қаласында бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ көршілес ­облыстар да осы секілді игі шаралардан алыс емес екенін байқадық.
Аталған байқауды ұйымдастыру шиеліліктерді тазалық пен тәртіп сақтауға, қоршаған ортаны көркейтіп, туған өлкені абаттандыруға шақыратын төте жол болары сөзсіз. Тұрғындарды осылай ынталандыру арқылы шаңырағынан шаттық лебі ескен үлгілі аула мен өнегелі отбасылардың қатары көбейе ме деген ой біздікі.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
06 ақпан 2023 ж. 549 0