Үлгілі ауыл – бидайкөл

Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсында 8 елді мекен үздік деп танылып, жалпы құны 49 млн теңге қаржылай сыйлықпен марапатталған болатын.
Ал биылғы байқау тіпті де ерекше. Жүлде қоры да алғашқыға қарағанда қомақты, 51 млн теңге. Қатысушы ауылдар ерекше серпінмен тыңғылықты дайындалған. Сондықтан да үздіктер ішінен «үлгілісін» таңдау жұмысшы комиссияға оңайға түспегені анық.
Байқау қорытындысы бойынша үзеңгілестерінен оза шауып, үздіктер қатарынан көрінген Шиелі ауданының Гигант ауылы ІІ орынды жеңіп алып, 7,5 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ауылдың көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары және санитарлық тазалығы бойынша сынға түскен байқауда топ жарған Гигант ауылының халқын жеңісімен құттықтаймыз. Осы ретте басшылық қызметке келген алғашқы сәттерінен бастап оң өзгерістер әкелуімен көзге түскен ауыл әкімі Айтбай Жандарбековтың да қажырлы еңбегін ескере кеткен жөн. Алдағы уақытта қаржылай сыйлықтың 80 пайызы ауылды көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына жұмсалатын болады.
Тәуелсіздік мерекесімен қатар келген марапаттарыңыз құтты болсын! Бірлігі мен берекесі жарасқан ауылдың еңсесі биік болып, абыройы арта берсін.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ