Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚ ЖАНАШЫРЛАРЫ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

ТАЗАЛЫҚ ЖАНАШЫРЛАРЫ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

«Birge: Taza Qazaqstan» ­акциясы алғаш рет 2019 жылы бастау алды. Акцияның барлық кезеңі ішінде оған еліміздің 650 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Бұл экочелленджде шиеліліктер де белсенділік көрсетті.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық эконауқанға белсенді түрде қатысқан азаматтарды марапаттады. Тазалыққа жіті мән беріп, туған жеріне жанашырлықпен қарайтын бірқатар азаматтарға шипажайларға жолдама табыс етілді. Ал алдағы уақытта тазалығы бойынша үздік атанған ауылдарға жаңа саябақ, ойын алаңы мен бағалы сыйлықтар берілетін болады.
«Достық үйінде» өткен салтанатты іс-шарада өңір басшысы алдымен президенттік сайлау науқанына белсенділік танықтан сырбойылықтарға алғысын жеткізіп, ауызбіршілігінің арқасында Қызылорда облысы үздіктер қатарынан көрінгенін атап өтті.
– 20 қараша күні жылдың ең ауқымды әрі ең маңызды саяси оқиғасының бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Қашанда ауызбіршілігі мен ынтымағынан айнымаған Сыр халқы елдің болашағы айқындалатын сындарлы сәтте Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор сенім артып, дауыс берді. Мызғымас бірлігіміздің, тату тәтті тірлігіміздің, қазақы болмысымыз бен жарқын болашаққа деген халықтың зор сенімінің арқасында сайлауға қатысушылардың саны 81,07 процентті құрап, аймағымыз үздіктер қатарынан көрініп, республика бойынша екінші орынға тұрақтады. Ел жаңғыруының бастамасы ретінде маусым айында Ата Заңымыз Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткізілген республикалық референдумда да Сыр жұртшылығы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарынан көрінген болатын. Бұның барлығы да аймақ тұрғындарының Мемлекет басшысына деген сенімі, стратегиялық реформаларын қолдауының нәтижесі», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сындарлы кезеңде азаматтық белсенділігі және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен азаматтарды Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Алғыс хатымен марапаттады.
Сондай-ақ аймақ басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge: Taza Qazaqstan» акциясын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан сырбойылықтарға алғыс білдірді және алдағы уақытта да тазалық пен көркейту-көгалдандыру шараларына белсене қатысуға шақырды.
Күннің ыстығы мен желдің өтінде тынбай еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек азаматтарына «Көкшетау», «Мерке», «Сарыағаш» және «Жаңақорған» емдік-сауықтыру шипажайларына 30 жолдама табысталды. Одан бөлек, акция нәтижесімен үздік атанған 7 ауылдық округке су сорғысы берілді.
Ал келесі жылдан бастап конкурс арқылы «Үздік аудан орталығы»,«Үздік ауыл» және қала ішіндегі «Үздік мөлтек ауданды» анықтап, жеңімпаздарды қоғамдық ұйым өкілдері, экобелсенділер мен еріктілерден құралған тәуелсіз комиссия таңдайтын болады.
«Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша І орынға арнайы жол тазалағыш КАМАЗ және қалдық тасымалдаушы МАЗ автокөлігі, ассенизатор мен кран-манипулятор берілсе, ІІ орынға қалдық тасымалдаушы көлік, ассенизатор және жол тазалаушы трактор, ал ІІІ орынға ассенизатор мен жол тазалаушы трактор сыйға берілмек.
«Үздік ауыл» номинациясын иеленген үш ауылға да бағалы сыйлықтар табысталады. І орын алған ауылға жер қазатын трактор мен самосвал ЗИЛ автокөлігі, ІІ орынға жер қазатын трактор мен тіркеме, ал ІІІ орынға жер қазатын трактор беріледі.
«Үздік мөлтек аудан» номинациясы бойынша І орынға сквер, спорттық алаңмен жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. ІІ орынға абаттандыру мен спорттық ойын алаңын салса, ІІІ орынға абаттандыру жобалары сыйға берілмек.
Келесі жылы елді мекендерде тазалық, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен айналысатын арнайы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды құрып, оларға облыстық бюджеттен материалдық-техникалық базасын нығайтуға қажетті техникалар сатып алынады.
Қоса кеткен жөн, Нұржан Ахатов аудан әкімі болып тағайындалысымен кенттің тазалығын бірден қолға алды. Апта сайын түрлі сенбіліктер ұйымдастырып, өңірдің өңін ашуға, гүлдендіруге, қоқыстан арылтуға барын салуда. Біз бұның бәрін басылым бетіне шығарып жүрміз. Кент орталығында мұнтаздай тазалықты мұрат тұтқан эконауқанның біразы ұйымшылдықпен өтті. Атап өту керек, тазалық шарасына қатысушылар қажетті құрал-жабдықтар, қолғаптар және қоқыс салатын қаптармен қамтамасыз етіліп, 11 техника жұмылдырылды. Сенбілікке мекеме, кәсіпорын, дербес бөлімдер, теміржол мекемелері, аурухана ұжымдары мен кəсіпкерлік нысандар жəне кент тұрғындары да белсенділік таныттып келеді. Аудандағы жаппай жүргізілген мезеттік санитарлық тазалық жұмыстары кезінде кент орталығының өзінен 30 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылған болатын. Жалпы аталған акцияның негізгі мақсаты – өздері тұрып жатқан елді мекенді түрлі қоқыстан тазарту ғана емес, тұрғындар бойындағы экологиялық мәдениетті жетілдіру.

«Өскен өңір» ақпарат агенттігі

03 желтоқсан 2022 ж. 292 0