Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ ҚЫРЫН КЕТПЕСІН

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ ҚЫРЫН КЕТПЕСІН

Халқымыз сонау заманнан қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оны тіршіліктің тірегі, әлемдегі ізгіліктің алтын діңгегі деп бағалаған. Нәзік жандыны көркем ететін оның ұяңдығы екенін білген қазақ бұрымдысын сыпайы, ибалы етіп өсіруге тырысқан.
Сол себептен шығар, «қазақ қызы» десе, көз алдымызға бет-жүзінде ұяңдығы бар, ата-әже тәрбиесі арқылы есін біліп, ақылы қатайған, отбасындағы шаттықтың алауын маздата алатын, мінезі көркем әрі табанды қыз баласының бейнесі елестейді. «Тотыдайын таранып», «Кер маралдай керілген» аруларға арналған небір теңдессіз теңеулер мен ақындар жазған арнаулар, тіпті халық даналығындағы қыз баласына қатысты түрлі нақыл сөздердің өзі қазақтай өрісі кең, өнегелі елдің киелі топырағында өскен сол нәзік жандылардың тәрбиесіндегі зор құндылықты көрсетеді. Ал қазіргі қазақ қыздарынан сол биязы мінезді, әдемі ұяңдықты байқай аламыз ба?
Қыз тәрбиесіне немқұрайлы қарай алмайтын халқымыздың қанына сіңген қасиеттің себебі болар, қазір ел аузында көп талқыланатын мәселенің бірі – қоғамдағы қыз баланың бейнесіне байланысты. Әсіресе үлкендер арасында қыздардың бітім-болмысына көңілі толмайтындар көп. Иә, олар бұрынғы Баян сұлу мен Қыз Жібектің, кешегі Әлия мен Мәншүктің бойындағы ибалылықты іздейді. Бірде:
— Қазіргі қазақ қыздарының бойында ұяңдық жоқ. Шетелге еліктегендері болар, мәдениетімізге жат қылық көрсетеді, – деген үлкен буын өкілінің сөзін өзімнің де естіп қалғаным бар.
Қыз баланың ұяңдығы оны сырттай даралап көрсететін, көзге көрінбейтін асыл тәжі іспетті. Өкініштісі, қазақ аруларына ғана тән осы бір мінездің бүгінгінің бұрымдылары арасында азая бастағаны. Жалпы қазіргі жастардың ашық мінезді, жаңа ортада еркіндікті ерікке жіберетіндігі, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген құндылықтардан алшақтап бара жатқаны байқалады.
Себебі де түсінікті. Алғашқысы, бүгінде кейбір ата-ананың баласымен араласуға уақыты жоқ. Сананы тұрмыс билеген тұста күнделікті күйбең тірліктен арыла алмай жүрген көпшілік баласының материалдық қажеттілігін өтегеніне мәз. Оның үстіне әжелер мектебінен де ақсап тұрғанымызды кімнен жасырамыз? Бұған ғаламтор мен әлем желінің ықпалын қосыңыз.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Оң жақта отырғанда жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз» деп жазады.
Міне, кешегі қазақ қыздары ата-анадан осылай тәрбие алып, өз отбасының ұйытқысы бола білді. Сондықтан да қай заманда болмасын «Қызға қырық үйден тыйым» жасаған халқымыздың қанына сіңіп, бойына біткен қастерлі қасиеттерін ұмытпағанымыз жөн.
Қазақтың «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» дегені қыз тәрбиесінің маңыздылығын әрдайым еске салып, ұлт тәрбиесінде иманды да ұлағатты, ізетті де инабатты қыз тәрбиелеудің аса маңызды екенін еске салып тұрғандай.

Таслима ӘЛІШЕР,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 4-курс студенті
06 ақпан 2023 ж. 485 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930