Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘКЕЛЕР КЕҢЕСІ КЕРЕК ПЕ?

ӘКЕЛЕР КЕҢЕСІ КЕРЕК ПЕ?

Бүгінде Отан алдындағы борышы – әскерге барудан қашатын жас­тар көбейіп келеді. Бұған не себеп? Сырға таққан ұлдармен сыр бөлісетін әкенің жоқтығы ма? Әлде қазіргі қоғамда әке рөлінің төмендегені ме?
«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақыл әкенің қадір-қасиетін артық сөзсіз-ақ ұғындырып тұр. Баланың бойындағы ермінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әке арқылы қалыптасады. Әкенің бойындағы қасиет балаға беріледі. «Әке көрген оқ жонар» дейді ғой дана халық. Қазір балабақшадағы, мектептегі, университеттегі тәрбие әйел адамдардың қолында екені жасырын емес. Баланың санасы қалыптасу кезеңінде әкенің тәрбиеге араласуы өте маңызды. Қарапайым ғана шеге қағу, балға ұстау, ат міну, электр тоғын жалғау сынды әйелдің шамасы келмейтін шаруаларға баулу да әке мойнына артылған.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарым-қатынас жасағандарың» деген хадисі бар. Сондай-ақ Алла елшісі «Ешбір әке баласына көркем тәрбиеден артық мұра қалдыра алмайды» деп айтқан. Осының бәрі Ислам дінінің отбасына ерекше назар аударатын, үйдегі әкенің рөлін айқындап, оның мойнына зор жауапкершілік жүктейтінін көрсетеді.
Әдетте қазақ бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі екенін ежелден біледі.
– Қазір мектептерде сабақ беретін ұстаздардың 90 проценті – әйел адамдар. Ата-аналар жиналысына баратындардың да басым бөлігі – әйелдер. Яғни балалардың тәрбиесіне араласып отырған жетекші адамдар әйелдер болғанына байланысты бүгінде бізде әскерге барудан қашатын ынжық, әскердегі сынақтарға төзе білмейтін әлжуаз жігіттер өсіп келе жатыр. Бұл мемлекетте ер адамдардың, қоғамда әке рөлінің төмендегенін көрсетіп отыр. Сондықтан әкелерге уақыт ­тау­ып бала тәрбиесімен айналысуға мән берілу керек. Оған қоса мектеп жанынан әскери өмірге дайындайтын әскери клубтар ашуды ұсынамын, – дейді кент тұрғыны А.Ашуров.
– Мектепте ата-аналар жиналысын өткізсек, көбіне аналар келеді. Содан кейін оқушының әкесіне хабарласып неге жиналысқа өзі келмейтінін сұрасақ, көпшілігінің айтатыны «әйел адамдардың арасында қалай отырамын» дегенге саяды. Сондықтан мектепте «әкелер кеңесін» құруды қолдаймын. Бұл өз нәтижесін берері сөзсіз. Өйткені, қанша жерден жігерлі, мықты болғанымен, әйел адам әкенің тәрбиесін бере алмайды. Әкесімен сөйлесіп, сырласып, достасып, оның қолдауын сезініп өскен бала өз-өзіне сенімді әрі табыс­ты болады. Халқымыз «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген сөзді текке айтпаған, – дейді №49 мектептің мұғалімі М.Дүйсебекова.
Қазір «әкелер кеңесі», «әкелер мектебі», «әкелер слеті» секілді тіркестерді жиі еститін болдық. Бұл да сеңнің жылжып, шөптің басы қозғалғандай бір жақсылықтың нышаны шығар. Оған қоса соңғы кездері еліміздің барлық білім беру мекемелерінде «Әкелер кеңесін» құру көзделген. Мұндағы мақсат – бала тәрбиесіне әкені араластыру, отбасындағы әкенің орнын айшықтау. Яғни «Әкелер кеңесі» отбасылық құндылықтарды сақтап, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру мақсатында жұмыс істейді. Әрине кеңес жұмысы құжат бойынша ғана емес, іс жүзінде жүзеге асса ғана нәтижелі болатыны айтпаса да белгілі.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
26 шілде 2022 ж. 833 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930