Төркіндеу – түбі терең дәстүр

Иә, қазақ халқында қыз төркіндеп барса, жиен нағашылап, күйеу қайындап барады. Олардың барлығы да құр алақан қайтпайды, керісінше ерекше құрметке ие болады. Соның ішінде төркіндеу дәстүрі бойынша қызды отбасы, барлық жақындары, туған-туысы қонаққа шақырып, ерекше ілтипат танытып, қалаған заттарын әперіп, риза қылып аттандыруы тиіс. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген нақыл сөз осындайда туындаса керек. Қыз үшін аяулы да тәтті кез – ұзатылғаннан кейінгі, яғни отбасылық өмір. Бұл шақтардың да өзіне тән бірнеше салт-дәстүрлері, жоралғылары мен ырым-тыйымдары бар. Мәселен, ұзатылған қыз жыл өтпей төркіндеп келмейді. Оның астары қыз жат жерге бауыр бассын, төсегіне суып қалмасын, қадірі қашпасын, абыройы биік болсын, барған жеріне сүйіспеншілігі артсын деген тәлім-тәрбиеге негізделген. Аталған дәстүрдің бүгінгі хал-жайы туралы жасы жетпістің желкеніне тартқан Шәмшат Әбдіраманова әже айтып берді.
– Төркіндеу дәстүрі бұрыннан бар. Тіпті қазір де өз маңызын жоймаған. Күйеубала қайынжұртының табалдырығын алғаш рет аттағандықтан, бұны кейде «есікашар» деп те атайды, яғни күйеубалаға отқа май құйғызады, шашу шашады. Қадамы оң, ниеті адал болсын деген ниетпен оң аяқпен басқызады. Әрі қарай үлкен таныстық, яғни қыздың ата-анасы, бауырлары, бүтін бір әулетпен танысады, яғни қайынжұртпен тіл табысады. Күйеубалаға арнайы төс беріледі. Жалпы бұл дәстүрдің пайдасы көп. Екі рулы елді таныстырып, туысқандық қарым-қатынасты нығайтады, – дейді ақ жаулықты әже.
Қай халықты, елді алып қарасақ та, өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, дәстүрі болады. Олардың барлығы сол халықпен бірге жасасып, оның тарих беттерінде өшпестей із қалдырады. Бүгінгі біз мақалаға арқау еткен «төркіндеу» дәстүрі де тура солай. Оның әлі күнге дейін өз маңызын жоймай келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды.
Фариза КЕНЖЕШОВА