Балалығың ұстаса, нағашыңа бар
Ес білгелі сәттен бастап нағашылар ауылына барған ұнайтын. Өйткені, жолымыз түсіп бара қалсақ, бар тәттісін аузымызға тосып, не сұрасақ та көңілімізді қалдырмайтын. Тіпті өзімізге қалаған дүниені жиендік жасап алатынбыз. Арасында «Жиенге сот жоқ» деп еркелейтінбіз. Шынында да, мен сияқты барлық адам нағашыларынан сондай құрмет-қошемет көретіні рас. Өйткені, болмысы бөлек халқымызда туысқандық қарым-қатынас жақсы сақталған. Әсіресе, қазақ үшін «жиен» қашанда қадірлі, сыйлы.
Иә, қай салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, ырым-тыйымды алсақ та, тәлім-тәрбиеге негізделетіні хақ. Бүгінгі тақырыпқа арқау болған жиендіктің де астарында терең мағына жатыр. Қылықты қыз уақыты жетіп, бойжеткен шақта тұрмысқа шығады. Екі елді байланыстырады. Осы тұста халқымыз «Ұл – ырыс, қыз – өріс» деп тәмсілдеген. Қыздан туған ұл мен қыз «жиен» саналады. Алысты жақындатқан жиендер құрметті қонақ болып есептелген.
Иә, қай салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, ырым-тыйымды алсақ та, тәлім-тәрбиеге негізделетіні хақ. Бүгінгі тақырыпқа арқау болған жиендіктің де астарында терең мағына жатыр. Қылықты қыз уақыты жетіп, бойжеткен шақта тұрмысқа шығады. Екі елді байланыстырады. Осы тұста халқымыз «Ұл – ырыс, қыз – өріс» деп тәмсілдеген. Қыздан туған ұл мен қыз «жиен» саналады. Алысты жақындатқан жиендер құрметті қонақ болып есептелген.
Деректерге сүйенсек, жиен сөзінің пайда болуы тіптен қызық. Ертеде қыз бала-шағасымен төркініне барғанда, қыздың туыстары оның баласына мал таңдатады екен. Бала қалаған малын таңдап, ен салып кетеді. Жаз шыға мал толысқан соң, әлгі бала нағашылап келгенде, нағашысы «Балам, жи еніңді!» деп малын жинатып алыпты. Содан «жиен» атауы осылай пайда болыпты деген сөз бар халық арасында. Жалпы жиендік жасау деген не? Жиеннің қоғамдағы орны қандай? Бұл туралы бізге жасы жетпісті еңсерген апа, Шиелі кентінің тұрғыны Ұлған Қошқарова айтып берді.
– Қазақ халқы туыстық қарым-қатынасқа аса қатты мән берген. Жеті атадан аспай, қыз алыспағанын да айта кету керек. Адамдар арасын жақындатып, сыйластық тудыратын осы ерекше қасиетіміз жаһандану заманында өзге ұлттың жетегінде кетпей қалуымызға да себепкер болды деп ойлаймын. Сондықтан осыны жас ұрпаққа әркез түсіндіріп, ұғындырып отыруымыз керек. Ал енді жиен туралы айтайын. Жиен – қыздың баласы. Қазақ қыз баласын қонақ санап, төрден орын берген, барлық тәтті-дәмдіні соның аузына тосқан. Сол сияқты қыздан туған баланы да аса бағалаған. Тіпті жиенге жоқ демеген. Өзімнің туған 14 жиен немерем бар. Мен өзімнің балаларыма үнемі жиенді сыйлау керектігін айтып отырамын, – дейді ақ жаулықты апа.
«Үйдің жақсы болуы – ағашынан», Жиеннің жақсы болуы – нағашыдан» деген мақал да тектен тек айтылмаса керек. Кейде баланың әншілігін, ақындығын, тағы сол сияқты қандай да бір ерекше қасиеттерін байқай қалсақ, нағашысына тартыпты деп айтып жатамыз. Өйткені, нағашы жұрт қашанда жиеннің қыңыр-қиқар, оғаш мінезін көтере жүріп, ешқашан сыртқа теппей, жөн-жосықты білуге тәрбиелеп, жігерлендіреді, кез келген талабын құп алып, демейді. Тіпті жиеніне үлкен той жасап беретін де нағашылар кездеседі арамызда. Сол себепті «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар» дейді. Көрдіңіз бе? Жиен қанша жерден бұзықтық танытса да, оған әзіл-қалжыңмен жауап бере отырып, тура жолды сілтейтін нағашыда қандай тәрбие жатыр десеңізші? Сондықтан нағашыларының бірінің болмысы, бірінің мінез-құлығы, ақылы, өнері жиенге жұғуы заңдылық емес пе?
Фариза КЕНЖЕШОВА