Төркіндеп келіп еді, төріне шығарды
Қазақ «қыз – жат жұрттық» деп, оны төрге отырғызып, барлық тәтті-дәмдіні соның аузына тосқан. Әкесі қызын еркелетіп өсірсе, анасы бұрымдының бойына бар тәрбиені сіңіруге тырысқан. Ал уақыты жетіп, қылықты қыз бойжеткен болған шақта құтты орнына қондырып, ақ жол төсеп, абыроймен ұзатқан. Міне, қазақ болып жаратылған әр қыздың өмір жолы осылай жалғаса береді.
Бірақ қыз үшін аяулы да тәтті кез ұзатылғаннан кейінгі өмір. Бұл шақтардың да өзіне тән бірнеше жоралғылары мен тыйымдары да бар. Мәселен, ұзатылған қыз жыл өтпей төркіндеп келмейді. Оның астарында қыз жат жерге бауыр бассын, төсегіне суып қалмасын, барған жеріне сүйіспеншілігі артсын деген тәлім жатыр.
Осындай тәлім-тәрбиемен сусындап өскен Бестам ауылының қыздары жұма күні туған өлкесіне төркіндеп келді. Ерекшелігі, олар құр қол емес, әуезді әнімен, ырғақты биімен, қағытпа қалжыңымен өз босағаларын аттады. Нақтырақ айтар болсақ, 31 қаңтар күні Бестам ауылында Алғабас ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Төркіндеп келдім, төріңе шығар» атты концерт өтті.
Болмысы бөлек шараға қос ауылдың тұрғындары және Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Әділбек Бегайдаров, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Айжамал Әбдіхамитқызы қатысты. Шара басында М.Мырзагелдиева кеш туралы мағлұмат беріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл тіледі. Содан соң кештің арнайы қонақтары, ақ жаулықты аналар Үміткүл Боранбайқызы мен Бегайша Қошқарованы қошеметпен құрметті орынға жайғастырды.
Бұрын соңды Бестам ауылында болмаған кештің шымылдығы А.Ысқақованың «Қызымын елдің» әнімен түрілді. Әсем әннен кейін шараны Алғабас ауылдық мәдениет үйінің басшысы, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Кенжебай Жүсіп жүргізді. Ол сөз барысында көпті көрген кейуаналардың өнегелі өмірін сөз етіп, қатысушыларға ой саларлық аңыз-әңгіме айтты. «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары жүреді» дегендей, К.Жүсіп кешті жүргізу барысында әзілді де айтып, көпшілікті күлкіге қарық қылды.
Ән мен әзіл үйлесім тапқан шарада Алғабас ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ мәдениет үйінің қызметкерлері Ұ.Сандыбаева, А.Қарқынбаев, А.Қазнабек, С.Досжановтың шараға тыңғылықты дайындалғаны да жиналған қауымның көңілінен шықты. Ал драма үйірмесі мүшелерінің орындауындағы «Алу мен салу», «Әкім мен кәсіп» сынды К.Жүсіптің интермедиасы бестамдықтардың есінде ұзақ сақталатыны анық.
Қыз қадірін түсіндіріп, келіндік өмірден үлгі көрсеткен кештің тағы бір ерекшелігі жан-жақтан ағылып келген тілектер еді. Көңілді шарада бейнеролик арқылы Ү.Боранбайқызының қызы А.Піржанова Канададан нағашыларына деген ыстық лебізін білдірді. Сонымен қатар Б.Қошқарованың Нұр-Сұлтан қаласындағы қайнысы Айтбайдың құттықтауы, жеңгесіне деген жылы сөздері көпшіліктің жүрегіне жылулық ұялатты. Кеш барысында Бестам ауылына жиендік жасап келген Ү.Боранбайқызы мен Б.Қошқарованың ұлдары нағашыларына шапан жауып, ілтипат танытты. Сондай-ақ Алғабас ауылының әкімі Ә.Бегайдаров ауыл тұрғындарына алғысын айтып, келер күнге сәттілік тіледі. Ал ауыл ақсақалдары ұйымдастырушыларға ақ батасын беріп, төркіндеп келген қос анаға сый-сияпат жасады. Осылайша енші бөліспеген екі ауылдың тұрғындары шат-шадыман күйде шараны аяқтады.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ