Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ

ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ

Әділ сот төрелігінің саласына білімді де құзырлы мамандардың келуі қашанда маңызды. Олар адам тағдыры үшін үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезінуі, азаматтардың құқықтары мен бостандығына нұқсан келтірмей, заңды мүдделерін еш ымырасыз қорғауы қажет. Міне, бұл талаптардың бүгінде орындалуы қалай? Ширек ғасыр уақыттың ішінде еліміздің сот жүйесінде орын алған өзгерістер мен жаңалықтар аудандық сот төрағасы Нұржан Бекетаевпен арадағы сұқбатқа өзек болып өрілді.

– Қайырлы күн, Нұржан Нұраддинұлы! Заң үстемдігін қамтамасыз ету реформасының мақсаты – сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтып, сот төрелігінің тиімділігін арттыру. Осыдан 7 жыл бұрын бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көштік. Жаңа сатылы сот жүйесінің артықшылықтары туралы айтып өтсеңіз.
– Иә, 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енген жаңа Азаматтық процессуалдық Кодексі үш сатылы сот жүйесіне көшу нақтыланды. Бірінші саты – аудандық және оларға теңестірілген соттар, апелляциялық саты – облыстық сот, кассациялық саты – жоғарғы саты болып бекітілді. Үш сатылы сот жүйесіне көшу бірақ сәтте ойлап табылған нәрсе емес. Оның үстіне үш сатылы сот жүйесі халықаралық тәжірибеде қолданыста бар үрдіс. Әлемдік сот тәжірибесіне сүйенсек, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін әдейі ұзартуға және сот шешімін ұзақ уақытқа созуға ықпал етеді. Ал үш сатылы сот жүйесінің артықшылықтары көп. Біріншіден, сот шешімдерінің шапшаңдығын арттырады. Екіншіден, қарапайым халықты әуре-сарсаңға салмай, сот істерінің созбалаңға салынуына жол бермейді. Сот сатыларының бес сатыдан үш сатыға азайуы апелляциялық сатының рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын әкімшілік істерге де сот шешімі шығарылады. Сол шығарылған сот шешімдеріне апелляциялық шағым келтірілсе, мұндай істерді судья жеке дара қарайды. Апелляциялық саты бойынша басқа істерді үш судьядан тұратын алқа қарайды. Сонымен қатар қылмыстық теріс қылық бойынша, онша ауыр емес қылмыстар және сот үкімін орындау мәселелеріне қатысты істерді судьялар жеке дара қарай береді. Биылғы жаңа жылдан ­бастап облыстық сотта тек апелляциялық алқа жұмыс жасағандықтан істерді қарау уақыты бұрынғымен салыстырғанда көп қысқартылады дегенге негіз бар. Бұрын бірінші сатыдағы қаралған істер бойынша ескі заңға сәйкес сот шешімдеріне тараптар шағым немесе арыздарын он бес күннің ішінде берулері қажет болатын, ал қазіргі жаңа заңға сәйкес, бұрынғы он бес күн бір айға ұзартылды. Қысқасы, үш сатылы сот жүйесіне көшуіміз құқықтық қоғамды дамытуға бағытталған басты қадам болды.
– Сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігіне қос тарапты бітімгершілікке келтіріп, табыстыру да кіреді. Соттың осы бағыттағы жұмысына аз-кем тоқталсаңыз. Сот залына татуласып шығатындардың қарасы көп пе?
– Әрине, адам сотқа жетіскендіктен келмейді. Әртүрлі дау-дамаймен әділдік, туралық іздеп келеді. Қазіргі таңда күрделі әкімшілік істер болмаса, медиацияны пайдаланған тиімді әрі уақыттан ұтады. Ал сотқа түскен іс заң талаптарына сай, белгілі бір мерзімде ғана қаралады. Әртүрлі адамдар келеді. Бірақ дені істерді заңды түрде қаратып, әділ шешімдерін алады. Дауласып, ұрысып келгендердің көбі сот процесі үстінде татуласып, бір мәмілеге келіп жатады. Мәселен, өткен жылы медиация тәртібімен татуласқаны – 235 іс. Осыған қарап, сотқа сенім күшейіп келеді деп ашық айта аламын. Қоса кеткен жөн, медиация тәртібімен татуласуға сенім білдіріп жатқандардың саны артқан. 2021 жылы 88 іс қана қаралса, 2022 жылы ол 147 іске көбейген.
– Нұржан мырза, бірнеше жылдан бері судьялық қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып келесіз. Жаңа қабылданған заңға сәйкес, судьялыққа үміткерлерге талап қатайды. Судья халықтың ары демекші, бүгінгі судьяға қойылар талап туралы айтып беріңізші.
– Сұрағыңыз өте орынды. Қазір сот судьясы лауазымына үміткерлерді іріктеу механизмі де қатайды. Енді сотқа төрелік ету – кәсіби біліктілігі жоғары мамандар еншісінде. Қазір судья болу үшін екі үлкен мүмкіндік бар. Бірі – біліктілік емтихандарын тапсыру болса, екіншісі – мамандандырылған магистратураны бітіру. Біліктілік емтихандарын тапсыру жүйесі де үлкен өзгерістерге ұшырады. Оның ішіне компьютермен жүз сұрақтан тұратын тестілеу, психологиялық тестілеу, полиграфиялық зерттеу және билетпен жауап беру сияқты емтихандар да кіреді. Бұл күрделі жүйе және тәжірибелік сынақ арқасында сот жүйесі біліктілігі мықты мамандармен қамтамасыз етіледі деп ойлаймын.
– Жасыратыны жоқ, қарапайым халық әлі де сот атауын естігенде үрке қарайды. Осы көпшіліктің сот төрелігіне деген сенімін нығайту үшін не істемек керек?
– Бүгінде сот жүйесінде жасалып жатқан барлық реформалар жұртшылықтың сотқа деген сенімділігін арттыруды көздейді. Соңғы қабылданған заңдар сот корпусының сапалы жұмыс істеп, заңның толық үстемдігін қамтамасыз етуге барлық мүмкіндіктерді туғызып отыр. Біз өз тарапымыздан сот жұмысының ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге барлық іс-шараларды алып жатырмыз. Сотқа келген әр адамға қажет болса тиісті заңдық түсінік бағыт беру еді. Мамандарымыз келуші тараптармен қоян-қолтық жұмыс істейді. Қазір бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кеңестік кезде сотқа халық қорқып, үрке қарайтын болса, бүгінде сотқа деген халық сенімі айтарлықтай күшейіп келеді.
– Барыс жылын тәмамдап, қоян жылының алғашқы айын да аяқтауға шақ қалдық. Нұржан Нұраддинұлы, өзіңіз басқаратын сот ұжымының өткен жылдық жұмыс қорытындысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудандық сотта 1905 іс түсіп,оның ішінде 683 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралып, аяқталды.Қылмыстық іс бойынша 73 адамға қатысты 58 іс қозғалса, азаматтық іс бойынша 1164 іс қаралды. Айыптау үкімі шыққан 73 адамға қатысты қылмыстық іс бойынша 6 адамға айыппұл салынып, 2 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Ал 33-іне бас бостандығынан айыру, 4 адамға шартты түрде соттау жазалары тағайындалса, 3 адам тағайындалған жазадан босатылды. Әкімшілік құқықбұзушылық істердің 690-ы аяқталды. Оның 683-іне тиісті жаза тағайындалды. Яғни 671-і жеке тұлға, 12-сі заңды тұлға. Атап айтатын болсам, 316 іс бойынша әкімшілік айыппұл, салынып, 294-і әкімшілік қамауға алынды. 44-іне ескерту түріндегі жаза қолданылса, 5-еуіне арнайы құқығынан айыру жазасы қолданылды. Және 24 іс бойынша әкімшілік жолмен елден шығару жазасы қаралды.
– Сүбелі сұқбатыңызға рақмет!
ТҮЙІН: Заңғар жазушы Шерхан Мұртаза «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» дегенді тегін айтпаса керек. Ал тоғыз қабат тор көздің мықты болуы судьяның біліктілігіне тікелей байланысты. Өткен жылы алимент өндіру бойынша 222 іске сот бұйрығы шығарылыпты. Керек десеңіз, жыл басынан бері ажырасуға 20 арыз келіп түсіпті. Отбасы деген қасиетті ұғымның қадірін неге қашырып жүрміз?!

Сұқбаттасқан
Сұлушаш МАДИЯРОВА


30 қаңтар 2023 ж. 298 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930