Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ашық есік күні
Зейнетақы жайлы айтқанда елеңдемейтін жан жоқ бүгінде. Жалпы, 1997 жылы маусым айында «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң қабылданып, 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Сол жылы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) құрылып, еліміздің зейнетақы жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған алғашқы жеке қорлар да ашыла бастады.
1990 жылдары еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген сәтте гиперинфляция мен жұмыссыздықтың күрт өсуінен кеңестік дәуірден мұраға қалған зейнетақы жүйесі жарамсыз болып қалды. Осылайша зейнетақы жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ахуалға сай реформалау қажеттілігі туындады. Реформаның басты мақсаты – азаматтардың қарттық шағына деген жауапкершілігіне негізделген әлеуметтік әділдік қағидасына сай жүйе қалыптастыру, яғни, әр азаматты зейнетақы жүйесіне қосқан үлесіне сай зейнетақымен қамтамасыз ету болатын. Осы орайда, Талаптан ауылдық округінің Балаби ауылының мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен «ҚР жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл: тарихы мен даму бағыттары» деген тақырыпта кездесу өтті. Шараға жүзден аса адам қатысып, қызу пікір талас болды. Ашық есік күні аясында «Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалының бас маманы Сапура Маханова жиналғандарға зейнетақы жүйесінің ерекшеліктері мен даму бағыттары, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осы шараға «МӘСҚ» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша директоры Г.Денеева, Шиелі ауданы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ маманы Ш.Ныгметов және Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі Г.Избенова қатысты. Жүйені одан әрі жетілдіру «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі модернизациялау тұжырымдамасына» сай жүргізілуде. Осыған сай, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап жасы келуіне байланысты зейнеткерлерге тағайындалатын базалық зейнетақы көлемі барлығына бірдей емес: ол еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы қорына қатысу мерзіміне байланысты өзгеріп, толықтырылып тұрады. Бүгінгі таңда азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыру үшін енгізілген бұл өзгеріс базалық зейнетақыны екі есе өсіруге мүмкіндік береді.
Шара барысында қатысушылар өздерін толғандыратын жеке сауалдарына да жауап алды. Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының ашық есік күндері 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл шара сөзіміздің дәлелі.
Ж.Қауғанбаева.