МАЛ ТЕРІСІН КӘДЕГЕ ЖАРАТЫП ЖҮРМІЗ БЕ?
Есіңізде болар, бұрында үлкендер қойдың күзем, жабағы жүндерін тиісті жерге өткізіп, аз да болса ақша қылатын. Ал қазір малдың жүнін кәдеге жарата алмаған малшылар далаға тастап, өртеп жіберіп жатыр. Сонда сойылған малдың терісі ештеңеге жарамсыз болып қалғаны ма? Бұрын далаға тасталмайтын малдың жүні бүгінде неге керексіз болып қалды? Баяғы шөптің басына ілініп қалған бір уыс жүнді көрсе, шүйкесіне орап алатын қазақ әйелі қайда?
Қойдың жүні қайда кетеді?
Шамамен елімізде 6 миллионнан астам ірі қара, 16 миллион ұсақ мал бар. Жылына кем дегенде 5 миллион ұсақ мал, миллионға жуық ірі қара сойылады екен. Бірақ сойылған малдың терісі ештеңеге жарамсыз болып қалуда. Содан да болар, елімізде жылына 13 процент тері өнімі өндіріледі. Әлемдік нарықта сұранысқа ие бренд тауардың бірі саналатын былғары өндірісі біздің елде күннен-күнге жұтаң тартып, кері кетіп барады.
Қойдың жүні қайда кетеді?
Шамамен елімізде 6 миллионнан астам ірі қара, 16 миллион ұсақ мал бар. Жылына кем дегенде 5 миллион ұсақ мал, миллионға жуық ірі қара сойылады екен. Бірақ сойылған малдың терісі ештеңеге жарамсыз болып қалуда. Содан да болар, елімізде жылына 13 процент тері өнімі өндіріледі. Әлемдік нарықта сұранысқа ие бренд тауардың бірі саналатын былғары өндірісі біздің елде күннен-күнге жұтаң тартып, кері кетіп барады.
Жасыруға келмес, елдегі жеңіл өнеркәсіп саласы ақсап тұр. Мемлекет басшысы халыққа айтқан Жолдауында «5 жыл ішінде агро-өнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өнімінің кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын» деген еді. Осы тұста малдың жүн-терісін кәдеге асырып, өнімді экспорттамасақ та, өзімізді сапалы тауармен қамтамасыз етсек те жарар еді. Әйтпесе, малдың терісі мен жүні қадірсіз қоқысға айналып, көрінген жерде құрттап, шіріп, керексіз үйіндіге айналуда. Онсызда біз тұратын аймақ экологиялық зонада тұр. Ендігі жерде жүн-теріні пайдаға жаратпай өртей берсек, тұрғындардың денсаулығы не болмақ? Біреулер бұл іске қолдау жоқ десе, енді бірі арзанға сатылатын жүн-тері бизнесімен айналысуға ешкімнің құлқы мен қызығушылығы жоғын алға тартады. Иә, қазір қойдың бағасы бұрынғысынан едәуір қымбаттаған. Ендігі жерде терісі мен жүнін кәдеге жаратсақ дұрыс әрі маңызды болар еді.
Бүгінде жеке шаруалар мен шаруа қожалықтары төрт-түліктен қырқылған жүнін шетелдік бизнесмендердің оңтүстіктегі делдалдары көтерме бағамен сатып алып, сұрыптап, тазалап, оларға жоғары бағамен өткізеді екен. Терінің пайдасын Қытай, Түркия, Таяу Шығыс кәсіпкерлері көруде. Осы күні малдың терісі тон түгіл, тулақ болуға жарамай қалыпты. Қазіргі төсенішіміз – ковролин, жамылғы-жастығымыз – синтепон. Кейінгі кезде бамбук қамысынан өндірілетін талшықтан істелген шұлық, беторамалға дейін тұтына бастадық. Бұл – адам ағзасының бейімделуіне қарай, уақыт өте келе таза табиғи бұйымдарға төзбеушілік дертіне алып келетін қауіпті құбылыс.
Тері илеуді қазақ «беске» білетін
Қазақ халқы төрт түліктен алынатын барлық өнімді пайдасына асырған. Тұрмыс-тіршілікте малдың етін, сүтін азық етсе, терісі мен жүнінен мата жасап, киім-кешек тігуге пайдаланған. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қазақ үйдің киізін, әртүрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасалған.Малдың әр бөлігінде терісі жұқа, қалың, жүнді болып келетіндігіне байланысты жондық, қабырғалық, үйектік, пұшпақ мойын, таңлақ деген бөліктерге бөледі.
Ірі қараның терісін – сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп атаған. Жылқы терісі – бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөлінеді. Түйе терісін – атан тері, бота терісі дейді. Қой терісі – жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ тері, сеңсең тері, елтірі, мари, жылбысқы деп бөлінеді.
Жүннен киім-кешекті дайындамас бұрын жақсылап тазартып, жүн дайындау стандартына сәйкес сұрыптап, бояп, өңдеп, иіріп жіп алған. Қазақтар түйенің жабағы жүні мен шудасынан, ешкінің түбітінен, қойдың терісінен әдемі киім-кешектер тіккен. Жылқының жал-құйрығын да пайдасына жаратқан.
Көңілге қонымсызы, қазір Осман империясы мен Кашмирге өнімімізді тасымалдаған бабаларымыздың ізін жалғай алмай отырмыз. Осы тұста тарихқа сәл кідіріс жасасақ. XVI ғасырда өмір сүрген Доспамбет жырау «Күдеріден бау тағып, Кіреуке киер күн қайда?» десе, беріде Ақтамберді жырау «Күдеріден бау тағып, ақ кіреуке киер ме екенбіз» дейді. Жыраулар жырлаған «Күдері бау» тіркесі теріден жасалған бау деген мағынада қолданылған. Ал кіреуке – әбден иі қанып жұмсартылған бұғы, бұзау терілерінен иленіп, өңделген былғары. Ол жұмсақ әрі беті барқыт тәрізді түкті болады екен. Жұмсақ болғанымен оңайлықпен жыртыла қоймайды. Күдеріден сырт киім, аяқ киім, қолғаптармен қоса сәнді киімдер тігілген. Оқалы, кестелі, жарғақ шалбарлар және шапан, тұскілем тігу қазақ қолөнерінде кеңінен таралған. Иә, малдың терісін лақтыра салмай, кәдеге жаратсақ, жеңіл өнеркәсіпте дамып, көпке үлгі болар едік.
Көбі біледі, түріктер тоқыма өндірісін өркендету арқылы миллиардтаған қаржыны қазына қамбасына құйып, мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыруда.Сол сапалы әрі сәнді тоқыма киім арқылы әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналды. Бұл деген сөз – мал жүн-терісінің нарық заманында құнын жоғалтпағанының айғағы. Кеңес одағы дәуірлеп тұрған кезде қалдықсыз өнім саналатын қой жүнінің шайырына дейін игерген заман болған. Ал Қиыр Шығыс, Саха, Бурият елдерінен қой жүнінен жасалған ұйық-байпақ, тері кеудеше, тон секілді киімдерге тапсырыс көп түсетін. Кейінгі кезде осы елдермен де байланыс үзілді.
Тұралаған кәсіпті түлетудің жолы қайсы?
Қазақстанда кәсіптің бұл түрі мүлдем жоқ деуге де келмейді. Мақаланы жазу барысында зерттеген болатынбыз. Қазақстан бойынша тері өңдейтін 17 кәсіпорын бар екен. Оның алтауы өңделмеген теріден дайын теріге дейін қайта өңдеу жүйесімен жұмыс істейді. 3 кәсіпорын қой терісінен дайын бұйымдар шығарумен айналысса, қалған 8 кәсіпорын жартылай былғары фабрикаттарын шығарады.
Жоғарыда айтып өткендей, малдың жүн-терісін жинап, кәсіп қыламын дейтін жандарға қолдау аз. Осыған байланысты аудандық кәсіпкерлік және туризм бөліміне хабарласып көрдік. Ондағылар жыл сайын шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қайтарымсыз гранттар үлестірілетінін, бірақ өтініштердің арасында жүн-тері кәсібін дөңгелетуге ниеттілер кездеспейтінін айтады. Себебі көбі нарық талабына сай заманауи кәсіп түрлерін дамытқысы келеді. Тұралаған ата кәсіпке қолдаудың, табыстың аз болғаны үшін жоламай ма, кім білсін?!
ТҮЙІН: Иә, кез келген кәсіп түрін бастығысы келген жанды мемлекет әркез қолдауға әзір. Заман талабына сай түрлі бизнесті ашу да орынды. Әлемжелі қарыштап дамыған сайын сатып-алу сайттарының да саны артты. Бірақ қарапайым қазақ үшін төрт-түлік малдың терісін өңдеп, илеп, қайта жандардыру керек сыңайлы. Сонда өзіміздің қазақы брендтің аты шығып, жеңіл өнеркәсіп те дамиды.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ