Теріден неге табыс таппаймыз?
Қазақ халқының өнері қай кезде де бай болған, сол өнердің бір саласы – тері өңдеу мен жүн өңдеу кәсібі. Елімізде жеңіл өнеркәсіп түріне жататын тері және жүнді пайдаға асыруға кәсіпкерлер неге құлықты емес? Төрт-түліктің еті мен сүтінен бөлек терісімен де мол табысқа жетуге болатынын мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер жиі айтады. Алайда айтып қоя салғаннан ештеңенің өзгермесі белгілі. Елімізде тері өңдейтін өнеркәсіп орындары болды. Бірақ кәсіпорындардың көпшілігі өткен ғасырдың соңында тоқыраудан кейін әлі күнге ес жиялмай келеді.
Шамамен елімізде 6 миллионнан астам ірі қара, 16 миллион ұсақ мал бар. Жылына кем дегенде 5 миллион ұсақ мал, миллионға жуық ірі қара сойылады екен. Бірақ сойылған малдың терісі ештеңеге жарамсыз болып қалуда. Содан да болар, елімізде жылына 13 процент тері өнімі өндіріледі. Әлемдік нарықта сұранысқа ие бренд тауардың бірі саналатын былғары өндірісі біздің елде күннен-күнге жұтаң тартып, кері кетіп барады.
Үй жануарларының терілерін өңдеу қазақ өмірінде тым ертеден басталған ата кәсіптің бірі. Біздің айтпағымыз сол әрбір аудан орталығынан тері өңдеу цехын іске қосу турасында болмақ. Өйткені аудан мен ауылдағы ағайындар жылқы, түйе, сиыр, ешкі мен қой жануарларын сойғаннан кейін оның терісін керексіз қылып тысқа лақтырып, не болмаса өртеп жібіреді. Жалпы алғанда өзімізден шыққан таза теріні өңдеп, былғары өнімдерін шығарып, халыққа арзан бағада тұтынсақ, айтарлықтай пайда әкелетінін мамандар алға тартып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ірі қара мал терісін 1000-2500 теңгеге өткізіп, шопандар аз-кем пайдаға кенелген болатын. Ойша есептеп қарайтын болсақ, бір сиырдың терісінен 10 жұп аяқ киім тігіп шығуға болатын көрінеді. 10 жұп аяқ киімнің әрқайсысының бағасы кемінде 15-20 мың теңге. Сонда бір сиырдың терісінен 180-240 мың теңгенің өнімін өндіруге болады. Яғни, шикізатты өзімізде өңдеп жартылай фабрикат дайындап оны шет елдерге сататын болсақ, терінің бастапқы бағасынан 2-3 есе артық табысқа кенелуге болады. Осы орайда Шиелі аудандық ауыл шаруашылық бөлімімен хабарласып, «малдың терісін қабылдайтын арнайы орындар бар ма?» деп сұраған едік. «Бұрындары мал терісін қабылдайтын алып-сатарлар болатын. Ал қазіргі уақытта мал терісіне қызығушылық танытып жатқандар жоқ. Бірақ мал шаруашылығын дамыту, тері өңдейтін орындар ашу мемлекет көлемінде қызу талқыға түсіп жатқан мәселе. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағытқа басымдық беретін болады» деп жауап қатты Раушан Әбдірахимова. Ал төрт-түлікті бағып отырған шаруалар ешкі терісінен басқаның кәдеге жарамайтынын айтты. Көктем, күзгі қырықтықтан соң үйілген малдың жүнін отқа жағатын көрінеді
– Ешкі терісінің бағасы 300 теңге. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан мал терісін өңдейтін арнайы цехтар ашылса бізге де үлкен қолдау болар еді. Күні-түні төрт түліктің соңында жүрген малшалардың еңбегі еш кетпейді. Сонда шетелдің сапасыз аяқ киміне көз сүзбейтін боламыз. Бала кезімізде аталарымыздың малдың терісін бүлдіріп алмай сылатынын талай көрдік. Сосын оны жайып, тұз сеуіп орап тастайтын. Оның да өзіндік әдіс-тәсілі болатын. Сосын әбден иін қандырып илеп, қайыс тілетін, өрімді қамшы жасайтын. Әжелеріміз қой жүнін таза күйінде қапқа салып қоятын. Жіп иіріп, киіз басатын. Өткізетін, болмаса тауарға айырбастайтын. Тіпті малдың тұяғы, сүйегіне дейін кәдеге жарататын. Қалдықсыз технология деп, міне осыны айтар едім. Күзгі салым алып-сатарлар ауылды жиі жағалап, көліктеріне ен байлықты тиеп әкететін. Шыны сол, қазір тері мен жүн бұрынғыдай бағаланбайды, – дейді шопан С.Омарханов.
Иә, қазіргі жұрт қазақтың қоңыр пимасын қытайдың жылуы жоқ сырғыма етіктеріне айырбастап жібергелі де біршама уақыт өтті. Оның сырты сұлу болғанымен, еш жылуы жоқ. Сол сырғыма етіктен ауру тауып жатса да, біздің қазақ бəрібір өзге елдің бұйымдарына қызығуын қоймай келеді. Ал тері шалбар, тері тон киген ата-бабаларымыз ешқашан ауырмаған, суыққа тоңбаған. Сондықтан да олар «Тоғыз қабат торқадан – тоқтышақтың терісі артық» деген. Сол сияқты төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен рөл атқарған және оны ұқсатуды халық бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Ертеде жүннен арқан-жіп есіп, киім-кешек тоқып, қазақ үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті дүниелер жасалған.Ал бұл күнде сан түрлі техника шыққанымен шикізатты әлі де шет елге өткізіп жүргеніміз өкінішті-ақ...
Ш.ШАҒДАТҰЛЫ