Тері өңдеу: жеңіл өнеркәсіптің күре тамыры
Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын дамыту бағытында жасалып жатқан істер жетерлік. Бірақ бір «әттеген-айы» бар. Түзелуі тиіс көштің тізімінде жеңіл өнеркәсіп те болуы тиіс еді. Дегенмен ұмыт қалды ма әлде кезегі жетпей жатыр ма, әйтеуір бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Оны айтасыз, жеңіл өнеркәсіптің «күре тамыры» саналатын тері өндірісінің тағдыры тіпті, қыл үстінде.
Қазір жыл өткен сайын елде, оның ішінде біздің өңірде де мал басы артып келеді. Оған бірден-бір себеп – үкіметтен қабылданған «Сыбаға», «Алтын асық» секілді мемлекеттік бағдарламалар. Бұл ең бастысы халықтың әлеуетін көтеріп, жұмыссыздар санын азайтуға жол ашып отырғаны да рас. Дегенмен бұрынғылар «Ішсең – сусын, жесең – ет, кисең – киім» деп санайтын қорадағы төрт түліктің қадіріне біздер жете алмай жүргендейміз. Өйткені, бұрын ата-бабалар бүкіл киім-кешегін, ыдыс-аяқтары мен күнделікті қолданатын құрал-жабдықтарының біршамасын төрт түліктің терісінен жасап алған. Ал қазір малды сойып, етін жегенге мәз болып, терісін сыпырып алып, қоқысқа лақтыра саламыз. Есесіне сол теріден жасалатын небір дүниені шетелден жүз мыңдаған теңгеге сатып алып жүргенімізді білеміз бе?
Бүгінде базар мен арнайы сауда орындарында теріден жасалған түрік, қытай, қырғыз тондары мен аяқ киімдері сұранысқа ие. Неге? Өйткені, шет елдерде тері өңдеу технологиясы өте жоғары дамыған. Ал біз керісінше, мал терісі мен жүнін сол мемлекеттерге экспорттап күн көріп келеміз. Шетелдіктер болса, бізден алған арзан шикізат арқылы өз елінің бюджетіне миллиондап ақша құюда. Осындайда «Өз байлығымызды өзіміз неге игермейміз?» деген сұрақ туындайды.
Теріден не жасауға болады?
Енді осы сыртқа кетіп немесе өзімізде қалып, шіріп жатқан шикізаттардан қандай өнім алуға болатынын қараңыз. Күздік тері – қазан, қараша айларында сойылған малдың өңі қалың терілері. Бұл теріден тон, шалбар, ішік, бөрік тігуге болады. Соғым терісі – жүндес, қыртысы қалың, мықты терілер. Тақыр тері – жүнін қырқып алысымен сойылған немесе жүнін жидітіп алған тері. Бұдан жарғақ шалбар, қап, тұлып, дорба сынды заттар жасалады. Сеңсең – үш ай мен бес ай аралығындағы қозының қырқылмаған терісі. Көбінесе ішік, тымақ, бөрік, бөстек жасауға қолданылады. Елтірі – туғанына 2-3 ай болған қозы терілері. Одан ішік, тымақ, бөрік, жаға тігеді. Жабағы – қой-ешкінің сәуір, мамыр айларын-дағы жабағы жүні, қопсымаған қалың түбітті терісі. Қырықпа – жабағы жүн мен күзем жүндері қырқылғаннан кейін сойылған малдың сұйық жүнді терісі. Мари – туа салып немесе бір-екі тәулікте өлген қозы-лақ терілері. Бөрік, тымақ тігуге, әдіптеуге, киім тысын көмкеруге қолайлы. Маридің жүні тықыр, жылтыр, таңдай өрнекті болып келеді. Жылбысқы – іште жатып өлген немесе туа салып өлген қозының өте жұқа терісі. Тоқты-шақ терісі – сеңсеңі қырқылғаннан кейін біркелкі майда жүн өскен, 4-5 айдан асқан қозы терісі. Ол – киімнің барлық түрін тігуге жарамды, жеңіл әрі жылы, жұмсақ тері. Одан қаптама тон жасайды.
Бұлар – біздің ұлттық құндылығымыз. Ата-бабаларымыз суықтан қорғану үшін киіз үйді ойлап тапты, тоңбас үшін киім-кешектің түр-түрін, аяқтарына да аяқ киімді тікті. Міне, осының бәрін төрт түліктің арқасында жүзеге асырды. Ал қазір біз сол үрдістен айырылып қалғандаймыз.
Нарықтағы құны қандай?
Бүгінгі таңда былғары киім импорттауда көш басында келе жатқандар – Түркия мен Қытай. Әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3000-ға жуық тері өңделеді екен. Ал оларды тері шикізатымен қамтамасыз етіп отырған бірнеше ел болса, соның негізгісінің бірі – біз. Мәселен, ауылдағы ағайыннан теріні сатып алған алып сатарлар оны шетел асырып жібереді де, сол тері өзімізге Түркиядан не Қытайдан шамамен 50-150 мың теңге аралығында бағаланатын былғары күртеше болып қайтып келеді. Ал елтірі тондар құны 400 мың теңгеге дейін барады. Тіпті қырғыздар бізден асып түсіпті. Олардың 30 пайыз халқы қазір жеңіл өнеркәсіппен шұғылдануда. Қырғыз үкіметі жеңіл өнеркәсіп секторын барлық салықтан босатып, алаңсыз жұмыс істеулеріне бар мүмкіндікті берген. Соның нәтижесінде аталған сала күрт қарқын алып, тауарларын сыртқа шығарып жатыр. Ресей нарығының 7 пайызын қырғыздар қамтамасыз етіп отыр. Тіпті АҚШ-қа да шығаруда. Бұл дұрыс бағыт алған жобаның жемісі болса керек. Сонда жоғарыда сөз болған елдер жоқтан барды жасаса, ал біздің қолда барды ұқсата алмауымыздың себебі неде?
Қазақ та былғары шығарады. Бірақ...
Біздің елде кәсіптің бұл түрі мүлдем жоқ деуге де келмейді. Мақаланы жазу барысында зерттеген болатынбыз. Қазақстан бойынша тері өңдейтін 17 кәсіпорын бар екен. Оның алтауы өңделмеген теріден дайын теріге дейін қайта өңдеу жүйесімен жұмыс істейді. 3 кәсіпорын қой терісінен дайын бұйымдар шығарумен айналысса, қалған 8 кәсіпорын жартылай былғары фабрикаттарын шығарады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елдегі зауыттар жылына 3 млн ірі қара мал терісін өңдей алатынын хабарлаған. Бұл орташа есеппен айына 13 мың теріні құрайды. Оның үстіне тұралап қалған 3 кәсіпорын биылдан бері жұмыс істей бастапты. Олар Қостанай, Павлодар мен Түркістанда орналасқан. Ал қалған 14 зауыт өз өндірісін шамамен 2,5 есеге арттырған. Дегенмен бұл көрсеткіш ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткіліксіз.
Қайтпек керек?
Байқасақ, біз жаңаша бірнәрсе ойлап табудан қорқамыз. Мәселен, біреу балабақша ашып еді, елдің бәрі соны қайталап, бірнеше жылдың ішінде мектепке дейінгі мекемелердің саны артып кетті. Сол секілді қазір кенттегі тойханалардың да санынан жаңылысатын күйдеміз. Кентте ғана емес-ау, бүгінде әр ауылда жергілікті тұрғындардың жиын-тойын атап өтетін бір мейрамхана табылады. Керек десеңіз, екі аттасаң, шаштараз бен моншаға кезігесіз. Жалпы жергілікті кәсіпкерлер қызмет көрсету саласына қарай әбден бет бұрып алған деуге болады. Әрине, бұл жаман емес. Дегенмен, өндірістік бағытты да қалыс қалдырмау керек.
Мәселен, ауданда 60 мыңға жуық мүйізді ірі қара бар.Қой мен ешкінің саны 100 мыңнан асып жығылады.1500 түйе, 16 мыңнан жоғары жылқы өсіріп отырмыз. Осының арқасында жыл сайын қаншама тонналап ет пен сүт өндіріліп жатыр. Ал терісі қайда? Өкінішке қарай малдың терісін қоқысқа тастап, өртеуге мәжбүрміз. Себебі, ауданда оны қабылдайтын белгілі бір орын жоқ. Бар болғанның өзінде терінің бағасы ол жерге апарған шығынды да ақтамайды.
Иә, осыншама малы бар ауданға шағын болса да тері өңдеп, жүн түтетін өндіріс орны қажет-ақ. Дәл қазір киім тігіп, базарға шығармай-ақ қояйық. Бірақ босқа ысырап болып жатқан төрт түлік терісін тым болмаса былғары күйінде, жүнін жіп пен матаға айналдырып, нарыққа шығарсақ, ауданның әлеуеті мен экономикасының да артуына едәуір септігі тиер еді. Бұл үшін жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шетелден заманауи техникалар әкелуге жәрдем берілуі қажет. Ал шикізат көзінен уайымдамасақ та болады. Өзіміздегіні игеріп алсақ, көрші аудандар да жүн-терісін қоқысқа лақтырғанша, азын-аулақ ақшаға өткізуге асық болары анық. Осы орайда іргелес жатқан аудандардағы мал санын саралап көрдік. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы ірі қара саны бізбен шамалас болса, қой мен ешкісі 200 мыңның үстінде екен. Сол секілді Сырдария ауданы да азды-көпті 50 мыңнан аса төрт түлігін түлетіп отыр. Сондықтан ата кәсіптен аяқ тартуға еш себеп жоқ. Тек тер төгіп, еңбек ету қажет.
Тері өңдеу неге тұралап тұр?
Әлемді аузына қаратқан, миллиардтаған кіріс болған «Nokia» телефон шығаратын алып компания банкротқа ұшырады. Неге? Заман талабына сай құралдармен жұмыс жасамағандықтан, сұранысқа ие болмай қалды. Сол сияқты біздің тері саласы да осы себептен тұралап тұр.
Дамымай қалған соң, қазақта тері илеу әдісі кенжелеп қалды. Әйтпесе, кезінде Түркияға былғары танытқан біздің қазақ екенін ешкім жоққа шығармайды. Оған қоса теріден өнімді жасау бір бөлек, ал тауарды ұсыну, яғни маркетинг саласы бір бөлек өнер. Мәселен, Тараз қаласындағы «ТаразКожОбувь» зауытының таза былғары аяқ киімдері базардағы «дермантин»-нің құнымен бірдей екенін жергілікті адамдардан өзге ешкім білмейтіні анық. Осы зауытта 5000 бастап 17 000 теңге аралығында саудаланатын таза былғарыдан жасалған аяқ киімді біз Еуропадан әкеп, кемі 50 мың теңгеге сатып алып жүрміз.
Дайынды сырттан тасымай, өзімізде барды оңтайлы пайдаланатын уақыт жетті. Қашанғы өзге елді байытып, өз-өзімізді өгейсітіп жүреміз? Бар байлықты сыртқа шашпай, төрт түліктің терісі мен жүнінен теңге табатын кез келді.
Гүлхан ЯХИЯ