ҚОЙ ЖҮНІ КӘДЕГЕ АСАДЫ
Қаншама жылдан бері жаппай өртеліп келген қой жүні енді кәдеге асады. Бұл талай жылдан бері көтеріліп, әбден жауыр болған мәселе болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында біз өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалана алмай жүргенімізді ерекше атап өткен болатын. Шынында да, бұл саладағы жетістіктеріміз қомақты болса да, ішкі нарықтың мүмкіндіктері әлі толық ашылған жоқ. Мәселен, өңделген тауарлардың үштен екісіне шетелден алып келеді. Осы орайда Президент қайта өңдеу өндірісін шикізатпен толық қамтуды тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ, тоқыма өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударғаны да белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң қор болған қой жүнін кәдеге жаратудың жолы табылғандай болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында біз өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалана алмай жүргенімізді ерекше атап өткен болатын. Шынында да, бұл саладағы жетістіктеріміз қомақты болса да, ішкі нарықтың мүмкіндіктері әлі толық ашылған жоқ. Мәселен, өңделген тауарлардың үштен екісіне шетелден алып келеді. Осы орайда Президент қайта өңдеу өндірісін шикізатпен толық қамтуды тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ, тоқыма өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударғаны да белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң қор болған қой жүнін кәдеге жаратудың жолы табылғандай болды.
Жақында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Бәйтерек» холдингі тұрғындардан қой жүнін жинау ісін қаржыландыратынын мәлімдеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жүйелі шараларын пысықтаған. Сөйтіп олар Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсібін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасына енгізілді. Бұл жол картасы аталған холдинг арқылы ауыл шаруашылығы жануарларының жүні мен терісін жинау жөніндегі дайындаушы ұйымдарды қаржыландыруды көздейді. Ал жүн мен тері дайындаумен айналысатын кәсіпорындарға қой қырқуға арналған электр құралдарды сатып алғаны үшін субсидия төленбек. «Бұл ретте, инвестициялық субсидиялау шеңберінде жүн мен тері дайындау жөніндегі ұйымдарға мемлекеттік қолдау ретінде жүн қырқу және жылжымалы қырқу пунктерін, қой қырқуға арналған электромеханикалық құралдарды субсидиялау көзделгенін атап өткен жөн», – деді Әлихан Смайылов. Аталған шаралар қой шаруашылықтарынан және тұрғындардан жүн сатып алудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыруға бағытталған.
Дәл қазір қой қырқу науқаны қызу жүріп жатыр. Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде жылына 40 мың тонна қой жүні қырқылады. Аша тұяқтының терісі көміліп, жүні жаппай өртеліп жатқанын көргенде ішіміз ашитын. Бүгінге дейін еті – тағам, сүті – сусын, жүні – киім, терісі бұйым Шопан ата тұқымының қадірі тым төмендеп кеткенін қаншама қаламгер мақалаға арқау етіп, қаншама шаруа күйіне айтты. Шынында да байырғы бабаларымыздың бағына айналған қой шаруашылығын тек еті үшін ұстап келгеніміз рас. Сүтін кәдеге жарататындар да некен-саяқ. Енді көңілге медеу болары – Президент уәде еткен «Естуші үкіметтің» шаруаның базынасына тіл қатқаны.
Әлем елдері ішінде қой шаруашылығы, оның ішінде қой жүнін өңдеу саласы дамыған ел – Аустралия. Он сегізінші ғасырдан бері солай болып келеді. Кезінде дүниежүзі бойынша өндірілетін жүннің 10 проценті осы елге тиесілі болған. Соның ішінде ең сапалы мутонның 50 процентін өндірген. Одан тігілген тондар әлі күнге дейін сәннен түскен жоқ.
Қазір Аустралия кәсіпкерлері қой басын 50 миллионға жеткізіп, әлемге танылып отыр. Ал британдықтар 10 миллион қой бағып, қойдың етін ғана емес, жүнін де пайдаланудың арқасында қыруар пайда тауып, халықтың қазынасын молайтуда. Түріктер тоқыма өндірісін өркендету арқылы миллиардтаған қаржыны қазына қамбасына құйып, мемлекеттің экономикалық әлеуетін көтеріп, сапалы әрі сәнді тоқыма киім, бұйымдар шығаратын әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналды. Бұның бәрі – малдың жүні нарық заманында құнын жоғалтпағанының дәлелі.
Бізде де кеңес одағы дәуірлеп тұрған кезде қалдықсыз өнім саналатын қой жүнінің шайырына дейін игерген заман болған. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдары кеңес әскерлерін қатал қыстардан аман алып шыққан жүн байпақтар екенімен ешкім таласа қоймас.
Иә, қойдың жүні – жылытқыш. Оның микроқұрылымы ерекше. Сондықтан ол ауа өткізгіш, суыққа да, ыстыққа да төзімді қасиетке ие. Артық шығынды талап етпейтін, экологиялық шикізат. Қалай болғанда да қой жүнін дамудың тың жолына айналдыратындай мүмкіндік мол. Еті мен сүтін айтпағанда, терісі мен жүнін өңдеп-ақ аста-төк табысқа кенелуге болатынын шетелдік тәжірибелер дәлелдеп қойған. Қазір Ресейге салынған санкциялар жағдайында жүнді кәдеге жарататын жаңа өндіріс орындарын ашудың реті келіп тұрғандай.
Көтерем қойдай болған жеңіл өнеркәсіптің еңсесін көтеретін жан Шиеліден табылар ма екен? Бәлкім жоғарыда айтқан мемлекеттік қолдауды сезінгеннен кейін кәсіпкерлер ата кәсіпті жалғастыруды жолға қояр?
Гүлхан ЯХИЯ