Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңілдетілген ­автонесие көңілге медеу бола ма?

Жеңілдетілген ­автонесие көңілге медеу бола ма?

Қаншама жылдан бері халықтың наразылығын тудырып, шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – утиль алымы мәселесі. Онсыз да көркі қашқан көлік нарығының көсегесін көгертпей тұрған түйткіл талай рет мінберлерде айтылып,тіпті қаңтар оқиғасы кезінде де көтерілді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы арнайы тапсырма да беріп, нәтижесінде жақын күндері резонанысты мәселеге нүкте қойлғандай болды.
Бірінші вице-премьер Роман Склярдың айтуынша наурыз айынан бастап утиль алым көлемі 50 процентке төмендетілмек. Бірақ мөлшерлеме алдағы уақытта бұдан да кемуі немесе тіпті көбеюі мүмкін. Сонымен утиль алым көліктің барлық түріне және ауыл шаруашылығы техникасына қатысты өзгеріп отыр. Талқыға сан тарап қатысып, шығарылған қорытынды осы дейді Роман Скляр. Сондай-ақ ол елде автоөндіріс жоқ деген әңгімені негізсіз санайтынын айтты.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Авто өнеркәсіпті ынталандыру деңгейі бізге көліктің барлық түріне және ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату алымын 50 процентке дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Енді осы утиль алым жекенің қолына кетеді деп қорқудың қажеті жоқ. Индустрия және экология министрлігі ақшаның нақты бағытта жұмсалуын қадағалап отырады. Қазір депозитте 200 млрд теңге жатыр. Қаражат «Жасыл даму» ұйымы басшысының ескеруінсіз және сала ведомстволарының қол қоюынсыз ешқайда кетпейді.
Бұған дейін утиль алымын толықтай жою туралы ұсыныстар да болған еді. Роман Скляр мұндай шешім неліктен қабылданбағанын былайша түсіндірді:
– Біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында 4 немесе 5 рет келіссөз жүргіздік. Біз утилизациялық алымды толықтай жойсақ, елге ескі автокөліктер кіріп кетеді. Сондай-ақ отандық автонарықты ынталандырудың өзге де жолдарын талқыладық, – деді ол.

Кәдеге жарату алымының төмендеуі кәдеңізге жарамайды
Ал қоғам белсендісі, «Нет утильсбору» қозғалысының өкілі Нұраддин Садықов бұл пікірмен мүлде келіспейтінін айтады. Оның айтуынша, бұл шешімді өзгеріс деп айтуға келмейді, яғни бұл ұйғарым көлік нарығына қандай да бір жаңалық әкелмейді. Расында, құлаққа жағымды естілетін бұл проценттер іс жүзінде автонарыққа ешқандай өзгеріс алып келмейтін секілді. Себебі, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаевтың айтуынша KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, Lada көліктері толығымен елімізде құрастырылғандықтан осы көлік түрлеріне бұған дейін де утиль алым алынбаған.Оның айтуынша, былтыр нарықта сатылған автокөліктердің 65 проценті отандық өнімдер болған. Яғни жаңа көлік сатып алған қазақстандықтардың 65 проценті кәдеге жарату алымын төлемепті.
Енді автокөліктерге кәдеге жарату алымының жаңа мөлшерлемесі мынадай болмақ: қозғалтқыштың көлемі 1 000 см3 -ге дейін 229725 теңге, қозғалтқыштың көлемі 2 000 см3-ге дейін 536 025 теңге, қозғалтқыштың көлемі 3 000 см3-ге дейін 765 750 теңге.

Ауыл шаруашылығына қажетті техиканың 89 проценті отандық өндірістің жемісі
Ал ауыл шаруашылығы техинкасына келер болсақ, былтыр елімізде сатылған ауыл шаруашылығы техникасының 89 проценті отандық өндіріске тиесілі болған. Яғни ауыл шаруашылығына қажетті трактор мен комбайн сатып алған кәсіпкерлердің 89%-і кәдеге жарату алымын төлемеген. Бұл сөздерін Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі былай қуаттады: «Ауыл шаруашылығында Беларусьтың МТЗ тракторына сұраныс өте жоғары. МТЗ бізге келіп зауытын ашты. Тіпті әрі қарай локализацияға барып, кабинасын өзімізде толығымен шығарып, Беларусияға экспортқа жібереміз. Беларусияда кабинасы шығарылмайды. Сонымен қатар Ловол, Кировец, YTO тракторларына сұраныс бар. Яғни халықтың сұранысына ие ауыл шаруашылығы техникасының барлығы өзімізде құрастырылады. Осы техникаларды сатып алу барысында ешқандай утиль алымы төленбейді. Комбайнға келсек, ауыл шаруашылығында жүргендер арасында Россельмаш, Гомсельмаш техникалары сұранысқа ие. Соның ішінде жоғары санаттағы Токана комбайны да бар. Оның барлығы өзімізде өндіріледі. Демек ауыл шаруашылығы саласында техника сатып алғандардың 89%-і утиль алымын төлеген жоқ, қалған 11%-і төледі», – деді М.Қарабаев. Сондай-ақ, вице-министр жоғары санаттағы техника алғандар ескі техниканы тапсырып, 2 млн теңгеге дейін ваучер ала алатынын да еске салды.
Ал жүк көліктері мен ауылшаруашылық техниаларына кәдеге жарату алымының мөлшері төмендегідей болып өзгереді:
2,5 тоннаға дейін – 536 мың 025 теңге;
2,5 тоннадан 5 тоннаға дейін 1 млн 148 мың 625 теңге;
5 тоннадан 8 тоннаға дейін 1 млн 225 мың 200 теңге;
8 тоннадан 12 тоннаға дейін 1 млн 454 мың 925 теңге;
12 тоннадан 20 тоннаға дейін 1 млн 608 мың 075 теңге;
20 тоннадан 50 тоннаға дейін 3 млн 139 мың 575 теңге;
4 проценттік автонесиенің пайдасы қандай?
Утильдік алым мөлшері қайта қаралып жатқан уақытта үкімет 4 проценттік жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта іске қосылатынын айтты. Осыған байланысты бағдарламаға қатысатын көліктер тізімі жарияланып, 10 млн теңгеге дейінгі көліктерді тиімді автонесиемен рәсімдеуге жағдай жасалды.Автокредиттің жылдық мөлшерлемесі 4 процент, ал алғашқы жарна төлеуге қажеттілік жоқ. Несиенің мерзімі 7 жыл. Жеңілдетілген автокредит негізінен қымбат емес көліктерге беріледі. Осылайша, 71 мың адамға жаңа көлікті қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік тумақ. Бүгінде отандық өндірістің келесі брендтері жаңа бағдарламаға қатыса алады. Олар : Hyundai, JAC, Chevrolet, KIA және LADA көліктерінің көптеген маркалары. Ал BMW, MINI, Subaru, Haval, Chery маркалы көліктерінің автосалондағы бағалары кәдеге жарату алымының мөлшерін ескере отырып төмендетіледі.
Айта кетері, бұған дейінгі автокредит бағдарламасы жылдық мөлшерлеме 7 процент, ал мерзімі 7 жыл болған. Бірақ алғашқы жарнасы ретінде 20 процентті құю міндеті болды. Сондай-ақ, 15 миллионға дейінгі көліктерді рәсімдеуге мүмкіндік берілген болатын.

Рамазан ӘНӘПИЯ
25 ақпан 2022 ж. 751 0