Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕЙӘДЕП СӨЗ АБЫРОЙ ӘКЕЛМЕЙДІ

БЕЙӘДЕП СӨЗ АБЫРОЙ ӘКЕЛМЕЙДІ

Жасыратыны жоқ, қазір бейберекет бейәдеп сөзді қолданатындар көбейіп кетті. Құлаққа түрпідей тиетін бейпіл сөздер үшін наурыз айынан ­бастап арнайы заң қабылданбақ. Яғни, анайы сөзді айтқан адам 69 000 теңге айыппұл арқалап, 30 күн қамауға алынады. Сонымен 2 айдан соң күшіне енетін заң кімдерді тыяды? Қараша халықтың пікірі қандай?
Иә, балағат сөз айтпайтын адам кемде-кем. Ашу үстінде тұрған жан не айтып, не қойғанын білмей өз-өзін басқара алмай қалуы мүмкін. Сол тұста жаман сөзбен бір сыбап алып жатады. Бәлкім, содан кейін ашуы басылып, жеңілдеп қалатындай сезінетін шығар, кім білсін?! Соңғы уақытта әлем желіні шулатқан бұл жаңалықты бірі қолдаса, енді бірі «69000 аз ақша емес, жұрттың қалтасы мұндай шығынды көтермейді», – дейді.
Наурыздан бастап күшіне енетін заңның жаңа нормаларына сәйкес бейәдеп сөйлеген, нысан мен қоғамдық орындарды ластағандардың ісі ұсақ бұзақылық деп саналмақ. Ал өзге елдерде, соның ішінде Франция, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері мен Американың бірнеше штатында былапыт сөз айту әлдеқашан ұсақ бұзақылық деп саналған. АҚШ-та қоғамдық орындарда бағалат сөз айтқандар жауапқа тартылады. Қолданылатын жаза түрі әр штаттың ішкі ережесіне сәйкес әртүрлі. Мәселен, Виргинияда бұл жоғары деңгейлі заң бұзушылық саналады. Ол үшін айыппұл қарастырылған. Көлемі – 200 доллардан асады. Ал Вашингтонда аңдамай сөйлегендер 250 доллар айыппұл төлеуге міндетті. Мэриленд штатында бейәдеп сөз айтқандар тіпті сот алдында жауап беруі мүмкін. Парсы шығанағындағы елдерде де балағат сөз айтқандар үшін жаза қатаң. Біріккен Араб Әмірліктерінде ер адам хабарламада бейәдеп сөздер жазғаны үшін 70 мың доллар айыппұл төлеген. Мұнда қоғамдық орында не интернетте біреуге тіл тигізіп, қоқан-лоқы көрсеткендердің 2 жылға дейін сотталуы да ғажап емес. ­Австралияда да боқауыз сөз үшін айыппұл қарастырылған. Оның көлемі 600 долларға дейін жетеді. Бұдан бөлек елде «өзгені қорлайтын қылық» секілді заң бұзушылық бар. Оған мәселен нәсілшілдік жатады. Мұндай әрекетке барғандар 3 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бажайлап қарар болсақ, еліміз қалай болғанда да мәдениетті қоғам қалыптастыруға тырысып-ақ жатыр. Себебі күні бүгінге дейін қоршаған ортаны ластағандарға белгілі бір мөлшерде айыппұл салынып келсе, ал қоян жылынан бастап көпшілік ортада бейпіл сөз айтқандарға салынатын айыппұл көлемі 4 есеге ұлғаймақ.
Бейәдеп сөздің абырой әкелмейтіні бесенеден белгілі. Ол сіздің ой-санаңыздың қандай деңгейде екенін көрсететін барометр десек болады. Осыған байланысты қазақ белсенділері қарапайым жұртты емес, алдымен кино саласының мамандарын жауапқа тарту керектігін айтады. Оған әнші, продюсер Қанат Айтбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасындағы отандық фильмдерді сынаған жазбасы дәлел. Оның айтуынша, фильмдегі диалогтардың көпшілігі боқауыз. Сол себепті «Ең алдымен елді тәрбиелейтін телевизия мен киноиндустрия саласындағы тәртіп бұзған әртістерге қомақты айыппұл салып, қатаң жазалауды бастау керек», – деді Қ.Айтбаев.
Еліміз қашаннан жақсылықтан үміт етіп, «Жақсы сөз жарым ырыс» деп жақсы ойлап, жақсы сөз сөйлеген. Ендеше осынау өзгеріс мәдениетті қоғам қалыптастыруға бағытталған қадам болмақ деген сенім бар.


Сұлушаш МАДИЯРОВА
16 қаңтар 2023 ж. 397 0