БАЛА ТӘРБИЕСІ БАРШАҒА ОРТАҚ
Өткен жыл еліміз бойынша «Балалар жылы» деп бекітілді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деп айтты. Балалар – кемел келешектің бүгінгі кепілі екені анық. Ел ертеңінің тұтқасын ұстар бүгінгі бөбектеріміздің балалық шағы бақытты, денсаулықтарының мықты болуын және сапалы да саналы білім алуын қамтамасыз ету – басты міндет.
Қазіргі таңда баланы жастай жақсыға үйретіп, мектепке дайындауда балабақшалардың рөлі зор. Десе де ата-ана да бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмауы қажет. Екі жақты түсіністік пен бірігіп жұмыс жасаудың арқасында білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Қазіргі таңда баланы жастай жақсыға үйретіп, мектепке дайындауда балабақшалардың рөлі зор. Десе де ата-ана да бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмауы қажет. Екі жақты түсіністік пен бірігіп жұмыс жасаудың арқасында білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ тәрбиелей аламыз.
А.Сухомлинский ата-анамен жұмыс істеудің маңызына ерекше назар аударып: «Тек ата-аналармен бірге, жалпы күш жігерді біріктіру арқасында тәрбиешілер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», – дейді. Шиелі кентіндегі сексен баланы тәрбиелеп отырған «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасы да ата-аналарымен тығыз қарым қатынас жасаудың арқасында жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Мәселен әрбір топ өз жұмыстарының жоспарына сай тәрбие жұмысының бастауы ретінде ата-аналарды еңбек іс-әрекетіне араластырып, түрлі іс-шараларға белсене қатыстырып, қоян- қолтық жұмыс істеуде.
Жақында ғана балабақшада жаңа жыл мерекесіне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Әрбір баланың өзімен, отбасымен, достарымен, қоршаған ортамен байланысын, шығармашылығы мен мәдениетін дамыту мақсатында педагогтар іс шараны жан-жақты, қызықты өткізді. Ең бастысы мерекеге жиналған ата-аналар да көңілді кешке ерекше атсалысты. Балаларымен бірге ән айтып, би биледі. Түрлі ойындар ойнатылып, бүлдіршіндерді ерекше әсерге бөледі. Осы орайда балабақшаға үнемі қамқорлық танытып, балапандарының ыстық ұясына ілтипатын аямайтын Ғалымжан Маханбетов, Эльвира Мақсұт, Шынар Бижігітова, Балжан Мақұлбекова, Ерғазы Маманұлы секілді ата-аналарды ерекше атап өткен жөн.
Қазақ «Адамның бақыты – балада» дейді. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздейді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Ал адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол – бала тәрбиесі. Ал бала үшін өз үйінен кейінгі ең жылы орын – балабақша.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан да балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, ұлтжандылыққа, еңбекқорлыққа баулу үшін балабақша мен ата-ананың бірігіп еңбек етуі маңызды.
Шолпан ТӨЛЕГЕНОВА,
«Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі
«Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі