Барлық бала бақытқа лайық
«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Ол Қазақстан халқына арналған жаңажылдық құттықтауында: «Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген еді.
Сонымен қатар, президент өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беріп, жастарға зор үміт артатынын айтты. «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Сонымен қатар, президент өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беріп, жастарға зор үміт артатынын айтты. «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Былтырғы халық санағы бойынша еліміздегі жалпы халық саны 19 169 550 адам болса, оның 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар.
Кеше аудандық мәдениет үйінде Балалар жылының ашылу салтанаты өтті. Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінің кіре беріс фоесіне аудандағы өнерлі балдырғандардың тырнақалды туындыларының, шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Әсіресе көрмедегі балалар кітапханасының «Еркетай» қуыршақ театры ерекше көзге түседі. Сонымен қатар оқушылардың құрастырған роботтары мен күннен қуат алатын түрлі құралдарды да кездестіруге болады.
«Жұлдыздар, өнерлі ұл-қыздар» атты шараны аудан әкімі Нариман Мақұлбеков ашып, биылғы жылдың балалардың дамуы, өсіп, өркендеуі үшін сәтті жыл болуын тіледі.
– Айналайын, жас достар! Баршаңызды барыс жылы елімізде аталып өтілетін Балалар жылымен шын жүректен құттықтаймын! Данышпан Абай атамыз «Адамның бір қызығы бала» деген. Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласын жақсы азамат қылып өсіру болса, мемлекет пен қоғамның мақсаты – елге ие болатын білімді ұрпақ тәрбиелеу, – деді аудан басшысы.
Өткен жылы ауданда 2420 нәресте дүниеге келсе, мектепке дейінгі ұйымдарда 5604 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ал білім беру ұйымдарында 18 мыңнан аса оқушы білім алуда. Талабы мен таланты ұштасқан балаларға мәдениет бөлімі жанынан 134 үйірме жұмыс істеп тұр.
Бұл жолғы мерекелік кештің өзге шаралардан ерекшелігі сол, мәдениет бөлімінің өнерпаздары өз шәкірттерімен бірге сахнаға шығып ән айтты, би биледі, күмбірлеген күй шертіп, бірге өлең де оқыды. Кеш соңында аудан әкімі бүлдіршіндермен естелік суретке түсіп, тарқасты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жылды мереке түрінде атап өту ғана емес, барлық салада балаларды қорғау, сақтандыру, жанашыр болу мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы тиіс екенін нақтылады. Осы орайда тек мәдениет ғана емес, өзге де бөлімдер де Балалар жылына орай түрлі игі шаралардың басы-қасынан көрінсе деген ұсыныс бар біздерде. Ал мәдениет бөлімінен жыл бойы балаларға рухани азық болар тың дүниелер, шығармашылық жобалар күтеміз.
Гүлхан ЯХИЯ