Ат жүгіртіп, ит ерткен заман бөлек...
Қазір ауыл-үйдің арасынан, қала көшелерінен қаңғып жүрген иттерді көп көреміз. Олардың ішінде иесінің бейқамдығынан босап кеткен немесе өмірі қарғыбау көрмеген бұралқы иттер жетерлік. Негізі, әңгіменің арқауы бұл емес. Жыл сайын көшелерді бұралқы иттерден тазартып, ит ату науқаны жүреді. Бұған көзіміз үйреніп кетті. Мәселе – сол иттердің тұқымында. Қазір шетелдік иттерге қызығушылығымыз артқан. Ал ата-бабаларымыздан қалған қазақы тазылар мен төбеттер қайда?
Жоқ деп те айтуға болмас, бірақ тазының тұқымы азайып, ит төресі төбеттің орнын қанден басыпты. Ақшасы барлар немістің овчаркасы мен алабайын сатып алуды әдетке айналдырғалы қашан. Тақырыбымыздың өзегіне келетін болсақ, қазақы тазылардың қазіргі жайы қандай күйде?
Жоқ деп те айтуға болмас, бірақ тазының тұқымы азайып, ит төресі төбеттің орнын қанден басыпты. Ақшасы барлар немістің овчаркасы мен алабайын сатып алуды әдетке айналдырғалы қашан. Тақырыбымыздың өзегіне келетін болсақ, қазақы тазылардың қазіргі жайы қандай күйде?
Итті ұстаудың да қазаққа тән өзіндік тәртібі бар. Ылғи мал баққан бабаларымыз иттерді сол шаруашылығына қарай ыңғайлап ұстаған, үйреткен. Бір топ қасқырмен жалғыз өзі шайқасқа түсетін азулы төбеттеріміз бен қашқан төрт аяқтыны құтқармайтын тазыларымыз туралы хикаялар көп-ақ. Қазақ итті сәндік үшін емес, адал серігі етіп ұстаған.
Ал тазыға келетін болсақ, оның екі түрі бар. Жарғақ және шашақ. Оларды көп адам айыра бермеуі мүмкін. Жарғағының жүні тықыр болғандықтан жаурағыш келеді. Бірақ ұшқыр. Алдындағы аңды тез қуып жетеді. Шашақ тазы — суыққа төзімді, маусымында жүні қалыңдап шығатын ұзақ шабыстың иесі. Шашақ тазының тырнақтарының арасында қалың жүн өседі. Оны уақтылы қиып отырмаса, қыста мұз қатып жүргізбейді екен. Шашақ тазы ауыр және жеңіл түрі болып екіге бөлінеді. Ауыры үлкен аңдарға түссе, жеңілі ұсақ аңдарды аулайды. Бірақ шашақ тазы жарғақ тазыға қарағанда батыл, қандай аң болса да қайтпайды екен.
Қазіргі уақытта тазылардың құны мен орны мүлде жоқ демейміз әрине. Алайда, күнделікті күйбең тіршілікте аңшылық, саятшылық кәсіппен айналыспай жүргеніміз көңілімізді көншітпейді. Бұлай бола берсе, құмай тазымыздың сұлбасын архивтерден, музейлерден ғана көріп қаламыз ба деген уайымның бар екендігі де жасырын емес.
А.АСАНОВ