Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұралқы ит «Басынып» барады

Бұралқы ит «Басынып» барады

Қазақ бұрыннан иттің адалдығын қастер тұтқан.  Сол себепті, оны жеті қазынаның қатарына жатқызып,  итті жыл санауына кіргізген. Ол жайында ертегілер де жазған. Алайда, біз қастерлеген жануардың
жыртқыш қасиеті бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Оған дәлел, осыдан үш-төрт жылдан бері бұралқы иттердің мәселесі газет бетінен түспей келеді. Оған тиісінше, жауапты мамандар да өз жауаптарын беріп, бұралқы иттерді атып, көзін жойып отыратын. Бірақ, осы қаңғыған ит, мысықтарды аулау және жоюға қарсы жаңа Заң шыққалы олардың саны күрт артты.
Жеті қазынаның біріне жататын ит бүгінде шиеліліктер үшін серік
емес, секем туғызатын жағдайға жеткен.  Аудан тұрғындары да осыны айтып
ашынады. Қаңғыған жануарлар денсаулыққа ғана емес, сонымен қатар адам
өмір­іне де  қауіп төндіреді. Ауданның санитарлық жағдайына да залал
тигізетіні анық. Оның үстіне бұралқы иттердің ауру таратқыштарға
жататыны тағы бар.
Иә, шет жақты айтпағанда кенттің қақ ортасынан топтасып жүрген
қаңғыған иттерді жиі кезіктіретін болды. Тіпті күндіз-түні адам қарасы
үзілмейтін орталық алаңды бірнеше ит паналап алғанын қайтерсің. Ақсиған
тістеріне қарап бір жерімнен «арс» ете қалмас па екен деп үрейленіп
жүргенің. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Қанша жерден адамның досы десек те,
ит иттігін жасамай қоймайтынын естен шығармаған абзал.
Ғаламтордағы «Қызылордада бұралқы иттер қауіпті індет тарата
бастады» деген ақпарат тіптен елдің үрейін қашырды. Нақты айтқанда, жыл
басынан бері Сыр бойында иесіз ит пен мысықтардан жұқпалы тері
ауруының жұғу көрсеткіші артқан. Медицина тілінде «дерматомикоз» деп
аталатын аурудың бұл түрі үй жануарлары мен кеміргіштерден, науқас
адаммен байланыс орнат­қанда жұғады. Терінің бұзылуы мен тырнақтың
сынуы, бастың шаш орналас­қан бөлігінің тақырлануы дер­мат­омикоздың
алғаш­­қы­ белгілеріне жатады. Бұл кесел ересектерге де, балаларға да жұғады.
Қызылорда облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау
департаментінің мәлімдеуінше, қатерлі тері ауруына шалдығу фактілері
облыс­қа қарасты Жалағаш, Жаңақорған аудандары­ мен Қызылорда
қаласында байқалған. Соңғы бес ай көлемінде өңірде қатерлі паразитарлық
ауруға қатысты 126 дерек тіркеліпті.
Іргемізде өршіп жатқан індеттің бізге де қауіп төндірмесіне кім кепіл?
Оның үстіне жаз мезгілі – тері аурулары өршитін кезең. Мамандар жеке бас
тазалығын сақтап, қаңғыған иттер мен мысықтарға жақындамауға кеңес
береді. Десе де қаптаған қаңғыбас иттерден құтылмайынша дертті
ауыздықтау мүмкін емес секілді.
Тағыланған иттердің көбеюі тұрғындардың жауапсыздығынан да
болуы мүмкін. Адамдар иттерін далаға еркіне жібере салады. Олар қоқыс
жәшіктерінің маңын торуылдап, мекемелер мен тұрғын үйлердің
аулаларында түнейді. Біреу емес, бірінің артынан бірі еріп топтасып жүреді.
Осының салдарынан ата-аналар балаларын далада емін-еркін ойнауға
жіберуге қорқады. Мамандардың айтуынша, тұрғындар иттерін бетімен
жібермей, тіркеп, ветеринарлық емханада егу шараларын жүргізуі қажет.
Ауру иттің белгілерін де оңай аңғаруға болады. Сілекейі шұбырып, жүні
үрпиіп, көзі қызарған итіңіз болса дереу екпе салдыртыңыз. Сонау ежелгі
ойшылдар Аристотель мен Демокрит иттің құтыруын ауыр дертке балаған.
Ал, тарихта Әмір-Темірдің бұйрығымен Алтын Орданың болашақ ханы
Тоқтамыстың ит қапқан әйелі мен қызын арнайы өлтірген. Демек, бұл
құтырудың жұғу жолы өте жеңіл дегенге саяды.

Қаңғыған иттен қалай қорғануға болады?
Бұралқы иттердің қаппауына ешкім кепілдік бермейді. Көбіне олар өзі
жүретін шекарасын қорғау үшін адамға шабуыл жасайды. Ал, одан қалай
қорғануға болады? Қабаған ит жолықса, сабыр сақтау керек. Арсылдаған
иттен қашуға, айқайлауға да болмайды. Әрбір қимылыңыз баяу болсын. Итке
тіке қарамай, көзіңіздің қиығымен ғана әрекетін бақылаңыз. Шап бергенде,
аузына кез келген затты салып үлгеріңіз. Себебі, иттің азулы тісінен
сақтанған абзал.

Заңнан аттап кете алмаймыз
Жыл сайын жергілікті мәслихаттың шешімімен арнайы ереже бекітіліп,
соған сәйкес қаңғыбас ит-мысықты аулауға бюджеттен әжептеуір қаржы
қаралатын. Ал биыл бұл жұмыстарды қолға алып, бұралқы иттерді жоюмен
айналысатын аудандық ветеринариялық станция жоғарыдан нұсқаулықтың
болмауы себепті дәрменсіздік танытуда.
Себебі Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №97-VII
ҚРЗ «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы шықты. Бүгінде
аталмыш Заң күшіне еніп, қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру
тоқтатылды. Сонымен қатар, Заңда нормативтік-құқықтық актілер пакеті
иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу,
жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды қинап, дер кезінде көмек
көрсетпеу, мейірімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл
қойылды.  Сол себепті де ешқандай қаңғыбас ит пен мысықтың көзі
жойылмады.
Енді қайтпек керек? Ит-мысықтың құқығын қорғаймыз деп адам өмірін
қатерге тігіп қоямыз ба? Әлде қаңғыған жануарларды құрықтау үшін міндетті
түрде адамдар жапа шегуі керек пе? Бұған құзырлы органдар не дер екен?

Гүлхан ЯХИЯ
25 шілде 2022 ж. 830 0