БҰРАЛҚЫ ИТ БҰҚАРАҒА ҚАУІП ТӨНДІРМЕСІН
Бала күнімізде «Ауылға ит атқыштар келеді екен» деген хабарды естісе, жұрт бос жүрген төбеттерінен бастап, шәуілдек кәнденіне дейін көшеге шығармауға тырысатын. Мойнына көзін ашқалы қарғыбау салынып көрмеген момақан иттің өзін екі-үш күн аула ішінде байлап ұстайтын. Өйткені «ит атқыштар» көшеде бос жүрген ит, мысықты көре қалса, әй-шайға қарамай атып тастайтын. Ал бүгін көше кезіп жүрген ит көп. Иесіз иттен жәбір көрушілер де жетерлік. Мектепке баратын балаға да, жаяу жүргіншілер мен газет таратушыларға да зиянын тигізуде. Сондықтан иесіз ит, мысықпен күрес жүйелі жүргізілуі керек.
Ауданның әр бұрышынан бүгінде қаңғыған иттерді көп көріп жүрміз. Олардың арасында құтырма ауруымен ауыратындары да бар. Әлеуметтік желілерде аузынан ақ көбік ағып, балаға ұмтылған иттер туралы хабар көбейіп кетті. Қазіргі таңда көше жағалаған, қоқыс жәшігін паналаған қаңғыбас иттерге байланысты тұрғындардан түсетін шағым көп. Әріге бармай-ақ, теледидарды қосып, әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, көзіңіз анық жетеді.
Ауданның әр бұрышынан бүгінде қаңғыған иттерді көп көріп жүрміз. Олардың арасында құтырма ауруымен ауыратындары да бар. Әлеуметтік желілерде аузынан ақ көбік ағып, балаға ұмтылған иттер туралы хабар көбейіп кетті. Қазіргі таңда көше жағалаған, қоқыс жәшігін паналаған қаңғыбас иттерге байланысты тұрғындардан түсетін шағым көп. Әріге бармай-ақ, теледидарды қосып, әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, көзіңіз анық жетеді.
Жуырда ғана Қарағанды облысында 5 жасар баланы ит тістегені жөніндегі ақпарат тарағаны баршамызға мәлім. Ал Алматыдағы иттің салдарынан туындаған қауіпті жайт пен бала өлімі де елдің есінен кете қойған жоқ. Иә, мұндай жағдайлар дәл қазіргі уақытта көбеймесе азаймай тұр. Аудан ішінде де ит тістеп, жарақат алған қаншама жағдайлар орын алып жатыр. Бір қуантарлығы – бала өлімі жоқ.
– Төрт балам бар. Көшеде қаңғыған иттер толып жүр. Арасында құтырғаны да бар шығар, кім біледі?! Балаларымды сабаққа жіберіп аламын да, «көшедегі көп иттің бірі қауып алмас па екен?» деп жанымды шүберекке түйіп отырамын. Тіптен қорқатын болдық. Үйдің айналасында да, балалар ойын алаңында да қаңғыбас ит көп. Ағаш алып үркітсең, өзіңе қарап ырылдап, тістеуге ұмтылады. Адамнан қорықпайды. Былтыр бізден 4-5 үй әріде тұратын көршіміздің баласын ит қауып алды. Жауапты мекеме бұл мәселені қолға алу керек емес пе? Бір тістеген ит, ертең тағы тістейді. Ал ол ит құтырмамен ауырып, ауру тараса не болады?, – дейді кент тұрғыны Айнагүл Мұқанқызы.
Жалпы рас. Қаңғыбас иттер инфекциялық ауруларды тасымалдайды. Иттің иесі болса, ветеринарды шақыртып, тексертуі қажет. Ит асырамасын деген заң жоқ. Бірақ оны сатудың да, серуендетудің де тәртібі мен ережелері бар. Қыдыртқанда тұмылдырығы болуы шарт. Итті күндізгі уақытта бос жіберуге болмайды. Адамдардан алшақ болуы тиіс. Жылына бір рет құтырма ауруына қарсы дәрі егіліп, денсаулығы тексерілуі керек. Алайда осы айтылғандардың көбі жасалмайды. Тексерту, үй ауласында бос жібермеу былай тұрсын, иелері есігінің алдындағы төбеттің қайда жүргеніне мән бермейтін кездері де кездеседі.
– Расында, ит пен мысықтан келер қауіп жыл сайын көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе тұрғындар үшін қоқыс маңайында жүретін жабайы жануарлардың тигізер зияны аса жоғары. Биылғы жылы Шиелі ауданында 3 баланы ит тістеп, жарақат алды. Үшеуінде де ауыр жарақат жоқ. Ветеринария бөлімінің мамандары мұндай оқиғаларды болдырмас үшін жыл сайын тиісті шараларды атқарып келеді. Біз аудан тұрғындарына қабаған иттеріңізді үйде байлап ұстаңыздар дегіміз келеді, – деді ветеринария бөлімінің маманы Жандос Палжанов.
Биыл Қазақстанда қаңғыбас мысықтар мен иттерді аулауға және жоюға 1 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар құтырма ауруының алдын алу мақсатында 980 590 ит пен мысыққа екпе егілген дейді мамандар. Алайда бүгінде сол миллиардтаған қаражаттың қарасы көрінбейді? Мыңдаған бұралқы ит, мысықтың көзі жойылды деген жалаң цифр, санмен ғана сөйлейтін статистикаға сүйеніп, мәселені тек сонымен түйіндеудің жөні жоқ сияқты. Жабайы хайуандармен күресті заңмен мықтап шегелеп, нақты шарамен қолға алу керек. Себебі оның артында адамның өмірі мен денсаулығы тұр...
Итті қорғайтын заң бар. Ал адамды кім қорғайды? Әлде өкінішті жағдай тіркеліп, соған ғана шара көрілу қажет пе? Адам – мемлекеттің басты капиталы. Қалай болғанда да қаңғыған иттен келер қауіп сейілмей тұр. Адамдық тұрғысынан жануарларға жанашырлықпен қарап, оларды қорғау әлбетте дұрыс. Дегенмен көше кезіп қаңғыған ит ойнаған бала, көшеден өткен жаяу адамға тап беріп, жарақаттамасына кім кепіл?! Иесіз жүрген иттерге кім ие болмақ?
Сымбат СҰЛТАН