Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ТАРТОҒАЙ

ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ТАРТОҒАЙ

Шиелі ауданында Тартоғай деген таңғажайып мекен бар. Табиғатының сұлулығы мен ауасының тұнықтығы жергілікті халықтың туған жерге махаббатын еселей түскендей. Бұл ауылдың адамдары бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай – тату. Бүгінгі басылымда керегелі өлкенің бүгінгі бедерін баяндаймыз.
Иә, татулықты ту еткен Тартоғай ауылдық округі – Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында қоныс тепкен. Қоңыр қазақ қаумалап, атырабын қоңыроба саз кернеген бұл ауыл 1943 жылы құрылған. Қазірде 2185 тұрғыны, 442 түтіні бар. Аядай ғана ауылда 16 шаруа қожалық, 42 жеке кәсіпкер жұмыс істеуде.
Тартоғай тұрғындарының еңбекке деген ықыласы ерекше. Содан болса керек, ауылдың маңайы – абат, ырысы – қабат. Елді мекеннің көшелері де тап-тұйнақтай таза. Соңғы уақытта ауыл ішіндегі көгалдандыру жұмысына ерекше көңіл бөлініп келеді.
– Ауылдық округте көктемгі көркейту-көгалдандыруға байланысты 1200 түп ­саялы ағаштар мен көшеттер отырғызылды. Ауылдың кіре берісіндегі М.Ғабдуллин көшесі бойындағы ағаштар ақталып, тазалық жұмыстары істелді. Күзгі тазалық айлығында сенбіліктер ұйымдастырып, ауылдық округтегі барлық мекемелер өз аулаларын көркейту жұмыстарын жүргізді, – дейді ауыл әкімі Ақылбек Ахметов.
Тартоғай ауылы – тарихтың тереңінен елес беретін тұнық мекен. Халқы еңбек десе, ішкен асын жерге қояды. Оны сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар ата кәсіптен алшақтамаған. Яғни ауыл және мал шаруашылығымен айныласады. Тартоғайда 3372 мүйізді ірі қара, 873 жылқы бас­ құраса, 6920 уақ мал басқа жетіп отыр. Биыл жергілікті тұрғындар 105 гектар жерге егін еккен. Оның 30 гектары картоп, 30 гектары көкөніс, 45 гектары бақша, 95 гектары ескі жоңышқа болса, 10 гектар жерге жаңа жоңышқа егілген.
– Күзгі егін жинау науқанын шаруа қожалықтары өз күштерімен ­жауын шашынға қалмай жинап алып, табысты аяқтады. Сондай-ақ «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС Микробизнес-Қызылорда бағдарламасы бойынша тамшылатып суару әдісімен бау бақша өнімдерін егу үшін жеке кәсіпкер 12,2 млн теңгеге қаржыландырылды, – дейді ауыл әкімі.
Айта кетейік, Тартоғайда өрт сөндіру бекеті бар. 2016 жылдан бері өрт сөндiру бекеті Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе, 1 май, Жаназар батыр ауылдарына қызмет көрсетіп келеді. Өрт сөндіру бекетінде 1 бекет жетекшісі, 2 өрт сөндіруші, 1 жүргізуші жұмыс істейді. Айта кету керек, олар осы жылдың 10 айында 8 өрт оқиғасын ауыздықтаған.
Тартоғай ауылдық округінде 14 көше бар. Оның 11-іне асфальт төселген. Келер жылға 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Тиісті аумақта жол жүрісін ұйымдастыру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында К.Байсейітова мен Қ.Сәтбаев көшелерінің қиылысына, С.Ершоқаева мен Ғ.Мұратбаев көшелерінің қиылысына жол белгілерін орнатуға, сондай-ақ халық көп шоғырланатын №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицей, «Құлагер» бөбекжай-бақшасы, Тартоғай ауылдық мәдениет үйі орналасқан аумақтағы көше ­бойына және Тартоғай ауылдық округі, Кірпіш зауыт елді мекені Д.Ершоқаев көшесінің бойына жасанды бұдырлық салуға ықпал жасау жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хат жолданғанын жеткізді ауыл әкімі.
– Ауылдық округ бойынша ескірген электр желілерін, трансформаторларды жаңарту мәселесі Шиелі ауданы және Тартоғай ауылдық округі әкімдерінің 2022 жылдың III-тоқсанында халықпен кездесуінде проблемалық мәселе ретінде көтерілді. Мәселені шешу бағытында 2022 жылдың қазан айында 3 млн 600 мың теңге қаржатқа жаңадан трансформатор алынды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар кезең-кезеңімен шешілетін болады. Тартоғай ауылының бұрынғы клуб үйінің ауласынан ауыл азаматтарының демеушілігімен жаңа спорт алаңының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді.Қазіргі таңда ауылда 56 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның жұмыс жасап тұрғаны 49, яғни 87 процентті құрайды, – деді Ақылбек Ахметов.
Жасампаз ауылдағы мәдениет үйі 2019 жылы пайдалануға берілген. Клуб заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда жалпы 7 штат бірлікте жұмыс істейді. Бүгінгі таңда «Ән әлемі» ән үйірмесі, «Сымбат» би үйірмесі, «Сөз маржаны» көркемсөз үйірмесі, «Ару аналар» әжелер ансамблі үйірмелері жұмыс істеуде. Үйірме мүшелері халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып жүр. Қоса кеткен жөн, мәдениет қызметкерлері ұлттық және мемлекеттік мерекелер қарсаңында 31 мәдени көпшілік іс-шаралар өткізген. Ағымдағы жылы барлығы 22 млн 043 мың теңге бөлініп, 10 айдың қорытындысы бойынша 19 млн 894 мың теңге қаражат игеріліпті.
Елді мекендегі №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейде 431 бала білім алуда. Жалпы 72 мұғалім жұмыс істейді. Сонымен қатар 90 орындық «Құлагер» бөбекжай-бақшасы да бар. Онда 19 педагог, 24 техникалық қызметкер жұмыс істейді.

ТҮЙІН: Ел іргесі сөгілмей, мал өрістен жерінбей, ауылдағы ағайын ащы еңбектің тәтті жемісін көрсе екен. Лайым солай болғай! Ауылдың берекелі тірлігін, қымыз иісті жұпар желін әлі де сөз етуге болар еді. Алайда осы жерден түйіндеуге тура келіп тұр.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
11 желтоқсан 2022 ж. 373 0