Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар массажының маңызын білесіз бе?

Балалар массажының маңызын білесіз бе?

Әр ата-ана баласының денсаулығына бейжай қарамайтыны белгілі. Өмірге ұрпақ алып келген соң, оның денсаулығының мығым болып өсуіне тікелей ата-ана жауапты. Дегенмен бүгінде баланың мерзімінен бұрын дүниеге келуі, бір жасқа дейінгі балалар да бұлшықет тонусының бұзылуы, мойынның қисық бітуі, дисплазия, жамбас сүйектерінің қисық бітуі сынды сырқаттар көптеп кездеседі. Бұларды емдеу тәсілдерінің бірі – массаж. Қазақта «Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі» деген сөз бар. Ендеше, бүгін балалар массажының ерекшелігі туралы айтайық.
Ересек адамның көптеген аурулары бала кезінен келеді. Кішкентай ғана байқалмайтын ауытқулар уақыт өте келе ересек адамның өмір сүруіне кедергі келтіретін күрделі созылмалы мәселелерге айналады. Бұл әсіресе тірек-қимыл аппаратының дамуына қатысты. Балалық шақта қарапайым және қолжетімді профилактика сізді болашақта қымбат емдеуден құтқарады. Мұның бәрі, ең алдымен, балада аяқ пен омыртқаның дұрыс қалыптасуына қатысты.
Бәрімізге белгілі баланың денесі даму, өсу, үнемі өзгеру жағдайында болады. Олар үшін кез келген қоршаған ортадағы өзгеріс, мейлі ол өмір сүру жағдайлары, тамақтану, ойындар, дене шынықтыру, массаж, емдік шаралары болсын ересек, бұрыннан қалыптасқан адамның денесіне қарағанда әлдеқайда көп әсер етеді. Балалар массажы массаждың ең ерекше әрі нәзік түрі деуге болады. Өйткені ол баланың сауығуына немесе емделуіне ғана емес, сонымен қатар оның психофизикалық дамуының тезірек және үйлесімді болуына ықпал етеді. Оның үстіне массаждың әсері күштірек, бала кішірек болады.
Балалар массажы маманы ретінде бала массаж процедурасын алған соң, гимнастикалық жаттығулар жасағаны дұрыс дер едім. Дегенмен, баланы тым күрделі немесе ұзақ жаттығулармен шаршатпау керек, өйткені массаждың өзі денеге қандай да бір жүктеме болып табылады. Негізінен жаттығу барысында пассивті қозғалыстар, әртүрлі түзету позалары кеңінен қолданылады.
Балалар массажының маңызды ерекшелігі – әдістерді таңдауда сақтық керек. Классикалық массаждың барлық әдістері, нүктелік массаж элементтері және рефлексологияның басқа түрлерін қолдануға болады. Яғни, түрлі сипау, жұмсақ ысқылау, жұмсақ илеу, жеңіл перкуссия әдістері – мұның бәрі балаға ыңғайсыздық тудырмай, қажетті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бала – сізге берілген аманат. Оның денсаулығына мән беріңіз. Егер де қандай да бір ауытқушылық байқасаңыз, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Үміт Оспанова,
Шиелі педогогикалық-психологиялық түзету кабинетінің медбике-массажисті
05 желтоқсан 2022 ж. 693 0