Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырқатын жүрісінен аңғарады

Сырқатын жүрісінен аңғарады


Кез келген жаңа туылған бала 1 айдан соң дәрігерлік тексеруден өтуі тиіс. Кейбіріміз сол тексеруді елең қылмай 5-6 ай өткен соң барып дәрігерге қаратып жатамыз. Сол селқостықтың кесірінен дәрігерлер дүниеге келген сәбилерге көбіне «дисплазия» деген диагноз қойып жатады. Яғни, бұл туабітті жамбас ұршығының дамымауы немесе мүлдем болмауы осы сырқаттың синдромы.
«Балалардың жамбас дисплазия­сы» ұғымы балаңызда елеулі патология немесе ауру бар дегенді білдірмейді. Бірақ, уақытында емдемесе қандай дерттің болсын дендеп қоя беретіні анық. Сондықтан, аурудың ұшы шыға салысымен арнайы ем-домын жасаған абзал. Қазір біздің ауданымызда осы диагнозбен ауыратын балалар саны жетерлік. Тексерілуге келген 10 баланың 5-інде ұршықтың басы дамымай қалған дегенді құлағымыз шалып қалады. Себебі неде? Ертеректе дисплазия дегенді мүлдем естімеуші едік. Ардақты әжелеріміз он құрсақ көтеріп, бағып-қағып өсірді, баланың денсаулығында еш кінәрат болған жоқ. Ал қазір ше? Аурудың түрі көбейіп кетті. Дисплазия қандай ауру, оның жауабын дәрігер маманнан сұрап білгенді жөн көрдік. Осы мақсатта аудандық аурухананың балалар хирургі Нұржан Сарыбаевқа хабарласқан едік.
– Бұл ауру қалай пайда болады және оның басты себептерін айтып кетсеңіз.
– «Жамбас буынының дисплазиясы» – біздегі ортопедиялық науқастарда нәрестелік кезеңде бірінші орында тұрған сырқаттың бір түрі. Ұршықтың дұрыс жетілмеуі көбінесе қыз балалар мен шала туған нәрестелерде жиі кездеседі. Жалпы, ұршық бала жатырда жатқан кезден дами бас­тайды. Әр түрлі мультифакторлы ақаулардан жамбас ұршығының түзілуі кешігеді. Егер, ол уақтылы емделмеген кезде, ол ұршық орнынан тайып кетеді. Содан соң ұршықтың туа біткен шығуы пайда болады. Дисплазия прогрессивті түрде үдей берсе ұршықтың шығуына алып келеді, – дейді дәрігер. Негізінен бұл аурудың неден және қалай пайда болатыны медицинада толықтай анықталмаған. Бірақ, бұл ауру баланың жатырда жатқан кездегі жағдайы, инфекция түсуінен, жүктіліктің алғашқы кезеңдеріндегі токсикоздан, экологиялық жағдайлардың әсерінен болуы мүмкін деген болжамдар бар. Сондай-ақ, минералды заттар мен дәрумендердің жетіспеушілігінен де болып жатады.
– Дисплазия ауруының клиникалық белгілері қандай?
– Бала дүниеге келгеннен бастап-ақ, бұл аурудың белгілерін байқауға болады. Ең бірінші жамбастағы және сандағы қатпарлардың ассенометриясы, екіншіден, ауырған буын жақтағы аяқ ұзындығының салыстырмалы түрде қысқалығын байқауға болады, үшіншіден, аяқты айналдырғанда сан мен жамбас сүйегінің жалғасқан жерінен сытырдың естілуі, төртінші белгісі аурудың ең асқынған кезі, бір аяқ, екінші аяқтан қысқа болғандықтан, аяқты сілтіп басуынан байқауға болады.
– Балаларда дисплазия ауруы қай кезден басталады?
– Жаңа туылған балалардың 20 пайызы­ дисплазия ауруымен туылады. Көбінде ер балалардан гөрі қыздарда 3-4 есе көп болады. Және бұл ауру тұқым қуалауы да мүмкін.
– Дисплазия емделетін ауру ма, оны қалай емдеуге болады?
– Сәби туылғаннан бастап, дәрігердің қабылдауында болып, алдын алса емдеуге болады. Егер де бұл ауруды өте кеш білсе, емдеу қиынға түседі. Негізінен балада бұл ауруды байқаған кезден бастап, әсіресе, 88-95 пайыз 3-6 ай аралығындағы балаларға емдік курс жүргізсе, ауруынан толықтай айығып кету мүмкіншілігі бар. Туылған кезден бастап жамбастың шығуын емдеуде хирургиялық емдерді, яғни, ота жасау арқылы сүйектерді қалпына келтіруге де болады. Ота жасау барысында жамбастың шығуын ашық түрде қалпына келтіруге, жамбас сүйегін қайта қалпына түсіруге, жамбас сүйегінің ұршық басын орнына келтіруге, паллиативті оталар жасау арқылы емдеуге болады.
– Бұл ауруды емдейтін басқа да жолдар бар ма?
– Егер де жамбас сүйегінің ұршық басы буындарының шығуы дисплазиясы сәби туылған кезден болса, сәбидің екі аяғын кішкене бүгіп, 60-80 градусқа екі жаққа керіп, 20 см матамен орап тастайды. Бұдан кейін емдік жаттығулар мен массаждар жасалуы керек. Екі аяқты жамбас осы бойынша аяқты кішкене бүгіңкіреп, айналдырамыз. Баланың аяғын бүгіп, қайта жазып жаттығу жасату керек. Ал, бір айдан бір жасқа дейінгі балалардың дисплазия ауруында арнайы шиналар кигізіп емдейді. Бұдан кейін ауруы асқынбай, буындары қалыпқа келеді. Егер де бұл ауруды бір жастан кейін анықтаса, емнің барлық түрін тездетіп қабылдаған жөн. Бұл уақытта емді дұрыс қабылдамаса, баланың жүрісі, дені сау баланың жүрісінен ерекшеленеді. Бір жастан асып кеткен балалардың дисплазия ауруын емдеу үшін әр түрлі арнайы жаттығулар мен гимнастикалар, массаждар жасау керек.
– Көпшілік аналарға сіздің берген кеңестеріңіздің пайдасы болады деген үміттеміз.
– Ұршық басы дисплазиясы туралы білгеніміз – бұл дерт нәресте ананың жатырында жатқан кезінде сүйектері мен жіліктерінің дұрыс дамымауынан пайда болады. Бұған тұқым қуалаушылық, анасының жүкті кезінде түрлі аурумен сырқаттануы, сәбидің мөлшерден ірі болуы, экологиялық жағдай, дұрыс тамақтанбау сынды жағдайлардың орын алуы әсер етеді. Мұны дер кезінде емдемесе, бала аяғының кемістігіне, бір аяғының екіншісінен қысқа болуына әкеліп соғады. Және өсе келе баланың жүрісі өзгеруі ықтимал екенін айтады дәрігер мамандар. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» – дейді дана қазақ. Сондықтан, кез келген аурудың алдын алып, ауырмаудың жолын іздесек жөн болмақ.


Сұхбаттасқан
Айнұр НАЗАРОВА.
03 қараша 2018 ж. 5 854 0