Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕТІКШІНІ КІМ ЕЛЕЙДІ?

ЕТІКШІНІ КІМ ЕЛЕЙДІ?

Жаз көңілін салқындау күз алады демекші, күн дыз ете бастап еді, табиғат ана сары шекпенін дереу киініп алды. Аптап ыстық артқа қайтып, күз мезгілі де келіп жетті. Күз – өздінше әдемі мезгіл. Ол рас. Әйтсе де,соңғы күндері ауа райынан бөлектеу қоңыр салқын байқалып, кәдімгідей жаурап қалдық. Сандықтағы қалың киімдерімізді шығарып, тоң қатқан желге сақадай сай болуға кірісіп кеттік. Әне-міне дегенше күздік аяқ-киімдерімізді киетін күнге де жетіп қалдық. Соған қарағанда, биыл ерекше суық болады-ау шамасы. Биылғы күздің ызғарынан, былтырғы бір оқиға есіме түсіп отыр. Түсінікті болуы үшін, тарқатып айтып берейін...
Былтырғы жылдың Қаңтар айы. Таңертеңгісін ертерек оянып алыппын. сенбі-жексенбі демалыс күндері болғандықтан, түстік асқа дейін базар ішін аралап, азық-түлік алып қайтуды жөн көрдім. Киініп далаға шықсам, өңменнен өтердей ызғар-жел болып тұр. Кеше түнде әжептеуір қар жауса да, жердің беті лайланып, былжырап кеткен. Жол бойымен жүріп келе жатып, кенет етігімнің жыртыла бастағанын байқап қалдым. Жетіп алам дегенше шыдас берсе, мықтылап тіккізіп алуым қажет болды. Біздің өңірдің күн-райын түсініп болмайсың өзі. Құдайға астамшылық жасағаным емес. Алайда,құрғыр қыстың өзі қыс мезгілі сияқты емес. Қар жауса да, саз балшыққа айналып үлгереді. Жердің сіңірі шыққан сайын, аяқ- киім шақ келмейді. Сатып ала беруге қалтаңнан қаражат құрта беруге обал. Мұндайда, амалдың жоғынан етікшілердің көмегіне жүгінеміз. Сондықтан азық-түлік алмас бұрын, бірінші өшірт «угиымды» тіккізіп алуға жол тарттым.
Базар ішімен жүріп келемін. Қақаған қыс болса да, қайнаған сауда. Ал мен жеміс-жидек сататын саудагерлердің арасынан өтіп, етік тігетін шеберханаға бара жатырмын. Оң қапталымда ұзыннан-ұзақ орналасқан дүкендер, сол қапталымда кішігірім асханалар орналасқан. Қарсы алдымда терісінен орын тепкен аядай шеберхана. Шеберхана дейтін шеберхана емес. Құдды бір өз қолдарынан жасалған ләждауға болатын күрке іспеттес. Көк түске боялған, шағын әрі ескі аялдамаларға аумайды дерсің. Болмаса, бұрынырақ терезеден бас шығарып, «Әй балам, не аласың?» дейтін апалардың дүңгіршегі ме деп қаласың. Ал енді шеберхананың сыйқын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Елестету былай тұрсын, көзбен көрудің өзі бір мұң. Етікшілер отыратын орынға тізіле орналасқан ұсталар жайғасқан. Ызғарға қарамастан, отбасын асыраймын деп отырғандар бәрі. Жандарына жақындай бергеніме егде тартқан кісілердің «қызым кел етігіңді тігіп берейін» деген дауыстары естіле бастады. Ақырын барып, ағаштан жасалған ескілеу реңді үстел үстіне жайғаса кеттім. Сөйтіп, ұсқыны қашқан бәтеңкемді қолымдағы «пакеттен» шығарып, қаз-қатар отырған көкелердің біріне ұсына қойдым. Барлығы менің бәтеңкемді тігіуге жапа-тармағай таласып кетті. Өздерінің жүздері жылы, кез-келгенімен жылы сөйлесуге дайын тұр. Тіпті, алдына келген әрбір жанға қол жетімді баға ұсынуға бар. Енді қайтсін? Бәрі қу тіршіліктің қамы. Әкеммен қатар адамдардың тиын-тебен табамын деп отырғандары көңіліме медеу болғанымен, әлгіндегі жерде отырғандары жаныма батқаны рас. Қыс бастала салысымен, мұздай жерде отырып, ашық жерде жұмыс жасау оларға оңайға соқпасы анық. Оның үстіне сатырлап сынған суықтан көңілдің хошы да қашады. Аптап ыстықта да, қақаған суықта да олардың ашықтан ашық орындарда отыруы көңілге кірбің салады екен.
Базар ішінде жазда көлеңке, қыста ық болатын қолайлы орындар жетерлік. Заман дамып, білікті кәсіпкерлер көбейген сайын, халық ағыл-тегіл келетін базар іші күн сайын гүлденіп келе жатыр. Күнге қақталып, аязға үсіп, әртүрлі сауда-саттықпен айналысатын орындар бұрынғыға қарағанда айтарлықтай азайған деуге болады. Орталықтың айналасы «Торговый домдармен» толыққан. Келушілерге өз керегін жазда көлеңкеде, қыста жылы жерде сатып алуға жағдай жасалған. Жыл сайын гүлденіп келе жатқан ауданның көркін қарап, шын қуанасың. Бірақ, қарапайым тұрғындардың етігін тігіп, жыртығын жамауға жердемдесетін етікшілердің отырған орыны көңіл қуантпайды. Әрине, әркім өз алдына жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Ешкім де олардың кем-кетігін түгендеп беруге міндетті емес. Дегенмен де «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сіз бен біз болып қыстың көзі қырауда отырып етік тігетін жандарға көмектесе алсақ, ештеңеміз қисайып қалмас еді. Бәлки, қолы ашық, көмектесуге дайын кәсіпкерлер де бар шығар арамызда. Құдды қайыршылар секілді тіленіп немесе сұранып тұрған түгіміз жоқ. Тек бүгінгі мақалаға арқау болып отырған етікшілердің жәйі қалталы азаматтардың құлағына жетіп қалар деген ой ғана біздікі. «Көрген көзде жазық жоқ» демекші, көргенімізді қалам ұшына салмасақ болмас дедік...
04 желтоқсан 2022 ж. 186 0