Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕТІКШІНІ КІМ ЕЛЕЙДІ ?

ЕТІКШІНІ КІМ ЕЛЕЙДІ ?

Жаз көңілін – күз алады демекші, күн дыз ете бас­тап еді, табиғат ана сары шекпенін дереу киініп алды. Аптап ыстықты артқа тастап, күз де келіп жетті. Әйтсе де, соңғы күндері ауа райында салқындық байқалып, кәдімгідей жаурап қалдық. Сандықтағы қалың киімдерімізді шығарып, тоң қатқан желге сақадай сай болуға кірісіп кеттік. Әне-міне дегенше күздік аяқ-киімдерімізді киетін күнге де жетіп қалдық. Соған қарағанда, биыл ерекше суық болады-ау шамасы. Биылғы күздің ызғарынан, былтырғы бір оқиға есіме түсіп отыр. Түсінікті болуы үшін, тарқатып айтып берейін...
Екі мың жиырма бірдің қаңтар айы. Таңертең ертерек оянып алдым. Аптасына бір келетін демалысымды пайдалананып қалмақ ниетпен базарға барып азық-түлік алып қайтуды жөн көрдім. Сыртқа шықсам, өңменіңнен өтердей ызғар-жел болып тұр. Кеше түнде әжептеуір қар жауса да, жердің беті лайланып, былжырап кеткен. Жол бойымен жүріп келе жатып, кенет етігімнің жыртыла бастағанын байқап қалдым. Жетемін дегенше шыдас берсе, мықтылап тіккізіп алуым қажет болды. Біздің өңірдің күн-райын түсініп болмайсың өзі. Құдайға астамшылық жасағаным емес. Алайда, құрғыр қыстың өзі қыс мезгілі сияқты емес. Қар жауса да, саз-балшыққа айналып үлгереді. Жердің сіңірі шыққан сайын, аяқ киім шақ келмейді. Бір мезгілде екі аяқ киім алу да қалтаға салмақ. Мұндайда, амалдың жоғынан етікшілердің көмегіне жүгінеміз.
Базар ішімен жүріп келемін. Қақаған қыс болса да, қайнаған сауда. Ал, мен жеміс-жидек сататын саудагерлердің арасынан өтіп, етік тігетін шеберханаға бара жатырмын. Оң қапталымда ұзыннан-ұзақ орналасқан дүкендер, сол қапталымда кішігірім асханалар орналасқан. Қарсы алдымда терісінен орын тепкен аядай шеберхана. Шеберхана дейтін шеберхана емес. Құдды бір өз қолдарынан жасалған уақытша ықтауға болатын күрке іспеттес. Көк түске боялған, шағын әрі ескі аялдамаларға аумайды дерсің. Болмаса, бұрынырақ терезеден бас шығарып, «Әй, балам, не аласың?» дейтін апалардың дүңгіршегі ме деп қаласың. Ал, енді шеберхананың сыйқын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Көзбен көру түгілі, елестетудің өзі бір мұң. Тізіле орналасқан шеберлер желдің ығына қарай жайғасқан. Ызғарға қарамастан, отбасын асыраймын деп отырғандар бәрі. Жандарына жақындай бергенімде егде тартқан кісілердің «қызым, кел етігіңді тігіп берейін» деген дауыстары естіле бастады. Ақырын барып, ағаштан жасалған ескілеу реңді үстел үстіне жайғаса кеттім. Сөйтіп, ұсқыны қашқан бәтеңкемді қолымдағы «пакеттен» шығарып, қаз-қатар отырған тігіншілердің біріне ұсына қойдым. Барлығы менің бәтеңкемді тігіуге жапа-тармағай таласып кетті. Өздерінің жүздері жылы, кез-келгенімен жылы сөйлесуге дайын тұр. Тіпті, алдына келген әрбір жанға қол жетімді баға ұсынуға бар. Енді қайтсін? Бәрі қу тіршіліктің қамы. Әкеммен қатар адамдардың тиын-тебен табамын деп отырғандары көңіліме медеу болғанымен, әлгіндегі жерде отырғандары жаныма батқаны рас. Қыс бастала салысымен, мұздай жерде отырып, ашық жерде жұмыс жасау оларға оңайға соқпасы анық. Оның үстіне сықырлаған аяздан көңілдің хошы да қашады. Аптап ыстықта да, қақаған суықта да олардың ашықтан ашық орындарда отыруы көңілге кірбің салады екен.
Базар ішінде жазда көлеңке, қыста ық болатын қолайлы орындар жетерлік. Заман дамып, білікті кәсіпкерлер көбейген сайын, халық ағыл-тегіл келетін базар іші күн сайын гүлденіп келе жатыр. Күнге қақталып, аязға үсіп, әртүрлі сауда-саттықпен айналысатын орындар бұрынғыға қарағанда айтарлықтай азайған деуге болады. Орталықтың айналасы «Түрлі сауда үйлерімен» толыққан. Келушілерге өз керегін жазда, қыста жылы жерде сатып алуға жағдай жасаған. Жыл ­сайын гүлденіп келе жатқан ауданның көркін қарап, шын қуанасың. Бірақ, қарапайым тұрғындардың етігін тігіп, жыртығын жамауға жәрдемдесетін етікшілердің отырған орыны көңіл қуантпайды. Әрине, әркім өз алдына жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Ешкім де олардың кем-кетігін түгендеп беруге міндетті емес.

Сымбат СҰЛТАН
10 қыркүйек 2021 ж. 326 0