Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ыстық күн қауіпті ме?

Ыстық күн қауіпті ме?

Әні-міне дегенше жадырап жаз да келіп жетті. Жаз келді дегенше, аптап ыстық, шіліңгір шілде келді деген сөз. Яғни айнала жасыл желекке лезде боялып, күннің көзі жарқырай түседі. Шомылу, қыдыру, ойын, демалыс. Балаларға ұнайтын ең көңілді мезгіл де осы. Өйткені, кез келген бала жаздық демалысты асыға күтеді. Дегенмен еліміздің бірқатар өңірлерінде аптап ыстық басталып үлгерді. Тіпті шілденің шіліңгір ыстығынан кем болмай тұр. Бұл күндері тұрғындар ыстық, қапырықтан қалай қорғанып жүр? Аптап ыстықта жүру қаншалықты зиянды? Бұл жөнінде дәрігерлердің кеңесі қандай? Ыстық күн қауіпті ме? Бүгінгі мақаламызда осы сұрақтар төңірегінде толығырақ тарқататын боламыз.
Иә, жаз мезгілінің алғашқы күндерінде күн райы 40 градустан жоғары. Дәрігер мамандардың айтуы бойынша, күн көзінде көп жүрсеңіз немесе қапырық ауада қалып қойсаңыз, күн өтуі ықтимал. Бұл әсіресе, ыстыққа төзімсіз адамдарда жиі орын алады. Сәйкесінше күн өткізбейтін ашық түсті киімдерді киген жөн. Сондай-ақ дұрыс тамақтануға да көп көңіл бөлу керек. Өйткені, дәрігерлердің кеңесі бойынша мұндай ауа райында тамақтану өте маңызды. Әсіресе, жеміс-жидектер, көкөністер, сүт тағамдардарын тұтынған жөн. Керісінше ет тағамдарынан бас тарту керек екендігін айтады.
– Әлсіздік, бас айналу, естен танып қалу, құсу, дене қызуының көтерілуі, жүрек айну, бас ауыру, тері қабатының қызаруы – бұлардың барлығы күн өтудің белгілері. Бұл әсіресе, жас жеткіншектер мен жасы егде тартқан қарияларға, жүрегі ауыратын жандарға өте қауіпті. Сондықтан ұзақ уақыт күн астында қалып қоюдан сақтану керек. Көбірек су пайдаланып, ішімдіктен аулақ болған жөн. Тағы да айта кететін жайт, күн астында ұйықтап қалмау керек. Күн өткен жағдайда, дәрігерлердің көмегіне жүгінген жөн. Өйткені, оған дәрігердің кеңестері міндетті түрде қажет болады, – дейді Алғабас ауылдық амбулаториясының дәрігері Жібек Балтабаева.
Шынында, жылдың қай мезгілі болсын өзіндік ерекшеліктерімен таңқалдыратыны сөзсіз. Кемеңгер тұлға Абай Құнанбаевтың да ерекше толғаныспен жырлағаны табиғат болған жоқ па? Оның «Күз», «Қыс», «Көктем», «Желсіз түнде жарық ай» т.б. өлеңдерін оқығанда қаһарлы қысты да, жайдары жазды да, тұманды күзді де, көңілді көктемді де көзбен көріп тұрғандай күй кешесіз. Қыста суық болатыны секілді, жазды ыстық болу заңдылық. Десекте, «Бірінші байлық – денсаулық» демекші, дәрігер мамандардың кеңестеріне құлақ асуды ұмытпайық.

Фариза КЕНЖЕШОВА
09 маусым 2020 ж. 1 209 0