Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕКТІ КІМДЕР АЛАДЫ?

ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕКТІ КІМДЕР АЛАДЫ?


Күз мезгілінде тұмаудың үдеп, ауру-сырқаудың саны арта бастайтыны анық. Сәйкесінше қазіргі таңда емге шипа болған дәрі-дәрмек бағасы да арзан болып тұрған жоқ. Қала берді іздеген дәріңді кез келген дәріханадан табу да оңай емес. Осы тұста кейбір дәрі-дәрмектің алуға болатынын айта кеткен жөн. Ол үшін дәрігер арнайы рецепт беріп, аурухананың дәріханасына жол көрсетеді.
Жалпы денсаулық сақтау саласында қиындықтар әлі де кезігеді. «Биыл елімізде дәрі-дәрмектің бағасы шамамен 3 процентке өсіпті. Бұл көп емес» дейді зерттеушілер. Айтуларынша, былтыр дәрінің бағасы шамамен 10 процентке өсіпті.
Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 қаулысына сәйкес түрлі диагнозы бар 35 адамның тегін дәрі алу мүмкіндігі болған. Оның ішінде жүрек аурулары, қан қысымының ауруы, бронх демікпесі мен асқазан жарасы секілді ауруы бар адамдар. Бұйрыққа сәйкес дәрігерлер өз учаскесінде тіркеуде тұратын науқастарға қажетті дәріге тапсырыс беріп, СК-Фармация арқылы ауруханаға жеткізіледі.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге, оның ішінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың тізбесі бекітілген. Ол үш бөліктен тұрады. Біріншісі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар. Екіншісі, ересектерге арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар. Үшіншісі, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған амбулаториялық деңгейде МӘМС шеңберіндегі дәрілік заттар мен бұйымдар.
Әлем елдерінің тәжірибесінен алынған медициналық сақтандыру жүйесінің тағы бір тиімділігі осында. Егер сізге қойылған диагноз тізімде бар болса дәрігердің арнайы рецептісімен аурухана дәріханасынан дәріні тегін ала аласыз. Алайда дәріні жайдан-жай бере салмайды. Ең алдымен науқастың аймақтық дәрігері емдеу курсына байланысты льготтық рецепт береді. Рецептіге бас дәрігердің қолы мен арнайы мөрі қойылады. Одан кейін дәрі жеке емес, ауруханада орналасқан мемлекеттік дәріханадан беріледі. Дәріні алған емделуші қолтаңбасын қойып, телефон нөмірін қалдырады. Фармацевт науқастың рецептісін арнайы базаға енгізеді. Кейін тегін дәрі алушыға Call орталықтан қоңырау шалынып, дәріні алғаны туралы дерек сұралады. Сондай-ақ өздігімен ауруханаға келе алмайтын науқастарға тиісті дәрі-дәрмекті үйіне жеткізіп беру мүмкіндігі де қарастырылған.
«СК-Фармация» сайтының арнайы құрылған бөлімінде емделушілер бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы дәрі-дәрмекті сатып алу жағдайымен және дәрі-дәрмекті тегін рецепт ¬бойынша қалай алуы керегі туралы қажетті мәлімет таба алады. Сайтта емделушілер өздерінің аймағында қажетті дәрі-дәрмектің бар-жоғымен қоса, өзге де қажетті ақпараттарды алу үшін шұғыл байланыс телефоны орнатылған. Жалпы тегін дәрі-дәрмектің қолға тегін тигенін үнемі қадағалап отыру міндет. Мемлекеттен бөлінген қаржы халықтың тегін емделуіне бағытталған. Ал ел тұрғындарына Үкімет тарапынан берілген жеңілдік толығымен қадағалануы тиіс.

«Өскен өңір» ақпарат агенттігі
24 қараша 2022 ж. 314 0