Дәрі неге қымбат?
Күздің келуіне де санаулы күндер қалды. Бұл мезгілде тұмау үдеп, ескі сырқатың сырқырап сыр бере бастайды. Емханаға барасың, жалтақтап дәрігерге жағдайыңды айтасың. Ол отыра қалып қағазға дәрі-дәрмекті үйіп-төгіп жазып береді.
Жалпы денсаулық сақтау саласында қиындықтар әлі де кезігеді. «Биыл елімізде дәрі-дәрмектің бағасы шамамен 3 процентке өсіпті. Бұл көп емес» дейді зерттеушілер. Айтуларынша, былтыр дәрінің бағасы шамамен 10 процентке өсіпті. Баға неге тұрақталмайды? Оны кім бақылауы керек? Осы сыңайлы сауалдар әр бірімізді толғандыратыны рас.
Жалпы денсаулық сақтау саласында қиындықтар әлі де кезігеді. «Биыл елімізде дәрі-дәрмектің бағасы шамамен 3 процентке өсіпті. Бұл көп емес» дейді зерттеушілер. Айтуларынша, былтыр дәрінің бағасы шамамен 10 процентке өсіпті. Баға неге тұрақталмайды? Оны кім бақылауы керек? Осы сыңайлы сауалдар әр бірімізді толғандыратыны рас.
Жаның қиналып, дертіңе ем-дом іздеп барғанда тегін делінетін медициналық мекемелердегі қызметкерлердің ақиқат сөзіне иланбасқа шараң қалмайды. Кейбір мәселе бойынша пікір білдіре қалсаң, ақ желеңді жандар төрт құбыласы түгел ақылы орталықтарға баруды ұсынады. Ондағы баға екінің бірінің қалтасын көтере қоймайтындығы тағы бар. Сондайда салы суға кетіп, арзан дәрі мен халық емшілеріне жүгінетіндер жоқ емес. Қымбатшылықты желеу еткендердің айтатыны – баяғы нарық талабы. Сатуға қойған заттарын қымбат бағамен алатынын алға тартады.
Дәрінің қымбаттығы тәні ауырған жанның жүйкесін жұқартып жібереді. Бұл қалай деп айта алмайсың. Мәселен, дәрігер тізіп берген дәріні алу үшін дәріханаға 1000-2000 теңгемен бару арман. Кейде 20-30 мың теңгенің өзі қажетіңді толық өтей алмай жатады. Дәріхананың ішінде тиындарын санап тұрған қарт адамдар мен аз қамтылған отбасыларын жиі кездестіресің. 2015 жылмен салыстырғанда фармацевтикалық өнімдердің бағасы едеуір өскен. Сәйкесінше, зейнетақы мен айлыққа қосылған үстемені осылар әп-сәтте қағып түсері анық.
Тақырыпқа тұздық болсын, осы мәселеге қатысты тұрғындар пікірін білмек ниетте «Дәрі-дәрмектің бағасын қалтаңыз көтере ме?» деп сауалнама жүргізіп көрдік. Нәтижесінде «Күнделікті алып жүрген препараттарымыз жоқ дегенде 200-300 теңгеге қымбаттады», «Бала-шағамызға «киініп жүріңдер, салқын су ішпеңдер, ауырып қаласыңдар, қазір дәрі қымбат» деп айтатын болдық», «Бұл бағаның қайда өсіп бара жатқандығы миға қонымсыз» деген жауаптарды көрдік. Дәрі-дәрмектің бағасы басы ауырып, балтыры сыздаған әр адамды ойландыратыны анық. Бірақ ниет бар да, мүмкіндік бір басқа. Шындығы сол, шипа іздесеңіз, алдымен қалтаңыз қалың болуы шарт. Бұл – тұрғындардың айтар ойы.
Иә, шымбайға батса да, шындық осы. Соңғы қымбатшылық, тіпті шу асаудай жалына қол апартар емес. Өзіміз үлгі етіп жүрген, адам денсаулығын алға оздырған дамыған елдерде дәрі-дәрмек үнемі бақылауда тұрады. Медициналық ұйымдар 2022 жылға 1 610 дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қажеттілігін мәлімдеген. Бүгінде Қазақстанда 11 фармацевтика кәсіпорны жұмыс істейді. Басым көпшілігінің сапасы халықаралық стандартқа сай сертификатталған. Қазақстандықтарды кем дегенде 50 процент отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ғалымдарға басты міндет ретінде жүктелген. Қазақстан фармацевтері тек дженериктік емес, түпнұсқалық препараттар шығарады.
Ауданда қазіргі таңда филиалдарымен қосқанда жалпы 20-дан аса дәріхана бар. Індет те қайта бас көтеруде. Демек, дәрі-дәрмек іздеушілер қатары да арта түседі. Соған байланысты тұрғындарда емге дауа болған дәрілердің бағасы қайта шарықтай ма деген үрей жоқ емес. Бірі білсе, бірі білмес, қазір «Dari.kz» деген мобильдік қосымша бар. Осы қосымша арқылы кез келген тұрғын еліміздегі дәрі-дәрмектің шекті бағасын көруге болады.
Осы тұста тағы бір қызықты ақпармен бөлісе кетейін, былтыр елімізге 21,7 тонна дәрі-дәрмек кіргізіліпті. Импортты айтамыз. Оған біздің ел 1,1 миллиард АҚШ долларын санап берген көрінеді. Соның ішінде көршілес Ресейден – 7,6, Украинадан – 879, ал Беларусь елінен – 863,8 тонна дәрі-дәрмек алынған. Бұл аталған үш елде арнайы әскери операциямен байланғанын қаперге алсақ, алдағы уақытта Қазақстанда дәрі қайдан және қаншаға келеді деген сұрақ туындайды. Айтпақшы, ТМД елдерінен бөлек біздің елге дәрі-дәрмек Үндістаннан, Германия мен Қытайдан көптеп келеді.
«Бір жыл ішінде барлығы 189,9 млрд теңге үнемделді. Бұл ретте үнемделген бюджет қосымша сатып алуға бағытталады. Бұл пациенттердің көбін тегін дәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай нәтижеге сатып алуды орталықтандыру және барлық өңірден қажеттілік көлемін шоғырландыру ықпал етті. Медициналық ұйымдарда, Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында және жеткізушілерде әрдайым дәрі-дәрмектердің төмендетілмейтін қалдығының бекітілген деңгейі болады. Сатып алынатын дәрі-дәрмектердің жалпы санының 25%-не дейінгі көлемде төмендетілмейтін қорды қалыптастыру маңызды шара болды. Бұл өз кезегінде, дәрі-дәрмектерді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге, халықтың қажеттіліктеріне жедел әрекет етуге, жеткізілім циклін оңтайландыруға және есеп пен жоспарлаудың дәлдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді «СҚ-Фармация» Басқарма төрағасы Ерхат Искалиев.
Иә, қазір дәрі де, бәрі де қымбат. Отанымызда дәрі жасайтын 7000-ға таяу зат бар көрінеді, шөптердің түрі тіпті ұшан-теңіз. Өзімізде барды ұқсата алмай, өзгенің өніміне қып-қызыл ақша санап беріп, қымбатшылық қысымына түскеніміз кімді де болса ойландыруы керек. Басты құндылық – адам, одан тараған ұрпақ дейміз. Ендеше дәулетті елдің адамы қымбатшылықтың қыспағында қашанға дейін қалмақ? «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін кимесек болғаны.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ