Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегін дәрі-дәрмек: халық нені білуі тиіс?

Тегін дәрі-дәрмек: халық нені білуі тиіс?

Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек алуға мұқтаж жандар жетерлік. Өйткені, республика бойынша дәрі-дәрмектің бағасы көпшілік үшін айтарлықтай қолжетімді болмауы мүмкін. Әсіресе, созылмалы ауру диагнозы қойылған науқастарға қымбат бағадағы дәрілерді алу қиынға соғып жатады. Осы мақсатта мемлекет тарапынан халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жолға қойылып келеді. Ал сіз тегін дәрі алу туралы нені білуіңіз керек? Дәрі мен медициналық бұйымдарды қайдан ала аласыз? Дәл осы сұрақтарға бүгін мақаламызда жауап іздеп көрейік.

Елімізде тұрғындарды тегін және жеңілдігі бар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 2005 жылдан басталды. Жүйе денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асты. Қазіргі таңда 140 ауру тобы нозологияға кіріп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 715 атауға дейін кеңейтіліп жатыр.
Әр тұрғын қандай да бір ауруға тап болған жағдайда, бірден тіркелген клиникаға қаралады. Тиісті анализдер тапсырылып, диагноз расталған соң, қажеттілігіне қарай диспансерлік есепке тұрады. Сөйтіп емдеуші дәрігер дәрілік рецепттер жазып беріп, науқас тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектерді нұсқаулықта көрсетілген дәріханадан ала алады.
Бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Атап өтерлігі, МӘМС жүйесі негізінде тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімі 192 препаратқа артты. Бұдан былай 18 жасқа дейінгі балалар осы дәрілерді тегін алатын болады. Бұл қатарға жіті респираторлық вирусты инфекциясы (ЖРВИ) және тұмау, дене қызуын түсіру, аллергияны, т.б. сырқат түрлерін емдеу­­ге арналған дәрілер жатады. Дәріні алу үшін сырқаттанып қалған жасөспірім тіркеуде тұрған емхананың учаскелік дәрігеріне қаралуы керек. Дәрі-дәрмекті тегін беру – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №666 бұйрығында бекітілген ережеге сәйкес жүргізіледі. Ал созылмалы сырқат түрлері бойынша диспансерлік есепте тұрған ересектер бұрынғыдай дәрімен тегін қамтылады. Сонымен қатар жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыры, тыныс алу мүшелеріне қатысты ауруларға шалдыққандарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Өткен жылы тегін әрі-дәрмекті тарату бойынша жалпы бөлінген бюджет 100 миллиард теңгеден асса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 190 миллиард теңгеге жеткен.
Биылдан бастап МӘМС жүйесі аясында азаматтарға қан айналым жүйесі аурулары, ас қорыту жүйесінің аурулары, қан, қан айналым органдарының аурулары және иммундық жүйеге қатысты ақаулар, эндокриндік жүйе аурулары, тамақтанудың бұзылуы және зат алмасу процесіндегі өзгерістер, сүйек-бұлшық ет жүйесінің және дәнекер тін аурулары, жүйке жүйесі аурулары, мінез-құлық және психика жүйесіндегі ауытқулар, жұқпалы және паразиттік аурулардың кейбір түрлері, ісіктер, паллиативтік көмек, тыныс алу органдарында кездесетін аурулар, ағзалар мен тіндерді ауыстыру операциясынан кейін, несеп-жыныс жолдарында кездесетін ауруларға тегін дәрі беріледі. Сондай-ақ қант диабетімен ауыратын, қатерлі ісік, туберкулез, ВИЧ-инфекциясының кең таралған түрлерімен, созылмалы аурулармен ауыратын науқастар кейбір медициналық бұйымдарды тегін алады.
Жалпы тегін дәрі-дәрмектің қолға тегін тигенін үнемі қадағалап отыру міндет. Мемлекеттен бөлінген қаржы халықтың тегін емделуіне бағытталған. Ал ел тұрғындарына Үкімет тарапынан берілген жеңілдік толығымен қадағалануы тиіс.

Гүлхан ЯХИЯЕВА

11 наурыз 2020 ж. 777 0