Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттен тегін дәрілерді кімдер, қандай жағдайларда ала алады?

Мемлекеттен тегін дәрілерді кімдер, қандай жағдайларда ала алады?

Түрлі себептерге байланысты адам ағзасы әлсіреп, дертке шалдығатыны белгілі. Бірі – өткінші болса, бірі – созылмалы ауруларға жалғасып жатады. Сол себепті де созылмалы ауруларға шалдыққан жандар күнделікті қолданатын дәріні алуға қалтасы көтермей, тегін дәрі-дәрмекке мұқтаж болады. Осы мақсатта мемлекет тарапынан халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жолға қойылып келеді. Тегін дәріге мұқтаж жандар ауданда да баршылық. Ол жандар дәрі-дәрмекті қайдан және қалай ала алады?
Науқастанған жан тіркелген аймақтық дәрігеріне қаралады. Қажетті анализдер тапсырып, жанына батып, мазасын алған ауруының себебін анықтайды және диспансерлік есепке тіркеледі. Содан соң дәрігер шипа болатын қажетті дәрілерді жазып берген соң, созылмалы дертке шалдыққан науқас тегін берілетін дәрілік заттарға қол жеткізе алады. Дегенмен осы тұста тұрғындар денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі шеңберінде арнайы тізімдегі дәрі-дәрмектерді ғана тегін берілетіндігін ескергендері абзал.
Бүгінгі таңда тұрғындарды 49 нозология (ауру түрлері) бойынша, яғни аурудың себептері, шығуы, таралуы, дамуы, ағзаға әсеріне байланысты дәрі-дәрмектер тегін беріледі.
Тегін дәрілерді төмендегі аурулармен диспансерлік есепте тұратын емделушілер ала алады:
• Пневмония, тыныс демікпесі;
• Өкпенің созылмалы обструктивті ауыруы;
• Психикалық аурулар;
• Онкологиялық аурулар;
• Жүректің ишемиялық мен артериальдық қан қысымының көтерілу ауруы;
• Созылмалы жүрек ауруы;
• Жүрек клапаны протезделген аурулар;
• Ағза ауыстырылғаннан кейінгі жағдайлар;
• Асқазанда және ішекте ойық жарасы барлар;
• Крон және ойық жаралы колит ауруымен ауыратындар;
• В және С вирусты гепатиті;
• Қояншық ауруы.

Бес жасқа дейінгі балаларға мынадай ауруларда тегін дәрі берілуі тиіс:
• Жұтқыншақтың қабынуы, бронхит, тонзилит.
18 жасқа дейінгі балалар төмендегі ауру лармен тегін дәрімен қамтамасыз етіледі:
• Пневмония, темір тапшылығы анемиясы.
Бір жасқа дейінгі балалар рахит алдын алу мен ауруын емдеуге арналған дәрілермен, сондай-ақ төмендегі жағдайларда бала өмірінің алғашқы жылдарында оларға ана сүтін алмастырғыштар беріледі:
• Қан ауруларының ауыр түрлері;
• Онкологиялық қатерлі ісік аурулары;
• Психикалық аурулар (психоздар немесе бала туғаннан кейінгі ауыр депрессия);
• Бүйрек ауруларының ауыр түрлері;
• Туа бітті жүрек аурулары;
• Анасының іріңді-септикалық ауруларымен ауыруы;
• Эндокриндік аурулардың ауыр түрлері;
• Аллергиялық ауруардың ауыр түрлері;
• Сүт азаюының бастапқы формасы;
• ВИЧ/СПИД;
• Туберкулездің ашық түрі.
Немесе:
• Балалар асырап алғанда;
• Көпұрықтық жүктілік;
• Анасы оқу орнының күндізгі бөлімінің студенті болса;
• Анасы стационарлы бөлімде емдеуде болса;
Немесе егер балада:
• Сүт жетіспеушілігі расталса;
• Галактоземия;
• Фенилкетонурия;
• «Кленовый сироп» ауруы болса.
Дәрілік препараттар дәрігердің немесе арнайы маманның жазып берген рецептісімен босатылады. Оны жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін көрсету арқылы алуға болады. Дәрілік препараттармен қамтамасыз етуші бірыңғай дистрибьютордың 2019 жылға арналған тізімінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 1 117 атауы болса, оның ішінде 484 атау амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қарастырылған. Ауданда көп тарап келе жатқан аурулардың бірегейі С вирустық гепатитін емдеуге арналған «Софосбувир» препаратын, қант диабетімен сырқаттанатын ауруларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін бірыңғай дистрибьютордың 2019 жылға арналған тізіміне дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 48 атауы енгізілген. Яғни қант диабетімен сырқаттанатын пациенттерді емдеу үшін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың барлық атауы алынған. Негізінде жыл соңына дейін диспансерлік есепте тұратын 16542 науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл орайда өткен жылдан бас-тап, бүкіл тегін дәрі-дәрмекті сатып алу процесі орталықтандырылып, барлық дәрілер «СК-Фармация» компаниясы арқылы сатып алынып отыр. Қазіргі таңда дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар толығымен ай сайын кестеге сәйкес жеткізілуде. Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС-нен 23 қаңтар мен 13 тамыз аралығында 208 516 685,71 қаражат көлемінде амбулаториялық науқастарға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар дәріхана бөліміне кірістіріледі, яғни 18511 рецепт жазылды.
Қазіргі заманғы емдеу схемасына сәйкес, онкология нозологиясы бойынша дәрі-дәрмектің, осы ретте паллиативтік көмекке ауырсынуды басудан бөлек қосымша симптоматикалық дәрілік заттар церулин, лактулоза, бисакодил, фурасемид, омепразол, карбамазепин, амитриптилин дәрілік препараттары қосылды. Бірыңғай дистрибьютор диспансерлік емделушілерге тегін босату үшін аймақтарға қандай дәрі-дәрмектер жөнелтілгені туралы нақты ақпаратты қоңырау шалу арқылы алуға болатын шұғыл байланыс телефондары жарияланды (байланыс номері – 1439). Байланыс телефоны аймағыңыздағы медицина ұйымдарындағы дәріханаға дәрі-дәрмектің жеткізілуі және олардың рецепт бойынша босатылуының ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халыққа тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектің сатылымға шықпауын қадағалау үшін пациент тегін дәрі-дәрмекті алғанын SMS арқылы растайды.

Нұрлан Әмір,
«Шиелі ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ КМК бас дәрігері
24 тамыз 2019 ж. 938 0