Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ ҚАРЖЫҒА ТІС ЕМДЕТТІҢІЗ БЕ?

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ ҚАРЖЫҒА ТІС ЕМДЕТТІҢІЗ БЕ?


Былтыр ел тарихында алғаш рет «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы» қорындағы әр жасқа белгіленген «Жеткілікті шектен» асатын соманы баспана жағдайын жақсарту, инвестициялық компаниялардың басқаруына беру және ем-дом шараларына жұмсауға рұқсат етілгені белгілі. Мүмкіндікке ие болғандардың басым бөлігі артық ақшасын ипотекалық несиені өтеу, бастапқы жарна ретінде қолданумен қатар, стоматологиялық қызметтерге пайдалануды қалайтыны байқалды. Мұны өз пайдасына шешуді ойлаған кей тіс емханалары бірден қызмет көрсету ақысын өсірді. Тіпті біржолғы зейнетақы төлемі арқылы тісін қалыпқа келтіруге ниетті тұрғындар үшін бағаны өсіріп көрсететінге ұқсайды. Бұл қаншалықты рас?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану – жылдар бойы шотқа тірнектеп қаржы жинап, мұндағы сома «Жеткілікті шектен» асқан тұрғындар үшін тиімді тетік. Сол арқылы мыңдаған қазақстандық баспаналы болып, үй алу үшін ресімдеген қарызын өтеді. 1 сәуірден бастап әр жасқа белгіленген «Жеткілікті шек» көлемі бірден 2-3 млн теңгеге артпақ. Сондықтан көпшілік қордағы аз-маз қаражатын осы уақытқа дейін пайдалануға үлгеріп қалуды көздейді. Әйтпегенде, кейін шектегі соманы «қуып» жетуі екіталай.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова тіс емдеу үшін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу жөнінде пікір білдірді. Спикердің айтуынша, тіс емдеуге арналған құжаттар пакетінде клиникамен келісімшарт және төлем шоты бар.
– Көрсетілетін қызметтер ішінде ең қымбат процедура – имплантация да бар. Шын мәнінде, протездеуді, швейцариялық немесе израильдік импланттың болуын және 17-18 имплант болатынын ескерсек, 17 млн теңгеге берілген чек те шынайы бола алады. Біз тіс пен жаңа имплантаттардың санын тексере алмаймыз. Сондықтан тіс емдеуді өзі үшін маңызды деп санаған салымшыға сенім артамыз. Мен де бұл бастаманы қолдаймын. Өйткені тіс – асқазан-ішек жолына, көңіл-күйге, оның ішінде сыртқы пішінге әсер ететін өте маңызды фактор. Сондықтан адамдар төлем шотын алып келіп, бізге алғыс айтып жатыр. Біз де бәрі заңды жолмен жасалып жатқанын көріп отырмыз, – деді Ләззат Ибрагимова.

«Өскен өңір» ақпарат агенттігі

17 қараша 2022 ж. 152 0