АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ЭКОНОМИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ САЛАСЫ
Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында «Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жер құнары, су ресурстары мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақты шашырап жатыр» деп атап көрсетілген болатын.
Егіннің қыр-сырына қаныққан мамандардың сөзіне сүйеніп көрейікші. Егер диқан өсімдік қалдықтарымен, гумуспен, минералды, органикалық тыңайтқыштармен бірге топыраққа қажетті қоректі сіңіре алғанда ғана құнарлылық сақталады. Осы шаруа тап-тұйнақтай атқарылғанда мол өнімнен дәмеленуге болады.
Егіннің қыр-сырына қаныққан мамандардың сөзіне сүйеніп көрейікші. Егер диқан өсімдік қалдықтарымен, гумуспен, минералды, органикалық тыңайтқыштармен бірге топыраққа қажетті қоректі сіңіре алғанда ғана құнарлылық сақталады. Осы шаруа тап-тұйнақтай атқарылғанда мол өнімнен дәмеленуге болады.
Астықты өңірдің санатындағы ауданда ағымдағы жылы барлығы 30074, 4 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы егілді. Таратып айтқанда, күздік бидай 1649, жаздық бидай 456, тары 280, арпа 50, дән жүгері 110, соя 150, жаңа жоңышқа 3400, ескі жоңышқа 6147,8 мал жемдік асқабақ 137,6, жемдік жүгері 60, күнбағыс 15, картоп 1198,1, көкөніс 1769,05, бақша дақылдары 2408, мақсары 1494 гектар жерге егілсе, өңірдің басты брендіне айналған күріш 10 750 гектар жерге себілді. Бүгінде ауданның ауыл шаруашылық дақылдарын жинау жұмысы толығымен аяқталды. Егілген 10 750 га сыр маржаны толық орылып бітіп, оның 9670 гектары бастырылуда. Орта есеппен әр гектардан 55 центнер өнім жиналды.
Ғалымдардың пайымдауынша, көрсеткіштің төмендеуі жерге деген жанашырлықтың азаюынан. Бірқатар аудандарда тыңайтқышты пайдалану деңгейі төмен. Қазіргі уақытта жоғары өнімілікті қалыптастыру және топырақтың құнарлылығын сақтау үшін қолжетімді минералды тыңайтқыштарды пайдаланатыны белгілі. Соңғы уақытта әлемдегі ахуалға байланысты тыңайтқыштың бағасы қымбаттап кетті де жер емшегін емгендер дарқан табиғат еңбегімізді елер деген сыңайдағы үмітпен ғана жұмыс істеуде.
Оқырманға түсінікті болуы үшін бір дерек келтіре кетелік. Еліміз бойынша минералды тыңайтқыштарды қолдану көрсеткіші мынандай. Мәселен, бізде бір гектар егістікке берілген тыңайтқыш 5-6 келіден ғана келеді. Енді салыстырып көріңіз, іргедегі Ресейде бұл көрсеткіш 45 келіге, Еуропа елдерінде 130, АҚШ-та 170 келіге тең. Содан да болар олардағы егін шығымы таңғаларлық. Украина мен Канададағы гектар берекелілігі біздің диқандардың түсіне де енбейді.
Ауданда ауыл шаруашылығы ұйымдарының үлесі – 70 процент. Жалпы Шиеліде 30 ауыл шаруашылық өнімін өңдейтін объектілер жұмыс істейді. Олар: 16 күріш өңдеу бойынша, 1 ет өңдеу, 2 сүт өңдеу, 1 мақсары сығатын цех, 7 наубайхана, 2 мал сою пункті және 1 африкалық лақа балығын өсіру орны.
Шиеліде үй жағдайында африкалық лақа балығы өсіріледі. Аталған балықты өсіруші жеке кәсіпкер Мурад Халиев. Ол «Жаннұр» жеке кәсіпкерлігін Бәйтерек ауылдық округінде өткен жылы іске қосқан болатын. Жоба құны – 20 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда 2500 лақа балығын өсіріп отыр. Ал күріш ақтау диірмені «Тұрлыбаев Досжан» 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тәулігіне 60 тонна ақ күріш, 20 тонна құрама жем өндіреді. Аталған диірмен 2020 жылы Қырғызстанға 80 тонна ақ күріш эскпорттаса, өткен жылы 120 тонна ақ күріш экспорттаған.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ