Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕЖЕ ОРЫНДАЛДЫ

МЕЖЕ ОРЫНДАЛДЫ

Күз – береке мен ырыстың айы. Сонау көктемнен бастау алған ауқымды жұмыстың жемісін көретін мезет бұл. Осындай өлшеусіз еңбекпен қырманды қызыл астыққа толтырған егінжай ерлерінің сый-құрметке бөленіп, алғысқа кенелетін шағы. Биыл жылдағы дәстүр бойынша «Алтын күз – 2022» жәрмеңкесі жоғары деңгейде ұйымдастырылмақ. Осыған қатысты және ауыл шаруашылығы саласы бойынша Мұрат Әшірбеков брифинг берді.
Ағымдағы жылы ауданда барлығы 30074, 4 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы егілді. Таратып айтқанда, күздік бидай 1649, жаздық бидай 456, тары 280, арпа 50, дән жүгері 110, соя 150, жаңа жоңышқа 3400, ескі жоңышқа 6147,8 мал жемдік асқабақ 137,6, жемдік жүгері 60, күнбағыс 15, картоп 1198,1, көкөніс 1769,05, бақша дақылдары 2408, мақсары 1494 гектар жерге егілсе, өңірдің басты брендіне айналған күріш 10 750 гектар жерге себілді. Бүгінде ауданның ауыл шаруашылық дақылдарын жинау жұмысы толығымен аяқталды. Егілген 10 750 сыр маржаны толық орылып бітіп, оның 9670 гектары бастырылуда. Орта есеппен әр гектардан 55 центнер өнім жиналды.
– Байырғылар «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаса керек-ті. Сол айтқандай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген сала еңбеккерлерінің маңдай терінің арқасында меже орындалды. Айта кету керек, қазан айының 23-і күні сағат 08:00-де орталық стадионда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Жалпы жәрмеңкеде 78 тонна өнім болады деп жоспарлануда. Көлік саны шамамен – 24. Берекелі жәрмеңкеде сатылатын өнімдер нарық бағасынан 10-15 процентке төмен сатылатын болады, – дейі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков.
Баспасөз брифингінде ауыл шаруашылығына қатысты біраз сауалдар қойылып, тұщымды жауаптар алынды. Жер-Ана төсі өңірінен өнімін төгіп беріп, бір уақытқа ол да тыныстағысы, демалғысы келгендей. Бүгінде қосын басында гүрілдеген техника да, гүжілдеген адам дауысы да басылған. Ырзығын жинап алып, құрметке ие болатын дала еңбеккерлерінің күні де алыс емес. Олардың ойында бір ғана мақсат – қалың қысты қыр астына тас­тап, алдағы көктемді күш-жігермен бас­тау.

С.МАДИЯРОВА
10 қазан 2022 ж. 277 0